Абайдың тәлім-тәрбиеге деген көзқарасы

Бала тәрбиесі – маңызды мәселе. Сондықтан оған ерекше көңіл бөлмейтін халық болмайды. Қазақ халқының құндылықтары ішінде де бала тәрбиесі айшықты орын алады. «Тәрбие тал бесіктен» дейтіні әуелгі тәрбиеге ата-ана жауапты. Балаға ненің жақсы, ненің жаман екенін айыруды ғасырлар бойы ұят болады, обал болады, сауап болады деп үйреткен. Ес-ақылы кіргенде «Ешкімге пайдаң тимесе де, зияның тимесін, ол да өзіңдей адам», «Мал, мәнсап байлық емес, шын байлық – қанағат, рақым» деп тәрбиелеген. «Кекшіл болмай, көпшіл бол» деп мейірімділікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге баулыған.
Тәрбиенің маңыздылығын әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз алған білім – адамзаттың қас жауы» деуімен ұқтырса, алаш арысы Міржақып Дулатов былай деп жазады: «Оқудағы мақсат – жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру». Ыбырай Алтынсариннің айтқаны: «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық!». Олай болса, жақсы тәрбиенің негізі неде және оны қалай беру керек? Тәрбие мен білімнің үйлесімді болуы шарты қайсы? деген сауалдар туындайды. Оның жауабын Абай тәлімдерінен табамыз.
Алланы тану мен дүниені танудың байланысы
Абайдың білуінше, адамгершілік тәрбие негізі – Алланы және өзін тануға тірелмек. Имандылық тәрбие деген осы. Баланың рухани жағынан дамуы, Құдай бар қылып жаратқан адами қасиеттерін жетілдіруі алдымен жақсы ата-анаға, онан соң, жақсы құрбыға (бүгінгі лексикада әлеуметтік орта), онан соң, жақсы ұстазға байланысты дейді Абай. Қай тараптан демеңіз, әйтеуір, рухани ілімді бала «үйренсе, білсе ғана үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала» дейді. Егерде бала өзін тану мен Алла хикметін сезуден мақұрым қалатын болса, онда не болмақ? Бұл жағдайда «ешбір бәһра болмайды», ерте ме, кеш пе, «ол қиянатшылыққа салынады», сондықтан «ең болмаса шала білсін, үйренсін» деп ой қорытады данышпан. Міне, Абайдың осы айтқан ұлағаты ұлттық педагогика іргетасына қалануға сұранып тұрған сияқты. Сусыз балық, топырақсыз ағаш болмайтыны сияқты, Алласыз адам жүрегі де болмайды.
Балаға Алла тағаланы танытудың амалы қайсы? Ол оны ой ойлауға үйретуге саяды. Алланы түгел білмекке мүмкін емес. Бірақ адам баласына Оны сыртқы дүние арқылы танып-білуге мүмкіндік берілген. «Ақыл көзімен қара, – дейді Абай, – күн қыздырып, теңізден бұлт шығарады екен, ол бұлттардан жаңбыр жауып, жер жүзіне неше түрлі дәндерді өсіріп, жемістерді өндіріп, ...бұлақтар ағызып, өзен болып, өзендер ағып дария болып, хайуандарға, құсқа, малға сусын, балықтарға орын болып жатыр екен».
Қазақ халқы да Құдай тағаланы осы тәсілменен танытқан. Оған «Құдай ғана мінсіз», «Құдайсыз қурай да сынбайды», «Құдайдан қорықпағаннан – қорық», «Құдай деген құр қалмайды» дейтін нақылдары дәлел. Адам мен Алланың қарым-қатынасын айтқан «Құдайға сенген құстай ұшады, адамға сенген мұрттай ұшады», «Иттің егесі болса, бөрінің Тәңірісі болады», «Ниет адамнан, несібе Алладан», сұмпайы, ашкөз, залымды көрсе «Құдайдан безген» дейтіні өз алдына бір төбе.
Сөйтіп, Алланы тану мен дүниені тану тығыз байланысты. Дүниенің күллі құбылыстары, сондай-ақ, оларды зерттеп-зерделейтін барлық сыртқы ғылымдар Жаратқан Иені танытудың құралы болып табылады.
Абай Құдайды танымаған пақырды «жарым адам» дейді. Оның кеудесі соқыр, сол себептен «аты адам болуы» қиынға соғады. «Бес дұшпанды білмес» сорлы надан, «Көрсеқызар жалмауыз», «Қулықты көргіш, Сұмдықты білгіш», оған қоса, «малға дос», яғни дүниеқоңыз, сараң да – жарым адамнан шығады. 1897 жылғы «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» өлеңінде Абай иманды болудың маңызын былайша ұқтырған:
Адам ғапыл дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі Онікі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Сонда ойла, болады не сенікі?
