Финляндия қалай оянды?

Жақында кітап дүкенінен «Финляндия қалай оянды?» – деп аталатын жұқалау кеклген кітапті сатып алдым. Кітап – өте қызықты, мән-мағынасы зор, оқыған адамға көп ой салатын, алға жетелейтін көркем туынды екен.Аудармашы азамтқа да көп рахмет. Шығармадағы сөйлемдер өте шұрайлы әрі оқыған адамға жеңіл, түсінікті етіп аударған екен. Кітапты толықтай оқып шығып, қалын оқырмандар таныссын деген ниетпен, өзіміздің өй-пікірімізді сіздерге ұсынып отырмыз.
XX ғасырдың басында орыс публицисті, қоғам қайраткері Григорий Петров жазған «Финляндия қалай оянды?» атты еңбегі көптеген халықтар үшін жаңғыруға, ұлттық ұйысуға, білім мен мәдениеттің маңызын түсінуге жол ашқан рухани туынды болып табылады. Бұл кітап – тек фин халқының тарихын баяндау емес, сонымен қатар кез келген ұлттың өркендеуі үшін қажет басты құндылықтарды айқындап беретін тағылымды шығарма.
Кітапта автор Фин халқының ауыр кезеңдерден қалай өткенін, сауатсыздықтан, кедейліктен, рухани әлсіздіктен қалай арылып, бүгінгі өркениетті елге айналғанын нақты тарихи мысалдар арқылы баяндайды. Еңбекте басты назар фин қоғамындағы ұстаздардың, ғалымдардың, ағартушылардың, атап айтқанда Юхан Вилгельм Снелман есімді философ, педагог және ұлт қайраткерінің рөліне аударылады. Снелманның идеялары арқылы фин халқы өз тілі мен мәдениетін сақтап қалуға, білімге ұмтылуға және ұлттық бірлікті нығайтуға күш салады. Ол халықты ояту үшін ең алдымен сана мен рухты тәрбиелеу қажет екенін түсіндіріп, ағартушылыққа ден қойды.
Петров Финляндияның қайта жаңғыруы білім жүйесін жақсартудан басталғанын ерекше атап өтеді. Мектептер мен мұғалімдердің рөлі, кітапханалар мен баспасөздің дамуы – осының бәрі халықтың рухани оянуына ықпал етті. Ел боламын деген жұрт ең алдымен мектеп салуы керек деген идея осы кітапта кеңінен көрініс табады. Сонымен бірге, фин халқының табиғатқа деген сүйіспеншілігі, еңбекқорлығы, әділетке деген адалдығы – ұлттық мінездің үлгісі ретінде ұсынылады.
«Робинзон көрсеткен жол» тарауы
Адам мен қоғамның өз тағдырын өзі жасауға қабілетті екенін дәлелдейтін мағыналы бөлімдердің бірі. Бұл тарауда автор Даниэль Дефоның әйгілі кейіпкері Робинзон Крузоның бейнесі арқылы еңбекқорлықтың, табандылықтың және өмірлік мақсатқа берік болудың маңызын айшықтайды. Робинзон ешбір көмексіз, жалғыз аралда қалса да, үмітін үзбей, біртіндеп өз тіршілігін құрып, нағыз еңбектің үлгісін көрсетеді.
Автор осы бейне арқылы фин халқының басынан кешкен қиын кезеңдерімен параллель жасайды. Қарапайым халықтың ерік-жігері, табандылығы мен білімге ұмтылысы – оларды алға сүйреген күш. Яғни, фин халқы да бір кездері «аралда қалған Робинзондай» жападан-жалғыз, отарлық езгіде өмір сүрді. Бірақ олар мойымай, білім мен тәртіпке сүйеніп, жаңа өмірді өз қолдарымен жасай білді.
Бұл тарау оқырманға: қандай қиын жағдайда қалса да, адам өз еңбегі мен ерік-жігерінің арқасында қайта тұра алады деген сенімдіұялатады. Ең бастысы – жалқаулық пен үмітсіздікке берілмей, еңбекке, тәртіпке, білімге сүйену қажет. Осылайша, «Робинзон көрсеткен жол» – ұлтты оятудың, адамды жаңғыртудың символына айналған бейнеретінде берілген.
«Төзімділік культі» тарауы
Халықтың рухани қайта жаңғыруында сабыр мен шыдамдылықтың, төзімділіктің қаншалықты маңызды екенін түсіндіретін терең мағыналы бөлім. Бұл тарауда автор қоғам дамуының бірден алға жүрмейтінін, үлкен өзгерістерге жету үшін ұзақ уақыт бойы табандылық пен сабыр қажет екенін атап өтеді. Фин халқы өз жолында түрлі қиындықтарға тап болды – отарлық езгі, кедейшілік, сауатсыздық. Бірақ олар ешқашан үміт үзбей, төзімділікпен, біртіндеп алға басып отырды.
Петров төзімділікті әлсіздік немесе көнбістік деп қарастырмайды. Керісінше, ол – ішкі күштің, тәртіптің және өз мақсатына сенімділіктің көрінісі. Бұл тарауда фин халқының тағдырға мойынсұнбай, қайта қажырлы еңбек пен сабыр арқылы өз мемлекетін құрғаны мысал етіледі. Автор бұл қасиетті ұлттық мінездің бір бөлігіне айналдыруды, яғни «төзімділік культі» ретінде қалыптастыруды ұсынады.
Осылайша, тараудың негізгі ойы – шын өзгеріс төзімділікпен ғана келеді. Бұл қасиет – жеке адамнан бастап тұтас ұлтқа дейін өрлеу жолындағы басты құрал. Петровтың бұл идеясы бүгінгі қоғам үшін де өзекті: кез келген жетістікке жетудің жолы – сабырлы еңбек пен руханиберіктік.
Кітаптың негізгі мәні – халықты рухани, мәдени, әлеуметтік тұрғыдан тәрбиелеу арқылы жаңғырту идеясында жатыр. Бұл шығарма арқылы Петров оқырманға: «Елдің болашағы – өз қолында. Егер халық өз мәдениетін, тілін, тарихын ұмытпай, білімге, еңбекке ұмтылса – кез келген қиындықты жеңіп шыға алады» деген ойды жеткізеді. Автор Финляндияны мысал ете отырып, өз еліндегі, әсіресе Ресей мен оған тәуелді халықтардағы әлеуметтік тоқырау мен рухани күйзелісті еңсерудің жолын көрсетеді.
Бұл кітап қазақ халқы үшін де ерекше маңызды. ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары «Финляндия қалай оянды?» еңбегін қазақ тіліне аударып, оны елге үлгі етіп ұсынды. Себебі Қазақстан да сол кезеңде білім мен мәдениетке зәру, отарлық езгінің салдарынан тұралаған ел болатын. Сондықтан фин халқының үлгісі қазақ халқына серпін беріп, жаңғыру жолына бастайтын бағдаршамға айналды.
Қорытындылай келе, Григорий Петровтың «Финляндия қалай оянды?» кітабы – тек тарихи шығарма емес, бұл – ұлтты тәрбиелеудің, сананы оятудың, өркениетті ел болудың кілті іспетті еңбек. Ол – ел болудың ең негізгі жолы – рухани жаңғыруда, білім мен мәдениетке деген құрметте екенін ұқтырады. Бүгінгі күндері бұл еңбек өзектілігін жойған жоқ, керісінше, ел боламын деген әрбір ұлтқа ой саларлық, бағыт көрсететін құнды мұра ретінде бағаланады.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz