Бейсенбі, 5 Маусым 2025
Білгенге маржан 799 0 пікір 3 Маусым, 2025 сағат 15:39

Шоқанның соңғы жылы: Дерек пен долбар

Сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Ш. Уәлихановтың туғанына 190,
қайтыс болғанына 160 жыл толуына орай

Шоқан – әлемдік ғылымда сирек кездесетін ерек феномен. Оның бар болғаны 29 жыл 7 аймен ғана тұйықталатын отөрім ғұмырында түрік халықтарының тарихына, этнографиясына, әдеби-мәдени мұрасына     қатысты атқарып кеткен орасан зор еңбегі әркімді де таңдай қақтырады. Ұлы кемеңгердің ғылыми еңбектері айрықша жаңалығымен, өз заманынан оза туған біліктілігімен, үздік байламдарымен ерекшеленеді. Оның сол кезде дәйектеп кеткен кей тұжырымдарының өзі бүгінгі өркендеген ғылыми өре биігі деңгейімен таңғаларлықтай үйлесім тауып жатады. Шоқан –  қазақ ғылымының әлем алдындағы бетке тұтар абыройы, мәртебесі асқақ төлқұжатының бірі.

Алайда, ұлы тұлғалардың өмірін бей-берекет қаузап, дақпыртқа бой  беріп кететін кей алыпқашпа әңгімелер секілді, Шоқанның да қыршын тағдырына, атқарған еңбектеріне, өліміне қатысты ауық-ауық қауесет пен долбарға құрылған лепестердің айтылып қалатыны жасырын емес. Солардың қатарына Шоқан ғұмыры, әсіресе оның соңғы айларына, қайтыс болу себептеріне байланысты неше түрлі дабыра сөздерге жол беріліп жүргендігін өкінішпен айтуға тура келеді. Бірсыпыра жұрт Шоқанның бес томдық шығармаларында жинақталған қыруар деректерді, кейіннен табылған мұрағат мәліметтерін елемей, хабардар болмай, зерделемей-ақ, дәйексіз долбарларға бой ұратындай боп көрінеді. Содан ба екен: «Шоқанға у берген, атып кеткен, ол 1865 жылы туберкулезден көз жұмған жоқ, орыстың құпия қызме­ті­нің адамы болғандықтан, астыртын түрде одан кейін де өмір сүрген», – деген дақпырт әңгімелер оқтын-оқтын желпілдеп тұрады.

Тіптен: «Шоқанның туберкулезден қайтыс болғаны туралы уәж, ол өлгеннен кейін жиырма жылдан соң ғана айтыла бастады, Ресейдің құпия қызметі Шоқан­ға у беріп (немесе атып) өлтіргенін ақтау үшін осындай өтірікті әдейі ойлап тапқан», – деген қауесетті де естуге (оқуға) мәжбүр болып жүргенімізді қайтерсіз. Оны «ақиқат» ретінде төндіріп айту­шылар, Шоқан қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай-ақ  Санкт-Петер­бор­да шыққан «Орыс география­лық қоғамы­ның 1865 жылғы қорытынды есебінде» Ф. Р. Остен-Сакен және «Сибирский вестник» газетінде, Н. М. Ядринцев сынды ғалымдардың қазана­ма­лары жария­ланғанын, полковник А. К. Гейнстің 1865 жылғы күнделігінде оның туберку­лез­ден көз жұмғаны жа­йында жазылғанын, сірә, білмесе керек (Уәлиханов Ш. Шығармалар жинағы, 5 т. 1985: 275, 276, 272 б.).

Шын мәнінде, ғылыми деректер Шоқанның өкпе дерті – туберкулезден, қазақша айтқанда «өкпе құрты ауруынан» көз жұмғанын дәйектейді. Бұл ретте Шоқанның жан досы, құрдасы, әйгілі шығыстанушы ғалым Григорий Потаниннің естелігіне назар аударсақ та жеткілікті. Алаш көсемдері – Әлихан, Ахмет, Міржақып сияқты ұлы тұлғаларымыз: «қазақты  туғанындай жылы  көреді»,  «қазаққа Потаниннің  аты ардақты», – деп  аса жоғары бағалаған осы қадірлі ғалым, әйгілі саяхатшы  кадет  корпусында оқып жүрген кездің өзінде, Шоқанның бойында өкпе ауруының  нышандары  болғаны  жөнінде жазып  кеткен. «Шоқан  жаз  сайын   ауылына  барып, қымыз ішіп, оңалып  қайтып  жүрсе  де, кадет корпусын өкпе туберкулезі (чахотка) белгілерімен бітірді... Петербордың ауа райы оның онсыз да әлсіз денсаулығын төмендеткені сонша, дәрігерлер  оны емделмесең болмайды, деп туған  жеріне  қуғандай  етіп жіберді», – дейді ол (Сонда: 363; Валиханов Ч. Сочинения. – СПб., 1904. ХХҮІІІ б.). Шоқанмен  Петерборда, Омбыда тығыз  аралас-құралас  болған  ғалым  Н. Ядринцевтің де айтары  осындай. Шоқанды 1863 жылғы қыстыгүні Омбыда көрген кезінде: «Оның  денсаулығының   әлсіздігі,   өкпесінің  дертті (чахоточный) екені анық байқалатын. Соған  қарамастан  ол тағы  да  Петерборға  баруға  жиналып  жүрді», – деп науқасын нақтылап көрсетеді (Сонда:  ХХХҮІІІ б.; Уәлиханов Ш. 1984. 1 т. 98 б.).