Иә, адам фәнидің қонағы ғана – бұл дүниеге жалаңаш келді, солай кетеді. Өлім бар, ахирет бар. Ажалдан құтылу жоқ. Сондықтан Абай көп өлеңдерінде жұрттың көңіл көзін ашып, ғапыл қалма, өлеріңді біліп өмір сүру деп үндейді.
Шырақтар, ынталарың «менікінде»,
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Әділеттік, арлылық, махаббатпен –
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде, - деп ағалық өсиет-кеңесін айтады. Жүрегіңе құлақ сал, тәнді жанға билет дегенді тәрбие өзегі етеді.
Жүректің көзі ашылса...
Есті немесе жақсы адам деп тәрбиелі адамды айтады. Тәрбинің кілті – дүниеге бас көзімен емес, ақыл көзімен қарауды үйрену. Жоғарыда айтылғандай, Алла тағаланы ақыл көзімен де, сыртқы дүние арқылы да тануға болады. Ал, адамның өзін-өзі тануы тек ішкі әлемі, жан сарайы арқылы ғана іске асады. Адамның өзін тануға керегі – өзін «мен – жанмын» деп білуі. Жетінші қара сөзінде Абай баланың «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деп әрнеге ұмтылуы – жан құмары демей ме. Міне, кімде кім осы айтылған жан құмарымен өмір сүрсе, сол өзін таныған адам болып табылады.
Өзіңді тануға бір дегеннен жету жоқ. «Алла бар, жан – мен өзім» деген мидағы ақпараттың жүрекке жетуі ұзақ жол. Ғұламалар: «Ең үлкен қашықтық ми мен жүректің арасы» деп осыны, хақиқатты бойға сіңіруді айтқан. «Сен асықты екен деп, Алла әмірін өзгертпес» дегендей, бұл – Алланың әмірі.
Жасың ұлғайған сайын ақыл-ес жинап, біртіндеп толысып, жүрегіңе құлақ асуды үйрене аласың! Өзіңді тану шарты осы.
Өзін таныған жанға сыртқы құлшылық екінші мәртабада қалады. Оның бар құлшылығы ішкі әлеміне, ниетіне ауысады. Басқаша айтқанда, кітабы мен ұстазын, мешіті мен қағбасын өз ішінен табады. Өйткені, іштегі кірін қашырып, жүрегі тазарған жан әлемнің керемет үйлесімін көріп ғажаптанады, оның бір бөлшегі екеніне кәміл сенеді. Өзі қылдай қиянат жасамаған адам Тәңірі нұрын алады, сәт сайын қуанышқа бөленеді. Алған нұрын өзгелерге төгуге ниеттенеді. Сөйтіп, мінезі өзгереді.
Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адамның мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» дегенді осы хәлге айтқан. Керісінше, ой ойлауға олақ, өзімшіл, өзгенің мінін көріп, өзіне шаң жуытпайтын кісі ешқашанда өзгермек емес. Мінезі «ана сүтімен келіп, сүйекпен кетеді». 1891 жылғы «Көзінен басқа ойы жоқ» өлеңінде Абай ойсыз, жел өкпелікті былайша сынға алады:
Наданның көңілін басып тұр,
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бір-ақ шаруасы.
Қазіргі адам суреті де осы – таңның атысы күннің батысына дейін «ойында бір-ақ шаруасы» болып өмірі зыр жүгірумен өтеді. Бұлай бақытты болу жоқ. Шын бақтың кілті мынау:
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі.
Бұл Абайдың өзін тануға үндегені. Кім кімде «жүректе айна болса» сол адам сөзді ұғып алады дейді. Халқын сүйген ойшыл терең ой, терең ғылым іздеуге талмай, шаршамай шақырған. Мысалға 1898 жылғы өлеңінде айтқаны:
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Қайуанша жүріп күнелтпек.
«Өзін танымақтыққа» қатысты ұлағаттары қара сөздерінде де елеулі орын алады. Абайдың «Адам бол!» идеясына қатысты ой-танымдары кешенді түрде жинақталса, ұлттық тәрбиенің біртұтас жүйесін құруға болар еді.
Амал қанша, мұндай жүйе жасалмаған. Мектептерде тек білім беру ғана көзделген. Сөйтіп, білім мен тәрбиенің, екінші түрде айтқанда, жаратылысты тану мен Алланы тану арасында болуы керек байланыс үзілген. Суық, яғни рационалды ақылмен жазылған кез келген оқулық – батыстық үлгі. Ол ақпарат қана, «бойға жұқпай сырғанайтыны» сол. Тамырсыз ағаш, іргесіз үй бола ма? Тәрбиесіз білім беру жайлы да осыны айтамыз.
