Биліктегі 25 жыл: Путиннің соғыстары...

Ресейдің «бас келіссөзшісі», тарихшы Владимир Мединский соңғы айларда көпіріп көп сөйлеп жүр. Сондай бір әңгіменің арасында абайсызда өзінің бастығы – президент Путинге сөз келтіріп, «диктаторға» теңеп сөйледі...
Сөзбе-сөз аударма:
«Билікте мәңгілік (немесе ұзақ уақыт) қалу үшін – адамға тұрақты жау керек. Тұрақты соғыс керек. Сенің жеке өзіңе және отбасыңа еш қаупі жоқ соғыс керек. Отбасың түгел шекара сыртында. Олардың Британ төлқұжаттары бар және олардың жағдайлары жақсы.
Ал сен ендігі соғыссыз жағдайды бақылауда ұстай алмайсың. Мен өте сақ сөйлеуге тырысайын: Ондайлар маған белгілі бір деңгейде Латын Америкасының диктаторларын есіме түсіреді. Олар да билікке келген алғашқыда жақсы болған. Көп дүниені уәде еткен. Бірақ, олар бірте-бірте диктаторларға айналып кетеді», - дейді Мединский.
Әлбетте, Мединский бұл сөзді президент Зеленскийге бағыттап сөйлемек болды ғой. Бірақ, онысы Зеленскийден гөрі Путинді дәл сипаттайды.
Қараңыз:
ЗЕЛЕНСКИЙ
Зеленский 47 жаста. Президенттке 2019 жылдың мамырында кірісті. Биыл алтыншы жыл. 2022 жылдың ақпанында Ресей соғыс бастады. Содан бері жаумен соғысып келеді. Әлемнің әр түкіпірінен қолдаушылар, серіктестер іздеп, басқыншыларға табандап қарсы тұруда. Жау әскері ел астанасына аяқ басқан кезде де жеке қауіпсіздігін ойлап, елден қашпады. Киевте тіресіп тұрды. Өзінен бірнеше есе үлкен елмен, бірнеше есе қуатты армиямен күресуде.
ПУТИН
Ал Путин ше? Путин 72-де. Билікті 2000 жылы тізгіндеді. Биыл тұп-тура 25 жыл. Ортада (2008) «премьрезидент» дейтін лауазымды иеленіп, Медведев досын қуаршақ президент етті. Ал билік өз қолында болды. Кейін қайтадан президенттікті өз қолына алып, содан бері Кремльге кісі жолатпады.
ПУТИННІҢ СОҒЫСТАРЫ
Оппоненттерін қудалау, қамау, улау, қарсыластарының көзін жою секілді шу-шұрақай әңгімелерді сөз етпегеннің өзінде, Путиннің кезінде қанша соғыс болды? Солардың бірсыпырасын санамалап көрелік: Путиннің өз билігі тұсында ең кемі 5 әскери интервенцияға қатысы бар немесе бұйрық берген. Олар: Шешенстан, Грузия, Сирия мен Ураина (2 рет).
1999 ЖЫЛ. ШЕШЕНСТАН
Путиннің бірінші соғысы саналады. Сол жылдың тамызында Шәміл Басаевтың жігіттері Дағыстанда бас көтергенде, Путин премьерлікті өз қолына алып, Ресей едел-жедел Шешенстанға басқыншылық соғысты бастады. Шешен астанасы Грозныйды оккупациялап, 10 жыл бойы еркіндік үшін күресіп келе жатқан Ичкерия Шешен республикасын тәуелсіздік алу мүмкіндігінен айырды, федералдық бодан етті (2000 жыл).
Ресей әскері 2009 жылға дейін Шешенстаннан кеткен жоқ. 2007 жылы Шешен тізгіні Рамзан Қадыровқа табысталды. Ол күні-бүгінге дейін Путиннің айтақтағы абалағы болып келеді.
2008 ЖЫЛ. ПУТИН ГРУЗИЯ
Ол кезде Грузия тізгіні әйдік Михаил Саакашвилидің қолында еді. Бұл соғысқа себеп болған факт – Грузияның 1990 жылы біржақты бүлік шығарып, «тәуелсіздік» жариялап алған Оңтүстік Осетия дейтін бүлікші аймақты қайтаруға тырысуы болды. Ресей танктерін іске қосып, десаншыларын төкті. Тблиси маңындағы әуе базасын шабуылдады. Ресей ұзын-ырғасы Оңтүстік Осетия мен Абхазияға 40 мың сарбазын аттандырды. Қазір бұл бүлікші аймақтарға Ресей әскери контингентін орналастырып,әскери база жасақтап отыр.
2014 ЖЫЛ. РЕСЕЙ УКРАИНАҒА БІРІНШІ ШАБУЫЛЫН ЖАСАДЫ
Нысандар – Қырым, Донецкі мен Луганскі болды. 2014 жылы Ресей Қырымды аннекциялады. Сол жылдары Донецкі мен Луганскі бүлікшілері де Ресейдің көлеңкесін паналап, псевдореферендум өткізді. Содан бері Ресей Украинаға шабуылын тоқтатқан жоқ.
2015 ЖЫЛ. СИРИЯДАҒЫ ӘСКЕРИ ИНТЕРВЕНЦИЯ БАСТАЛДЫ
Сирияішілік қақтығысқа Ресей әскери раласып, Башар Асад режимін жақтады.
2020 ЖЫЛҒЫ ӘЗІРБАЙЖАН-АРМЕНИЯ СОҒЫСЫ
Бұл соғыс пост-кеңестік кеңістіктің басты әскери-саяси оқиғаларының бірі болды. 2020 жылға дейін Путин әскері Қарабақта қарауыл еді.
2022 ЖЫЛ. РЕСЕЙ УКРАИНАҒА БАСҚЫНШЫЛЫҚ СОҒЫСЫН БАСТАДЫ
Бұл соғыстың қалай басталғаны, қалай жалғасып жатқаны бөлек тақырып.
Айтағымыз: Осы фактілерге қарасаңыз, жаңағы Мединскийдің мәңкілі кімді меңзейтінін өзіңіз-ақ ұғынасыз...
Abai.kz