Жұма, 13 Маусым 2025
Жаңалықтар 259 0 пікір 11 Маусым, 2025 сағат 18:46

«Салтанат» би ансамблі гастрольдік сапармен Түркістан мен Шымкент қаласында өнер көрсетті

Суреттер: «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінен алынды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жоспарына сәйкес ҚР еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 70 жылдығына арналған «Би керуені» атты концерт Түркістан Мен Шымкент қаласында жоғары деңгейде өтті.

Кештің шымылдығы «Ел салтанаты» би қойылымымен ашылды. Балет артистері мың бұрала билеп, қазақ халқының және әлем халықтарының биін асқан шеберлікпен орындады.

Аталған шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, би ұжымын 70 жылдық мерейтойымен құттықтады. Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Мұрат Оспанов өз кезегінде бірқатар мамандарға алғыс хат табыстады. ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Түркістан қалалық әйелдер алқысының төрайымы, биші Ұлжан Мұстафаева да алыстан ат терлетіп келген би ұжымына ізгі лебізін арнады. Ансамбль директоры Елубай Кенжалиев келген көрерменге алғысын білдірді.

Кешіміздің қонағы  “ҚР Мәдениет қайраткері”, “Құрмет” орденінің иегері, әнші Өмірқұл Айниязов «Түркістан», «Қазақстан-Атамекенім» әндерін шырқады.

Биыл «Салтанат» мемлекеттік би ансамбліне 70 жыл. Осы айтулы мерейтойға орай алғаш рет «Би керуені» атты жоба еліміздегі ең көне әрі тарихи, мәдени тұрғыдан аса маңызды орын алатын киелі Түркістан қаласынан бастау алды.  Көрермендер ерекше әсерге бөленіп, өнер ұжымына құрмет-қошемет көрсетті.

Ансамбльдің балет артистері гастрольдік сапар кезінде Түркістан қаласының  тұрғындарымен әлемге әйгілі әнші, ҚР халық әртісі Димаш Құдайбергеннің ақын Сәкен Сейфуллиннің сөзіне жазылған, жуырда ғана бейнебаяны жарыққа шыққан «Тау ішінде» әніне флешмоб түсірді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады.  Ансамбль өскелең ұрпаққа ғажайып өнер арқылы эстетикалық тәрбие беріп, жастардың ұлттық патриоттық сана сезімін қалыптастыру жолында аянбай өнер көрсетіп келеді.

Айта кетейік, «Би керуені» жобасы аясында Түркістан мен Шымкент қалаларында шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, өңірдегі би ұжымдарына тәжірибелі мамандар би өнерінің қыр-сырымен бөлісті. Түркістан қаласынан 200, Шымкент қаласынан 100-ден аса хореограф шеберлік сағатына қатысты. Әр қатысушыға тегін сертификат табысталды. Бұл жоба күзде Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстан өңірінде жалғасын табады.

Abai.kz

0 пікір