«Прогрессшіл» (имансыз деген мәнде) әлем жарқылына алданып, әрнеге еліктеп, Абайдың «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деген өсиетін біржола ұмыттық. Осыдан бір ғасыр бұрынғы «Адам немене?» өлеңінде Шәкәрім:
Көрінер ғылымды елдің сырты таза,
Тексеріп терең ойға салмағанда.
Ақымақ пен айуанның исі аңқиды,
Істерін әбден сынап талдағанда, – деген болатын. Тәлім-тәрбие жағынан Батыс бізге қазір де үлгі бола алмайды. Сондықтан көзсіз ергенді азайтып, біліммен қоса Абай, Шәкәрім қалыптаған «Ар ілімін» оқытуға көңіл бөлетін уақыт жетті. Қос ұстаздың өсиет, тәлімдері ұлттық педагогика негізіне қалануы қажеттілік деген ойдамын.
Өмірлік бағдарды Абайдан алу неліктен маңызды?
Отандық педагогика Шығысты емес, Батысты үлгі тұтуда. Мысалға ата-ананың баланы мектепке: «Оқуыңды жақсы оқысаң, келешекте ақшаны да табасың, шен-шекпен де аласың» деп беретіні өтірік емес. Бірақ ешбір заттық мақсат алысқа апармасы анық. Абай: «Мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нәрселердің махаббатымен ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды» деп ескерткен болатын.
Батыс әлемді шапшаң өзгертіп жатыр, ғылыми-техникалық прогресс арқылы, бұл – медалдің бір жағы, екінші жағы – климатты құртып, экологиялық апатты төндіріп қойды. Оған әлдінің әлсізге озбырлығы мен бітпейтін соғыс лаңын қосыңыз. «Закон – тайга, аю – қожайын» дейтін істері мен мінездері жан шошытады, Шәкәрім сөзінше, «ақымақ пен айуанның исі аңқиды».
Атеистік тәрбиенің еліміздегі көріністеріне келейік. Тәлім-тәрбиелік жүйеміз оңалды ма? Аллаға мың алғыс, тәуелсіздік ғажап мүмкіндікті сыйлады. Кәне, сонан пайда алып, исі қазақ «Шіркін, ел болсақ!» деген ғасырлар бойғы асқақ арманды іске асырдық па? Олай болмады. Неге? Өйткені, отарлық сана мен атеистік тәрбие оған жібермеді. Оңай жолмен байып алу деген жаман пиғыл жеңді. Нарықты өмірді пайдамен өлшеу, ар-ұятты ақшаға айырбастау деп ұқтық. Онан не ұттық? Ештеңе де, бағы қайтқан сорлы елдің бірі болдық. Апырай, егерде ә бастан өмірлік бағдарды хакімнен алсақ, өстіп, дүние ойран болар ма еді? Әрине, жоқ. Қалтасы қалың, көңілде сенімі жоқ, мал мен мәнсапқа мас қу, пысықай орта, тойымсыз олигархтар тобы Абай, Шәкәрімді керек қылмады. «Адам бол!», «Ар сақта!» дегенге селт етпеді. Ақырында кімдер ақымақ болды? Кімдер ұтылды? Оның жауабы айтпасақ та белгілі. Әттеген-ай, абайшыл, ұлтшыл азаматтар билікте болғанда, өздеріне бақыт сыйлап, халыққа да құт әкелер еді. Осы айтылғандар жастарға дүниеге Абайдың көзімен қарауды үйрету қаншалықты маңызды екенін түсінуге жеткілікті сияқты.
Қорыта айтқанда, Абайда саналы адам болуға керектің барлығы бар. Асыл мұрасы – қоғамдық сананы сауықтырудың құралы. Ол – қатігездік, көрсеқызарлық, мақтаншақтыққа қарсы антивирус. Бір айдай айқын нәрсе, имандылық тәрбие күшейген сайын елді жегі құрттай жеген жеміттіктің саудасы бітеді. Әр азаматы өз қызметін адал атқарса, елдің көсегесі көгереді. Міне, ұлы ұстазымыз Абайдың ілім-танымын оқу-ағарту ісінде пәрменді насихаттау осы үшін маңызды. Құлқын құлдарын азайтып, ұлтын сүйетіндер қарасын молайтатын амалдың зоры да осы болса керек.
Асан Омаров, абайтанушы
Abai.kz