Шоқанның 1864 жылдың соңы мен 1865 жылдың басындағы қыс мезгілінде генерал Г. А. Колпаковскийге жазған хаттарынан, оның бойын меңдеп, күннен-күнге асқына түскен өкпе дертінің өршу барысын байқау қиын емес. 1864 жылғы 2 желтоқсанда Колпаковскийге жазған хатының соңында ол: «Менің кеудем ауырып жүр. Істеген жақсылығыңыз болсын маған құстыратын бір майдәрі немесе кеудемдегі іріңді босататын (тек сүлік емес) және тер шығаратын бірдеңе беріп жібере алмас па екенсіз», — деп өтініп сұрайды (Уәлиханов Ш. Шығармалар жинағы, 5 т. 1985: 166 б.) Ал 1865 жылғы ақпанның 19-ы күні жазған хатында (Шоқанның әзірге бізге белгілі жазбаларының ішіндегі ең соңғысы) оның халінің нашарлай түскені тіптен анық байқалады. Ол соның алдында ғана Семей облысының әскери губернаторы қызметіне ауысқан Колпаковскийге: «Сіз кеткен кезде маған суық тиіп жүр еді: кеудем мен тамағым ауыратын. Тамағыма назар аудармай, кеудеме ем жасағам, енді кеудем жазылған сияқты болғанымен, жұтқыншағымның ауырғаны сонша, асты әзер жұтамын, дауысым тіптен шықпай қалды. Верныйға жетуге жолдың ауырлығы мен жайлы көліктің жоқтығы мүмкіндік бермегендіктен, мен өзімді, қазақтың құшнаш-емшісінің қолына тапсырдым. Оның не дәрі ішкізіп жатқанын бір құдайдың өзі білсін. Әйтеуір қол қусырып өлгеннен гөрі осы дұрыс», — деп ауыр науқасы жайынан хабардар етеді (Сонда: 174]).

Ғалым соңғы хатын қинала жазғанын байқау қиын емес. Зерттеушілер осы хатта Шоқанға тән әдеттегі жорға қолтаңбаның ізі әзер танылатынына қарап-ақ, туберкулез дертінің өрши түскенін бағамдауға болады, деп атап көрсетеді (Валиханов Э. // Сб. мат. Чокан Валиханов и современность, 1988: 316]. Ол кезде емі жоқ туберкулез дертінің талай адамды жалмағаны белгілі. Ұлы Абайдың дарынды қос баласы Әбдірахман мен Мағауия да осы құрт ауруынан көз жұмған еді  ғой (Жиреншин Ә. Алғы сөз. 44-45, 54 б. // Абай Құнанбаев. Шығармаларының бір томдық толық жинағы. 1961). Шоқан Колпаковскийге жазған соңғы хаттарындағы өкпесінің іріңдегені, жұтқыншағының  ауыратыны, тамақты  әзер  жұтатыны, дауысы  шықпай  қалуы – дәрігер мамандардың пікірінше, туберкулездің белгілері. Әдетте көктем шыға  өршитін  сол  құрт  ауруы  ақыры 1865  жылы 10 сәуірде Шоқанды да алып тынды...

***

Шоқанның 1864 жылдың маусым айының соңында полковник Черняев басқарған Әулиеата жорығынан Алматыға түңіліп оралып, шілденің басында Омбыға қарай шыққанымен, жолшыбай Ұлы жүздің албан руының аға сұлтаны Тезек Нұралиннің Алтынемел бекеті маңындағы ауылына жеткен кезде, науқасына байланысты аялдағаны, ақыр соңында сонда ұзағынан тұрақтап қалғаны белгілі. Осында ол Тезек төренің немере қарындасы Айсары арумен отау құрады.

Шоқан өмірінің соңғы кезеңіне қатысты ауық-ауық бой көрсетіп қалатын қауесеттер қатарына – оның ақырғы айларының осы Алтынемел төңірегінде қалай өткенін (тіпті 1865 жылдан кейін де ғұмыр кешу мүмкіндігін) сан-саққа жүгіртіп долбарлайтын алып-қашпа әңгімелерді жатқызуға болады. Бұл ретте мәселенің әу баста – оның туыс інісі поручик Сұлтанғазы (Ғази) Уәлиханов есімімен шатастырылудан туындағаны ғылыми ортаға біраздан белгілі. Сұлтанғазы – Шоқанның атасы Уәлі ханның бәйбішеден туған ұлы, әкесінен қалған хандық тақты бере қоймадың, деп орыс билігіне реніш артып, ақыры оның соңы саяси сенімсіздікке ұласып, Березовке (Қайыңтұраға) жер аударылған аға сұлтан Ғұбайдолланың немересі болатын. Ғази он бір жасқа толғанда, әкесі Болат төре 1853 жылы, дәл Шоқан оқу бітірген жазда, Омбы кадет корпусына әкеп түсірген екен. Ғази осы оқу орнын 1859 жылы корнет шенімен аяқтайды. Бұл Шоқанның Қашқардан енді оралған кезі. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Гасфорт кіші Уәлиханов та дәл немере ағасы сияқты алғыр, қазақ істері жөнінде жақсы көмекші болатын шығар деген оймен, Ғазиды өзіне адъютант етіп алғанды жөн көреді. Алайда Гасфорт 1861 жылы доғарысқа шығып кеткесін, жаңа губернатор Дюгамель Ғазиды сол жылдың қыркүйегінде Тобылда тұрған атты әскер полкіне қызметке ауыстырып жібереді. Айбынды Абылайдың шөбересі бұған іштей шамданып қалады. Тобылда төрт айдай қызмет істегесін, демалыс алып Петерборға жүріп кетеді де, Әскери министрдің құзырына шағынып кіреді. «Мені Омбы басшылығы жазықсыз шеттетіп отыр. Енді император ағзамға шын берілгенімді танытып, ұлы мәртебеліге жақын жерде қызмет етсем», деген Ғазидың өтініші қабылданып, ол алдымен ұлы кінәз Михаил Николайұлының қамқорлығындағы гусар полкіне, сосын Атамандық лейб-гвардия полкінің эскадрон командирлігіне жіберіледі. Сол жерден 1863 жылдың басында ол қызмет ететін полк Польшадағы ұлт-азаттық көтерілісті басуға аттандырылады. Алайда наурыз айының ортасында Алматы жақтағы әскер құрамына ауысуға өзі сұранып, Алатау округі мен Ұлы жүздің приставы генерал-майор Колпаковскийдің қарамағында қызмет ете бастайды. Содан полковник Черняев басқарған Әулиеата жорығына қатысады.

Сұлтанғазыға Әулиеата жорығында 215 адамнан тұратын қазақ милициясын басқару міндеті жүктеледі. 1864 жылдың маусымында Әулиеатадан арнайы батальон құрамында Шоқанмен бірге Алматыға қайта оралған ол (Уәлиханов Ш. Бес томдық шығармалар жинағы. ІҮ т. 433 б. –1968), Колпаковский қарамағындағы қызметін әрі қарай жалғастырады. Шамасы, Ғази Алтынемел маңындағы Тезек ауылына, Шоқан ағасы тұрған кезде соғып та тұрған сияқты. Сол келген сапарларының бірінде ол Айсарының сіңлісі Қарашашпен танысады. 1865 жылдың басында Колпаковский Семей облысының әскери губернаторы боп тағайындалған соң, Ғази (Сұлтанғазы) да келесі жылдың көктемінде Семейдегі 8-ші казак округінің штабына ауысады. 1867 жылдың жазында ол Қапал үйезі Алтынемел болысына арнайы демалыс алып келіп, Қарашашқа үйленеді. Сөйтіп, ол да Тезек төренің күйеу баласы атанады. Сол жылдың күзінде Колпаковскийдің септесуімен, денсаулығына байланысты деген себеппен, штабс-ротмистр шенінде отставкаға шығып, немере ағасы Шоқан сияқты аға сұлтан Тезектің ауылында тұрып қалады. Олардың тектерінің ғана емес, шендерінің де ұқсастығы (Шоқан 1864 жылдың 2 маусымына дейін штабс-ротмистр шенінде болып, одан соң бір саты жоғары ротмистр шенін алғанымен [Сонда: 434], ол жаңалықты көп замандастары біле қоймаған сыңайлы), әрі екеуінің де Тезектің күйеу баласы екендігі, кейіннен Шоқан ғұмырына қатысты бірқатар шатастыруларды туындатты.

