Дүйсенбі, 30 Маусым 2025
Талқы 247 0 пікір 30 Маусым, 2025 сағат 12:13

Журналист кім? Блогер кім?

Суреттер: Abai.kz мұрағатынан алынды.

Осыдан екі күн бұрын (28 маусымда) елімізде БАҚ қызметкерлерінің күні аталып өтті. Осы датаға байланысты біз қазақ журналистикасының ардагерлеріне бүгінгі қоғамдағы журналист пен блогердің рөлі туралы бірқатар сауалдарымызды жолдаған едік.

СӨЗ - ШЫНДЫҚҚА, ІЗДЕНІС - ӘДІЛЕТКЕ, МАҚСАТ - ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАЙ!

Гүлмария Барманбекова, Қазақстанның ардагер тележурналисі:

— Алдымен журналист пен блогердің ара жігін ажыратып алған абзал.

Журналист — қоғамдық маңызы бар ақпаратты жинап, тексеріп, өңдеп, объективті түрде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарататын кәсіби маман.

Блогер — әлеуметтік желі, сайт немесе басқа онлайн платформада жеке көзқарасын, ой-пікірін, тәжірибесін немесе жаңалықты көпшілікке ұсынатын адам.

Екеуі де ақпарат тарату көздері болғанымен, мақсаты, әдісі және жауапкершілік деңгейі жағынан айырмашылығы бар.

Журналистика фактіге негізделіп, қоғам алдындағы жауапкершілікті көздейді. Блогерлік көбіне жеке көзқарас пен аудитория қызығушылығына сүйенеді.

Қоғамдық сананы қалыптастыруда журналистиканың кәсіби, жауапты мәртебесін сақтау маңызды. Ал блогерлер қосымша үн мен әртүрлі көзқарас ретінде қызмет ете алады. Негізгі тірек — объективтілік пен сенімділікке негізделген журналистика болуға тиіс.

Әуелі, әлемдік тәжірибеге көз салайық. Еуропалық Одақтың 2014/24/EU директивасы бойынша, мемлекеттік сатып алуға заңды түрде тіркелген кез келген субъект – мейлі шағын бизнес болсын, тіпті жеке кәсіпкер болсын – қатыса алады. Бұл тізімге блогерлер де енеді. Бірақ бір шарт: олар заңды тіркеуі бар, кәсіби қызмет көрсететін тұлға болуы тиіс.

Германия мен Испанияда блогерлер PR, коммуникация, әлеуметтік желідегі ақпараттық жұмыстар бойынша жарияланған кейбір тендерлерге тәуелсіз маман ретінде қатысып жүр. Бұл — қоғаммен байланыс саласының эволюциясы деуге келеді.

Грузияда USAID секілді ұйымдардың қолдауымен өткен қоғамдық коммуникациялық жобаларда блогерлер азаматтық белсенді медиапартнер ретінде мойындалған.

Блогер — қоғамға әсер ете алатын жаңа медиа өкілі. Бірақ олар мемлекеттік тапсырыс алуы үшін бірінші кезекте кәсіпкер ретінде заңды тіркелуі, екіншіден, кәсіби талаптарға сай болуы қажет.

Блогерлердің тендерге қатысуы — заманның сұранысы. Алайда олар журналистиканың жауапкершілігін алмастырмауы тиіс. Бірақ қоғамға сапалы контент пен әділ ақпарат жеткізу жолында кәсібиленуі қажет. Сөз - шындыққа, ізденіс - әділетке, мақсат елге қызмет етуге бағытталғай!

ЖУРНАЛИСТ КІМ? БЛОГЕР КІМ? ЕКЕУІ ТЕҢ БЕ?

Әбдірашит Бәкірұлы, Қазақстан Журналистер одағы мүшесі:

— Шынында да, қазіргі заманда қоғам өмірін бір сәт журналистерсіз елестетуге бола ма, олай болғанда не болар еді деген сұрақ қойылса қалай болар еді?

