Сенбі, 7 Маусым 2025
Ақмылтық 1319 0 пікір 5 Маусым, 2025 сағат 14:53

Байқоңыр Ресейдің мақтанышы ма, қазақтікі ме?

Сурет: Kundyz.kz сайтынан алынды

Кеңес заманында қазақ жеріне салынған Байқоңыр ғарыш айлағының құрылғанына 2-маусым күні 70 жыл толды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сала ардагерлерін, ғарыш айлағы тұрғындарын қаланың мерейтойымен құттықтады. Бұл айтулы датаға қаланың ақыиесі бізден гөрі терістік көршіміздің басшысы ерекше назар аударды. Маусымның бірі күні Украин тарабы бір данасының бағасы қолымызда ұстап жүрген айфонның құнына да жетпейтін 114 дронмен Ресейдің бір данасының құны 100 миллион доллардан асатын 41 стратегиялық жойғыш ұшақтарын күл-талқан еткен еді.  Келесі күні Кремль қожайыны Путин елін дүрліктірген шабуыл жайында емес, кеңес заманын, держава кезін еске салатын Байқоңыр ғарыш айлағының құрылған күніне уақыт арнап, үндеу жолдады. Астары айтпасада түсінікті. Осы орайда есімізге Мәскеуде 20 жыл тұрған ВВС журналисінің "Путин -  өткенде, қиялындағы кеңес заманында өмір сүретін адам" деген сипаттамасы ойымызға оралды.

Ал қазақ үшін Байқоңыр десе, Олжас Сүлейменовтың "Адамға табын жер енді!" поэмасы еске түседі. Ардагер ақынның әйгілі туындысының жазылуына Ресей президенті мақтанышпен атап өткен «Байқоңырдан 1957 жылы Жердің алғашқы жасанды серігі Р-7 зымыранының ұшырылуы,1961 жылы 12 сәуірде Юрий Гагариннің табаны айға тиіп, ғарышқа ұшқан алғашқы адам атануы себеп болған еді. Онымен ғана тоқтап қалмай 1963 жылы алғашқы әйел ғарышкер Валентина Терешкова ғарышқа ұшты және 1971 жылы әлемдегі алғашқы «Салют-1» орбиталық станциясы ғарышқа шықты, 1988 жылы қайта пайдалануға болатын «Буран» кемесі ұшырылды. Кеңестік қаламгерлер мен бұрынғы-соңғы басшылар мұндай ғылыми жетістіктердің мақтауын асырғанымен зардабын бейнетқор қазақ халқы мен байтақ даласы тартты. Әлі де тартып келеді.

Кеңес одағы тарағаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Байқоңырды Ресейге жалға берді. Назарбаев дәуіріндегі ғарыш саласындағы жетістігіміз ретінде Тоқтар, Талғат, Айдын деген үш орыс тілді қазақтың ғарышқа ұшқанын айтуға болады. Түбі жоқ аспан кеңістігінде қаңғып жоғалған KAZ SAT1, KAZ SAT2 әлі күнге хабар жоқ. Бүгінгі күннің көзімен қарасақ қазақтың ғарышқа ұшуы ешқандай ғылыми нәтиже емес, Назарбаевтың қазақтың көңілін баурау, билігін ұзарту үшін жасаған сансыз саяси тактикасының бірі болғаны анық. Ой көзімен қарасақ ғарышқа кім ұшпай жатыр? Ит те, мысық та, маймыл да, тышқан да сан рет барып келді. Ғылыми сынақтан өтті. Қазақтікі не желік екені айтпаса да түсінікті.

Қорыта келгенде айтарымыз кеңес кезінде коммунистік биліктің құдыреттілігінің көрінісі болған Байқоңыр бүгінде сол келмеске кеткен қызыл империяны қайта құруды армандап жүрген Ресей басшысы үшін де жарнамаға жарап тұр. Байқоңырмен Ресей де, Қазақстан да мақтануға құқылы. Бірақ жер кіндігіне орналасқан Байқоңыр соңғы жылдары Ресей саясаткерлері жиі көтере бастаған аталмыш "ортақ тарихтың" нышанына айналып кетпесе екен, мақтанның арты өкінішке ұрындырмаса екен деген тілек бар көпте.

Аbai.kz 

0 пікір