Жұма, 27 Маусым 2025
Ел іші... 409 0 пікір 27 Маусым, 2025 сағат 20:56

Полиция қызметкерлеріне жаңа қызметтік көліктер мен пәтерлердің кілттері табысталды

Cурет: gov.kz сайтынан алынды.

Бүгін Ақтөбедегі «Қазақ еліне мың алғыс» стеласы алаңында және Өнер орталығының концерт залында Ішкі істер органдарының құрылғанына 33 жыл толуына орай салтанатты шара өтті. Мереке аясында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ішкі істер қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, жаңа қызметтік автокөліктер мен пәтерлердің кілттерін табыстады.

Cурет: gov.kz сайтынан алынды.

Салтанатты рәсім кезінде сөз сөйлеген өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдағы учаскелік инспекторларды баспанамен қамтып, материалдық-техникалық базасын нығайту туралы тапсырмасы басты назарда екенін атап өтті. Ол сондай-ақ, полиция қызметінің қоғамдағы алар орнына тоқталып, тәртіп сақшыларының күнделікті қауіп-қатерге толы еңбегіне жоғары бағасын берді. «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде қызмет ететін полицияның басты міндеті – қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз ету екенін алға тартқан Асхат Шахаров, бұл салаға мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді. Биыл 150 дана «NIVA LEGEND» қызметтік автокөлігі сатып алынған.

Cурет: gov.kz сайтынан алынды.

«Полиция қатарында қызмет ету – үлкен жауапкершілік әрі зор құрмет. Сіздер ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп келесіздер. Қоғамдағы тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті сақтау – сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі. Өңірімізде полиция қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында материалдық-техникалық база нығайтылып, заманауи автокөліктермен және арнайы техникалық құралдармен қамтамасыз етілуде. Бүгінде құқыққорғау саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Бөлінген қаражат қызметтік автокөліктерді, қару-жарақ пен байланыс құралдарын сатып алуға, сондай-ақ бейнебақылау жүйелерін жаңғыртуға бағытталуда.  Жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді Асхат Шахаров.

Cурет: gov.kz сайтынан алынды.

Облыс әкімі мерекелік шарада 150 жаңа автокөліктің кілтін, қызмет барысында көзге түскен полицейлерге 25 пәтердің сертификатын салтанатты түрде табыстады.

Cурет: gov.kz сайтынан алынды.

Сонымен қатар, жиында сала ардагерлеріне құрмет көрсетілді, ерекше қызметімен танылған тәртіп сақшылары алғыс хаттармен марапатталды.

Мерекелік кеш ақтөбелік өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Abai.kz

0 пікір