Онда мына әлем нағыз хаосқа еніп, бейберекет жағдай орнар еді. Қоғамда коммуникация, яғни, әртүрлі топтар арасындағы ақпараттық байланыс болмаса - билік кімге, неге билік етерін білмей, кәсіпкерлер не өндіру керегін білмей және т.т. тектоникалық апатты жағдайлар бірден менмұндалап бас көтерер еді. Осыны болдырмаудың бірден-бір тетігі - журналистердің болуы.

Олар, әртүрлі ақпараттар легін үздіксіз қоғамға жеткізу арқылы, қоғамның құрылымын, жай-күйін, тынысын, қауіп-қатерін, болашақтағы мүмкіндігін қоғамға жеткізіп отырады. Ол ақпараттар қоғамда одан әрі жүйеленіп, қоғам санасында әлеуметтік стратификацияның бет-бейнесін қалыптастырады. Ол, өз кезегінде, қоғамның даму принциптерін қалыптастырады. Мысалы, қазіргі «әділетті қоғам», «құқықтық мемлекет», «демократия», «азаматтық қоғам», тіптен, «авторитаризм және диктатура» деген түсініктердің де негізі ақпараттық импульстермен анықталады. Сол себепті, әр мемлекет бұл салаға ерекше мән береді, оны жан-жақты дамытуға ұмтылады.

Қазір, сол себепті журналистиканың өзінде де «еңбек бөлінісі» қарқын алуда. Неге десеңіз, қоғамның өркениеттік деңгейі артқан сайын, қоғам өмірінің әр саласы өті күрделі, ғылыми негізге сүйенетін «зерттеу объектілеріне» айналуда. Ендеше, журналистер де соған сай экономикалық, не, саяси, не мәдени, не ғылыми және т.б. шолушылар деп кәсіби мамандана бастады.

Осыған орай, біздің қоғамда да сараптаушы публицистиканың да беделі өсуде. Бүгінгі журналистер, сондықтан, әуел бастан әмбебап білімге ие болуы керектігін қым-қуыт заман өзі айқындап беріп отыр...

Ал, блогер дегеніміз кім, олардың қызметі не, қандай функция атқарады деген сұраққа келсек, онда «блогерлік» дегеніміз «журналистика қойнауынан өсіп шығып, өркениеттің технологиялық жетістігін белгілі бір мақсаттарға жегетін ерекше топ» деген анықтама берер едім.

Ол атқаратын функциясы жағынан - ақпараттық, ал, бірақ, мақсат пен мүдде тұрғысынан журналистикаға сай келмейді.

Блогерлер көбіне белгілі бір жоба аясында қызмет етіп,  сол мүддеге жұмыс жасаушылар. Ол жеке танымалдыққа ұмтылу, оған қол жеткізе отырып, өз идеясын монетизациялау болып табылады. Сондықтан, олар медицинадағыдай «гиппократ антына берік болу» сияқты «журналистер антына» да сай келе бермеуі мүмкін.

Еліміз жыл сайын ақпараттық тендер ойнатады. Енді осыған ақпарат өкілдерімен бірге блогерлер де қатыса алуы мүмкін. Бір жағынан, бұл демократиялық қоғам көрінісі сияқты. Алайда, ондай үрдіс елдегі ақпараттық жүйеде күрделі проблемаларды өзімен бірге ала келеді деп санаймын. Себебі, тіркелген ақпараттық жүйелер ұжымдық сипаттағы журналистердің қызметін қамтамасыз етеді. Яғни, онда жауапкершілік пен мемлекеттік заңдар, қоғам мүддесі сақталуы қадағаланады.

Ал, блогерлік жүйе, керісінше, одан қашады, себебі, оның өз табиғатында «қоғам мүддесімен» үйлесім жоқ. Онда коммерциялық сипат бар. Кез келген блогер «қоғамға тегін қызмет ету» дегеннен тыс тұрады.

Ендеші, бұл екі саланы осы - мақсат пен мүдде тұрғысынан ажыратып алу керек. Мысалы, журналистің «тапсырыспен» жұмыс жасауы - заңмен қудалана алады.

Ал, блогер үшін ол «заң бұзушылық» бола алмайды. Ондағы «заң» - тапсырыс берушінің қалауы. Міне, принципті айырмашылық та осында!

Abai.kz

0 пікір