Ресей билігі Қашқар аймағындағы Жетішәр, іргедегі Тараншы (Құлжа) сұлтандығы сияқты мұсылман хандықтарының ықпалына қазақтардың еріп кетпеуін қатты қадағалаған алпысыншы жылдардың соңында, Ғази Уәлиханов пен оның қайнағасы Тезек төренің де күдікке ұшыраған жайттары болыпты. Екеуіне Жетішәр билеушісі Жақыпбекпен байланыс орнатты, қарамағындағы елді Құлжаға көшіріп әкетуге үгіттеді, жергілікті халық   арасында шырық бұзатын зиянды әңгімелер таратты, деген айыптар тағылып, олар алты ай абақтыға да жабылады. Бірақ қылмыстарын дәлелдеу жағы қиынға түскен соң, Колпаковский (генерал 1867 жылдың жазынан қайтадан Алматыға оралып, жаңадан құрылған Түркістан генерал-губернаторлығы қарамағындағы Жетісу облысының әскери губернаторы боп тағайындалған-ды) екеуін қамаудан босатып, 1869 жылдың ақпанында Тезек төрені Қапал үйезі полициясының бақылауына, Ғазиды өзінің ағайын-туғандары мекендейтін Сібір қазақтары облысына мәжбүрлеп аттандырады. Ғази сол кеткеннен қызметін әрі қарай  жалғастырып, кейіннен Петерборға да ауысып, атты әскер полковнигі, генерал шеніне дейін өсіп, 1909 жылы дүниеден озады (Бейсенбайұлы Ж., Бес томдық шығармалар жинағы. 2 т. 2022: 688-689). Осы ретте Сұлтанғазы есімінің Шоқан тұлғасымен шатастырылғаны туралы Н.Ивлев (1969, 1985), Қ.Әбуев (2005), Ж.Бейсенбайұлы (2009, 2015, 2020), М.Сәтенова (2013), С.Дмитриев (2013), С.Үдербаевалардың (2023) зерттеу еңбектерінде әр тұрғыда сөз болғанын айта кеткен жөн.

Енді Сұлтанғазы Уәлиханов пен Тезек төреге  патша  үкіметі  тарапынан  сенімсіздік тудырған осы жайттың, бірқатар зерттеушілер тарапынан Шоқан атына да ауық-ауық телініп қалатыны неліктен, деген сауалға келейік. Біз оған әуелде себепкер болған бір кілтипан – Шоқанның  бес томдық шығармалар жинағының 1968 жылы шыққан төртінші томының 444-446 беттерінде жарияланған «Түркістан генерал-губернаторының әскери министрге хабарламасы» және «Бас штаб бастығының әскери министрге мәлімхаты» атты, алғашқысының жазылған уақыты 1865 жылдың 11 ақпаны, кейінгісі 1865 жылдың 7 сәуірі деп қате көрсетілген қос құжат дер едік. Алғашқы деректе Ресейдің Әскери министрі генерал-адьютант Милютиннің: «Батыс Сібір басшысы генерал-майор Хрущовқа Жетісу облысынан ауысқан штабс-ротмистр Уәлихановты бақылауда ұстау шараларын қабылдау қажеттігі ескертіліп, егер оның Сібірде болуы ыңғайсыздық тудырады деп пайымдалса, империяның қазақ даласынан жырақтау ішкі жағына ауыстыру жайын да ойластыруға болатыны» жөніндегі нұсқауы берілсе, екінші құжатта осы нұсқаудың орындалуын қадағалаған Бас штаб бастығы генерал-адьютант, граф Гейденнің бір жарым айдан кейін Әскери министрге: «штабс-ротмистр Уәлихановты өз қалауы бойынша, империяның ішкі жағындағы атты әскер полкіне ауыстыруға пәрмен берілгені» турасындағы мәлімхаты жарияланған.

Академиялық жинаққа кірген бұл құжаттарда жазылған жайттардың өз кезінде көп жұртты, тіпті шоқантануға бейіл берген біраз адамды иландырғаны сонша, олардың тарапынан да: «Осындай белсенді әрекетте жүрген адамды қалай дертті болды деп айта аласың, патша билігінің Шоқанды құртуға тырысқаны анық, яки әдейі қастандық жасалған немесе ол бұдан кейінгі жылдарда да құпия жағдайда ғұмыр кешкен», делінетін сан-саққа жүгірген дәйексіз долбарларға ден берілді.

