Иран мен Израиль қақтығысы: АҚШ соғысқа араласты...

Сөйтіп АҚШ Иран-Израиль соғысына тікелей араласты. АҚШ Иранның 3 бірдей ядролық нысанына: Фордо, Исфахан мен Натанздағы кешендерге соққы жасады. Бұл үшеуі Иранның басты ядролық нысандары саналып келген.
БАҚ-тағы деректерді шолып шықсақ: АҚШ әрқайсысы 13-14 тонна болатын 12 дана GBU-57 антибункер бомбасын Фордодағы кешеннің дөп үстінен тастаған. Бұл бомбаларды алып ұша алатын жалғыз ұшақ - B-2 ұшағы. Осы ұшақтың 6-ауы, әйрқайсы 2 бомбадан тиеп ұшып, соққы жасаған.
Ал Исфахан мен Натанздағы нысандарға 30-ға жуық «Tomahawk» қанатты зымыранын қолданған. Натанз бен Исфаханды осыған дейін Израильдің өзі де біраз шабуылдаған. Ал Фордо тау астындағы бункерде орналасқан кешен. Оны соққылау үшін антибункер бомбалар керек. Ол бомбалар Израильде жоқ, АҚШ-та бар. Израиль көмек сұрады. АҚШ сөзге келмеді.
Осының алдында ғана Ақ үй: «АҚШ Иранға соққы жасау-жасамау туралы шешімді екі апта ішінде қабылдайды», - деген.
Ал Женевада Иран және Ұлыбритания, Германия, Франция СІМ басшыларының келіссөзі сәтсіз аяқталған.
Иран: «Израиль шабуылы жалғасып жатқанда, ешқандай келіссөз өткізбейміз», - деген. Вашингтонның едел-жедел шешім қабылдауын жылдамдатқан да осы болса керек…
Сонымен жұрт не дейді?
АҚШ президенті Трамп:
- Иранның уран байыту кешендері мен нысандары түбегейлі жойылды. Бірнеше уақыт бұрын АҚШ-тың ұшақтары Фордо, Натанз және Исфахандағы ядролық кешендерге дәл әрі жойқын соққылар жасады. Біздің мақсатымыз әлемдегі лаңкестікті қаржыландырушы нөмір бірінші елден төнетін ядролық қауіпті жою болатын, - дейді.
Израиль премьері Нетаняху:
- Аз уақыт бұрын АҚШ пен Израиль армиялары ақылдаса отырып, президент Трамптың бақылауымен Иранның Фордо, Натанз бен Исфахандағы 3 ядролық нысанына шабуыл жасалды, - деп мәлімдеді.
Иран парламенті спикерінің стратегиялық кеңесшісі Мұхамади:
- Бұл шабуылдан пәлендей бүлініп кеткен дүние жоқ. Фордоға соққы жасалады деп бірнеше түн бойы күттік. Сол үшін де ол жерді әлдеқашан эвакуациялап, көшіріп тастағанбыз. Екі дүние анық: Біріншіден - білімді бомбалау мүмкін емес. Екіншіден - бұл жолы қарсылас оңбай ұтылады, - деді.
Иранның СІМ басшысы Аббас Аракчи:
- БҰҰ Жарғысын және ондағы өзін-өзі қорғау үшін жауап беру құқын пайдаланып, Иран АҚШ соққыларына жауап беретін болады, - деп мәлімдеді.
Тақырыпқа тұздық: Иран Ормуз бұғазын жауып, Бахрейндегі АҚШ флотына соққы жасамақ. Дәл қазір Ормуз бұғазынан мұнай тиеген 50-ден астам танкер жылдам арада бұғаздан кетуге әрекет етуде. Ал Иран Парламенті Ормуз бұғазын бұғаттау туралы шешімді мақұлдады. Енді түпкілікті шешімді Иранның жоғарғы басшылығы – Аятолла мен Президент қабылдауы тиіс.
Қазірдің өзінде Иран Ормуз бұғазын бұғаттай бастағаны айтылады.
Ормуз бұғазы – әлемдік мұнай нарығының 20 пайызға жуығы ағылып жатқан маңызды нысан. Оның бұғатталуынан соң әлемдік мұнай нарығында мұнай бағасы көтеріледі деп болжанады.
Ал АҚШ атынан сөйлеген Мемлекеттік хатшы Марко Рубио: «Ормуз бұғазын бұғаттау – Иран өзін суицидтік шешім. АҚШ-тың бұған жауабы өте қатал болады және бұл шешім жағдайды шиеленістіре түседі», - деп мәлімдеді.
Abai.kz