Сәрсенбі, 25 Маусым 2025
Саңлақ 251 0 пікір 25 Маусым, 2025 сағат 13:40

Алматы облысында FIFA стандарты бойынша футбол академиясы салынады

Сурет: kff.kz сайтынан алынды.

Талғарда халықаралық FIFA стандарттарына сай келетін заманауи футбол академиясының іргетасы қаланды. 

Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, жоба жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

ҚФФ президенті Марат Омаровтың айтуынша, академияда жас футболшыларға жүйелі түрде заманауи футбол талаптарына сай дайындалуға барлық жағдай жасалады. Жоба – балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудағы маңызды қадам.

- Іргетасы қаланған футбол академиясы – Қазақстан футбол федерациясының ауқымды және стратегиялық маңызы зор алғашқы жобасы. Ол еліміздегі жас футболшыларды даярлау жүйесін өзгертіп, жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді, - деді ҚФФ президенті Марат Омаров.

Академияның жалпы аумағы – 5 520 шаршы метр. Ол үш негізгі блоктан тұрады: спорттық, әкімшілік-тұрмыстық және жатақхана.

Қазақстан футбол федерациясынан атап өткендей, академияның құрылысы – кезекті спорттық жоба ғана емес. Бұл – адами капиталға, балалардың болашағы мен спорт әлеуетін арттыруға бағытталған ұзақмерзімді инвестиция.

Мұнда жас таланттарды анықтап, оларды дамытуға жүйелі негіз қалыптастырып, кәсіби дайындықпен қатар, онда тұруға, білім алуға және футбол қауымдастығына бейімделуге қажетті жағдай жасалады.

Бұған дейін Туризм және спорт министрлігі бір балалар футбол алаңын салуға қанша қаржы керек екенін айтқан болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында алдағы екі жылда әрбір облыс, аудан орталығында, кент пен ауылда балаларға арналған футбол алаңы болуға тиіс екенін тапсырған еді.

Abai.kz

0 пікір