Ал мәселенің анығына келсек, назарға алынып отырған бұл қос құжат 1865 жылы емес, одан төрт жыл кейін – 1869 жылға қатысты деректерге саяды. Шоқанның төртінші томы (1968 ж.) дайындалып жатқанда «1869» деген санның көне құжаттарда көмескі боп көрінген соңғы «9» таңбасы (шамасы техникалық себептерге байланысты) «5» санына байқалмай ауысып кеткен. Яки құжаттардағы «штабс-ротмистр Уәлиханов» деп жазылған адам – Шоқан емес, Ғази (Сұлтанғазы) Болатұлы Уәлиханов болатын (Сонда: 690-691).

Жылы қате көрсетіліп кеткен осы қос құжаттың 1865 жылға сәйкеспейтін тұстары мұнымен ғана шектелмейді. Мәселен, ондағы Түркістан генерал-губернаторы деген лауазымның өзін-ақ алалық. Құрамына Жетісу және Сырдария облыстары енетін бұл жаңа генерал-губернаторлық 1867 жылғы 11 шілдесі күні ғана құрылған.  Батыс Сібірдің генерал-губернаторы А. П. Хрущов туралы да солай. Ол бұл қызметке 1866 жылғы 28 қазанда тағайындалған. Сондай-ақ «штабс-ротмистр Уәлихановты Жетісудан басқа жаққа ауыстыру  туралы» әскери министр Д.А.Милютинге мәлімхат жазған Бас штаб бастығы генерал-адъютант, граф Ф. Л. Гейден де бұл қызметіне 1866 жылдың басында ғана тағайындалған болатын.

1867 жылдың қарашасынан штабс-ротмистр шенін алған Ғази Уәлиханов, осы құжаттарда айтылғандай, оның атына қатысты туындаған күдіктерге байланысты, арнайы пәрменмен 1869 жылғы шілде айының басында өзінің туыстары мекендейтін Ақмола облысына күштеп ауыстырылады.

Бір айта кетерлік нәрсе, Шоқанның 1968 жылы шыққан 4-ші томындағы бұл құжаттардың жылы қате көрсетілгендігі – өз кезінде көзі қарақты зерттеушілердің дәлелдеуі арқасында түзетілген де болатын. Сол себепті де Ш.Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағының 1984-1985 жылдарда жарық көрген екінші академиялық ба­сылымына (жауапты редакторы Ә. Марғұлан) Шоқанға қатысы жоқ бұл деректер енген жоқ. Алайда алғашқы бес томдыққа абайсызда кіріп кеткен осы қос қате дерекпен ғана танысу мүмкіндігін алған (яғни, оның кейіннен түзетіл­генін білмейтін) шоқантануға қызы­ғатын кей зерттеушілер әлі де оны Шо­қанға қатысты шын ақиқат ретінде қабылдап, кәдімгідей сеніп қап жүр. Жылы абайсызда қате берілген сол құжаттарға байланысты өрбіген алыпқашпа әңгімелер ауық-ауық белең беріп қалады. Шоқанға қатысты нағыз ақиқат осындай ­деген сыңайдағы пайымдаулар айтылады, отызға жетпей өкпе құрты ауруынан ­(туберкулезден) қыршын кеткен ұлы ғалымымыздың қазасына күмән келтіріледі. Ол туралы да қаншама ғылыми дәйектердің, естеліктердің бар екені есепке алына бермейді, оның өлімін сан-саққа жүгіртушілер әлі  де  ұшырасып қалады...

***

Шоқанға қатысты соңғы кезде байқалған жаңа қауесеттің  бірі – «одан ұрпақ қалыпты-мыс» деген долбардың шыға бастағаны дер едік. Оны қуаттаушылардың жорамалынша, Шоқан көз жұмғанда, Айсары «аяғы ауыр болған-мыс, содан аға сұлтан Шыңғыстың тапсырмасымен, Шоқанның інісі Жақып оны Сырымбетке алып келгеннен кейін босанып, Мәлік атты ұл туыпты-мыс», делінеді. Сол долбарға сүйенген Мәліктің тараған ұрпақтардың бірі, оның шөбересі боп келетін Дулат Мәліков дейтін азамат, кейінгі жылдары өздерін Шоқаннан тарадық, деген уәжге кәдімгідей иланып, көнекөздер айтыпты-мыс, жазып кетіпті-міс дейтін қолхат қағаздарды тапқанын алға тартып, оларды ақпарат құралдарында жариялауға көше бастапты. Оның айтуына қарағанда, бұл «шындық» біраз зерттеушілер тарапынан қолдау тауып отырған көрінеді. (Олардың арасында өзін «мықты шоқантанушымын» деп есептейтін тарих ғылымының докторы Жарас Ермекбай мырза да бар). Осы қолпаштауларға сүйенген Д. Мәліков мырзаның биылдан бастап өз жорамалын дәлелдемек ниетпен ғылыми конференцияларда баяндама жасауға кірісіп кеткенін де көз көрді.

