Жексенбідегі ауыс-түйіс: Тоқаев жүйені жаңа кезеңге дайындап жатыр...

Президент Тоқаев бірден үш бірдей маңызды кадрлық өзгеріс жасады. Қорғаныс және Көлік министрін ауыстырып, жаңа уәзірін тағайындады.
Мұндай аса маңызды тағайындаудың демалыс күнінде жариялануы кездейсоқ емес деп пайымдайды Жаңа Қазақстан.
Бұл шешімнің стратегиялық сипатын әрі олардың шұғыл түрде қабылданғанын аңғартса керек.
Қорғаныс министрлігіне авиация генералы Дәурен Қосановтың келуі әскердегі қазіргі ахуалдың көңіл көншітпейтінін көрсетеді. Президент осы арқылы армиядағы ішкі тәуекелдерді азайтып, әскери топтардың ықпалын әлсіретіп, қорғаныс саласын қайта жүктеуді көздеуі мүмкін.
Бұрынғы министр тұсында орын алған әскердегі тәртіпсіздік мен әлімжеттік мәселесін ескерсек, шешімнің әбден пісіп-жетілгені байқалады.
Көлік министрінің қызметтен алынуы логистикадағы жүйелі ақаулар, теміржол саласындағы шешілмеген түйін мен цифрландырудың тиімді жүрмегенінің дәлелі. Сонымен қатар, бұл шешім көлік-логистика саласында жаңа бастамаға жол ашып, халықаралық әріптестердің көңіл-күйін тұрақтандыруға бағытталған болуы ықтимал.
Ал президенттің жаңа кеңесшісін тағайындау аппаратты күшейту әрекеті. Мұның артында алдағы уақытта жүзеге асырылатын ірі басқару реформасы мен сыртқы саясаттағы жаңа бастамалар жатуы мүмкін.
Жалпы алғанда, кешегі ауыс-түйіс кезекті рутиналық шара емес. Мұны президент Тоқаевтың билік вертикалін нығайтуға, тиімді әрі адал кадрларды алға шығаруға бағытталған әрекеті деп бағалау керек.
Мемлекет басшысы жүйені жаңа кезеңге дайындап, элитаға нақты белгі беріп отыр: тиімділік пен лоялдылық алдыңғы қатарға шығады.
Abai.kz