Ал бұл мәселенің анығы қалай дегенге келсек, әуелі академик Ә.Марғұланның Шоқанның бес томдық шығармалар жинағына  (1961, 1984) жазған аса құнды кіріспе очеркіндегі дерекке көңіл аударар едік. Онда Алтынемел, Матай жоталарының күнгей баурайында айықпас өкпе құрты дертімен арпалысып, беті бері қараудан күдер үзген Шоқанның әкесіне: «Қажыдым, күшім бітті, қан-сөлім кетіп, құр сүйегім ғана қалды, кешікпей жарық дүниеден кетермін. Менің аяулы туыстарым мен достарыммен көрісуді тағдыр жазбай тұр. Бұл менің соңғы хатым. Қош болыңыздар, баршаңызды құшағыма алдым... Жетісуға келіп, бейшара Айсарыны елге алып қайтыңыздар, оны мархабатты қамқорлығыңыздан шет қалдырмаңыз» – деп хат жолдағаны айтылады. Ұлының ақырғы тілегін орындау үшін Шыңғыс сол 1865 жылдың жазында Көкшетаудан екінші ұлы Жақыпты бас етіп, Тезек төренің ауылына бір топ кісі жібертеді. Олар Алтынемелге жеткесін Шоқанның басына қыштан күмбез орнатуға араласады. Содан соң Жақыптың дімкәстанып қалуына байланысты, ол сонда бір айдай аялдауға мәжбүр болып, жазылған соң ғана Айсарыны төсек-орнымен ел жаққа алып қайтады.

Жақыптар Алтынемелде жүрген шақта, Қазақ даласы мен Түркістан өлкесін басқарудың жаңа жүйесін жобалау жөніндегі Дала комиссиясы мүшелерінің дуандарды аралап келе жатқан жолы аға сұлтан, полковник Тезек Нұралиннің күзеуде отырған ауылына түскен еді. (Бұл комиссия содан аз уақыт бұрын, тамыз айының алғашқы жартысында Шыңғыс сұлтанның ауылында болып, Шоқанның қазасына көңіл айтқан болатын). Оның құрамындағы Шоқанның байырғы таныстары – Бас штабтың ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунігі полковник  А. К. Гейнс пен сол комиссияға Орынбор облысы тарапынан қосылған, генерал-губернатор кеңсесінің бастығы полковник К. К. Гутковский, тілмаш қызметіндегі Ш.Ибрагимовтермен бірге жүрген топ, 1 қараша күні Айсарының отауына арнайы бас сұғып, Шоқанның мезгілсіз қазасына қатты қайғыратындарын білдіріп, шын қамығудан туған көңіл қоштарын айтады. Гейнс сол сапар барысында жүргізген күнделігінде Айсарының «реңі өте қайырымды екен», деп атап өтеді. Соған ілесе жалғасқан сөйлемдерден: «Шын мәнінде Уәлихановты жоғалтқанымыз аса өкінішті. Ол биікке өрлей бастағанда, қазақтың ақсүйектері оның себебін білімді болуынан деп санап, өз балаларын мектептер мен корпустарға бере бастады. Сібірдің «дана» басшылары оны халық қалағандай, Атбасар округінің аға сұлтаны етіп бекітпей қойғанда және оған қысым көрсетіле бастағанда, қазақтар өз балаларын корпустардан қайтып ала бастады. Сырымбетте, Шоқанның әкесінің ауылында мен қазақтардың арасынан үш кадетті көрдім. Шоқан тап болған өкпе ауруы мен шеккен қиындығынан қорқып, әке-шешесі оларды корпусқа жібермей қойған екен», деп жазылған, оның өміріне, науқасына қатысты құнды деректерге жолығамыз (Гейнс А. К. Собрание литературных трудов. Том 1. С. 265, 495-499. СПб.: 1897; Уәлиханов Ш. Шығармалар жинағы. 5 т. 1985: 262-263, 272-274 б.).

Күнделікте Жақыптың Айсарыны Сырымбетке алып қайтуына қатысты: «Қазақтың әмеңгерлік дәстүрі бойынша, Айсарыға қайнысы Жақып үйленуі керек. Жеңгесін алып қайтуға бір айдай бұрын келген Жақып осында науқастанып қалуына байланысты, өзінің жазылғанын күтіп жатыр екен», – дейтін дерек те бар. Бұл күнделікке ескі күнтізбемен есептегенде 1 қараша күні түскен сөйлемдер. Онда «Жақып жақын күндері жолға шыққалы отыр» деген сөз жоқ, «денсаулығы дұрысталғанын күтіп отыр», делінген. Яки, қайтар жолға шығар болса, қарашаның ортасына таман ғана (жаңа күнтізбемен қарашаның соңында) аттануы мүмкін.

Осы ретте жоғарыда тілге тиек болған Шоқанның Колпаковскийге жазған соңғы хатына қайырыла назар аударуға тура келеді. 1865 жылғы 19 ақпан күні жазылған ол хатта Шоқан өзінің «қатты науқастанып жатып қалғанын» хабардар етіп еді ғой. Ақыры ол содан оңалмай,  1 ай, 22 күннен кейін бақиға аттанды. Енді есептеп көрелік. Осы хат жазылған ақпан айының соңынан – Гейнс пен Гутковскийдің Айсарыға көңіл айтқан 1 қарашаға дейін арада 8 айдан астам уақыт өтіпті. Егер Айсарының аяғы ауыр болса, айы-күні жақындап, екіқабат екені анық байқалып тұратын уақыт қой. Алайда Гейнс күнделігінде Айсарының аяғы ауыр екені туралы бір ауыз сөз жоқ, ондай қалде болса, міндетті түрде атап көрсетілер еді.

1895 жылы атақты шығыстанушы Н. Потанин Көкшетау өңіріне ғылыми сапармен келген кезінде өзінің жан досы Шоқанның ауылына арнайы соғып біраз күн қонақ болады. Оның сол сапар туралы жазған «Соңғы қазақ ханзадасының киіз үйінде» атты тамаша мақаласы бар. Ол жайлауда отырған Шыңғыс сұлтанның ауылына жеткенде, Жақыппен кездесіп жақын араласады. Потанин Шыңғыс сұлтанның 85 жасқа келсе де әлі бақуатты екенін, 52 жыл бірге ғұмыр кешкен бәйбішесі Зейнептің жеті-сегіз жыл бұрын өмірден өткенін, үш жылдай бұрын төсек жаңғыртқанын жазады. Потанинді Шыңғыстың үлкен үйіне ертіп кіргенде, «Шыңғыс сұлтан төрге жайғасыпты, оң жағында бәйбішесі, оның қасында Шәукібай қыз шай құйып отырды», деп жазады (Сонда: 320 б.). (Шәукібай – Жақып пен Айсарыдан туған қыз, Шәукібай – еркелетуден туған есім. Шын аты – Рабиға).  Ауыл жайлаудан қайтып Сырымбеттегі ата қонысқа қарай беттеген кезде, Потанин Шыңғыстың анасы Айғаным ханша салдырған орданы арнайы барып көреді. Бұл үлкен үйде Шыңғыс сұлтан кенже ұлы Қоқыштың отбасымен, қосалқы (флигель) үйде үшінші ұлы Мақы, Жақыптың ажырасқан әйелі (яки Айсары) оның балаларымен (с его детьми) және молда тұрады, деп жазады (325 б.). Осы жерде Айсарының балаларының Жақыптан туғаны «с его детьми» деп ап-анық көрсетіліп тұр емес пе!?

Бұл орайда Шоқан ғұмыры мен шығармашылығының теңдесі жоқ бас білгірі, атақты академик Әлкей Марғұлан жазған даусыз айғақты да қосып айтуға тура келіп тұр. Әлекеңнің 1958 жылы Сырымбетке арнайы барып, көзі қарақты қариялармен әңгімелесу арқылы қағазға түсірген,  1982 жылғы 2 сәуір күні «Қазақ әдебиеті» газетінде «Шоқан туралы естеліктер» деген атпен жарияланған, кейіннен Әлекеңнің 14 томдық шығармалар жинағының 2011 жылы шыққан 10-шы томына «Шоқан туралы оның ұрпақтарының жарқын естелігі» (173-201 б.) атауымен енген күнделік-мақаласындағы құнды деректер Айсарының Шоқаннан екіқабат болуына қатысты долбарды біржола жоққа шығарады. (Өкінішке қарай, біздің орыс тілді шоқантанушыларымыз Ә. Марғұланның қазақ тілінде жазған қаншама іргелі еңбектерін, қазақша жазылған басқа да терең зерттеулерді, кітаптарды оқи алмайтындықтан, көп нәрседен кемшін, мақұрым қалып жүретіні шындық).

Сырымбетке ғылыми іссапармен арнайы келген Әлкейдей кемеңгер тұлғамызға көп дерек берген адамның бірі – сол кезде жасы тоқсанға таяп қалған Құлыш ақсақал (Жақыптың ұлы) екен. Ол кісінің айтуынша:  «Жақып Айсарыны алып келу үшін Жетісуға 25 адаммен бірге барған. Олардың ішінде Имантай Сәтбайұлы, Сәдуақас, Жолтабардың Мұқаны сияқты жігіттер болыпты. Айсарыны Алтынемелден елге қарай (қараша айының соңында. Ж. Б.) алып шыққанымен, қыс ауасында жылжу қиындық туғызғасын, жолшыбай Баянауылдағы нағашысы Шорман ауылында қыстап, жаз шыға ғана елге жетіпті... Айсары Жақыптан үш бала туған. Мариям, Мәлік, Рабиға... Жақыптың үш әйелі болған, үлкені Ману – Тұрлыбектің қызы, екіншісі Ғалия – керей Өсіптің қызы (Құлыштың анасы), үшіншісі – Айсары. Ол кісі ұзын бойлы, сұңғақ, сабырлы, салмақты адам екен. Бірақ Айсарының өмірі өзге әйелдеріндей асқақ емес, бағыныңқы болған. Шыңғыстың тірі күнінде Айсары оның аяулы қамқорлығына бөленген, одан кейін еншісі Шоқанның кенже інісі Қоқышпен (Нұрмұхаммед) бірге болыпты» (Марғұлан Ә. Шығармалары. Оныншы том. 192 б. 2011). Бұл деректен Айсарының Сырымбетке келесі жылы жазға қарай, Шоқан көз жұмғаннан бір жыл өткеннен кейін ғана жеткені нақтыланады. Мәлік ұрпағымын дейтін азамат тарапынан  айтылып жүрген: «елге аяғы ауыр болып келді» деген дақпырттың төркіні осы жайтқа орай туындауы кәдік. Яки Айсары Мәлікке жүкті болып келіпті-міс деген долбарды Шоқанмен байланыстырудың еш қисыны жоқ. Егер Айсары елге екіқабат күйінде келді, деген әңгіме рас болған күннің өзінде, оның ол перзентті Жақыптан көтергені шүбә тудырмайды...

Өз басымыз 1975 жылы Шоқанның 1856 жылы жазған «Ыстықкөл сапары күнделігі» ізімен қайталай жүріп өткен, 1985 жылы ұлы ғалымның Обаған алабындағы туған жерінде, ол өскен, әскери оқу оқыған, еңбек еткен, саяхаттармен барған, соңғы жылына куә болған мекендердің барлығында дерлік арнайы болып, зерттеулер жүргізген кездерімізде Шоқанның атамекені Сырымбетке де әлденеше рет жолымыз түсті. Көкшетауда өткен Шоқанға қатысты дәстүрлі конференцияларға бірнеше рет қатысу барысында да жиынның жұмыс жоспарына орай, ол ауылға арнайы соғып тұрдық. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында Сырымбетке барған алғашқы іссапарымызда, 1958 жылы академик Ә. Марғұланға көп құнды дерек айтқан Құлыш қарияның ұлы Қайролла ақсақалдың өзімен әңгімелескеніміз де бар. Ол кісіден біз де: «Шоқаннан ұрпақ қалды ма?» деп сұрағанымызда: «Қалған жоқ. Айсары әмеңгерлік салтымен Жақыпқа шыққаннан кейін, одан Мәриям, Мәлік, Рабиға атты перзенттер көрді», деп нақтылап айтқан болатын. Қайролла ақсақалдың ол жауабы біздің Шоқан туралы жазған үлкенді-кішілі кітаптарымызда жарияланып та жүр.

Ұлы Шоқанның күрделі тағдыры, қыршынынан қиылған ғұмыры, сірә да, түгесілмейтін тұңғиық тақырып. Ол туралы қанша ғылыми, әдеби шығармалар жазыл­са да аздық етпейді. Алайда олардың Шоқан өміріне, өліміне қатысты оқта-текте ұшырасып қалатын кей қауесеттерге бой алдырмай  құрыл­­ға­нын қалар едік.

Жарылқап Бейсенбайұлы,

жазушы, шоқантанушы, филология ғылымының кандидаты

Abai.kz

0 пікір