Жұма, 4 Шілде 2025
Білгенге маржан 226 0 пікір 4 Шілде, 2025 сағат 12:41

«Маймыл» патшаның ерлігі

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Осыдан талай жыл бұрын, Есіл аудандық әкімдігінде қызмет етіп жүргенімде, менің бір әдетім болды. Түске қарай кабинеттің есігін жауып алып, бір немесе бір жарым сағаттай, қабырғадағы сөреде қатар-қатар тізіліп тұрған, бұрынғы аудандық партия комитетінен қалған «Известия ЦК КПСС» журналын, сонымен қатар, «Вокруг света» журналының тігіндісін қолыма алып оқып отыратынмын. Мақалалар әрине орысша, дегенмен өте қызықты әрі тартымды еді. Бірде, осы «Вокруг света» журналынан, кезінде «Маймыл патша» - деп көпшілікке әйгілі болған Жапон билеушісінің, сол тұстағы әр түрлі саяси күштерлің ықпалында кеткен елді біріктірудегі атқарған рөлі мен ерлік істері туралы өте тартымды мақала оқыған едім. 

Сол кейіпкеріміз Хидэёси – Жапон тарихындағы ең құдыретті және ерекше билеу өнері бар көшбасшысы болған адам. Ол 1536 жылы шаруа отбасына дүниеге келген. Алдағы кезеңде оның болашағы жарқын болады деп ешкім сенбеген. Ол – аласа бойлы, әлжуаз, сауаты шамалы, сондай-ақ, сұрықсыз жан болған екен. Осыған орай, айналасындағы ел оны «маймыл» деп атаған.

Дегенмен, ол мүндай кемшілікке қарамастан, көшбасшы қандай болу керектігін дәлелдей білді. Өзара тартыс пен алауыздықтан берекесі қашқан елдің басын қосып, уысына жинай алды. Ол мұны қалай жүзеге асырды.

Хидэёси – ерік-күші орасан, ұшқыр ойлы, қайсар мінезді адам болды. Төңірегіндегі өзін сынаушыларды адал қызметкерге, ал жауларын жолдас-досқа айналдыра білген дарынды адам. Ұрыс өнерінде айтарлықтай нәтижеге жетпеседе, «семсерсіз самурай» басқа қаруды пайдалана білді.

Ол ұтқыр әзілдің және қулық пен келіссөз жүргізу қабілетінің ерекшелігінің арқасында қарсыластарын басып озып, Жапон елінің ұлы билеушісіне айналды. Горация Алгердің кейіпкеріндей «из грязи в князи» яғни айтқанда «қарадан шығып хан болған» адам үлгісі еді.

Хидэёси 1590 жылы Жапоияның жоғарғы билеушісі болып тағайындалды. Император Гоёдзейден оны регент (билеуші) етіп сайлады. Сонымен қатар император сарайы оған Тоётоми деген ақсүйек тегін берді. Ол «жомарт министр» деген мағынаны білдіреді.

Нақты айтарымыз, жапон тарихында есімі алтын әріптермен жазылған Тоётоми Хидэёси — елді біріктіру жолында ерекше рөл атқарған көрнекті қолбасшы, саясаткер және реформатор. Ол самурай таптан шыққанымен, император да, сёгун да болмаған. Дегенмен, оның ақыл-парасаты мен әскери шеберлігі арқасында Жапонияны феодалдық бытыраңқылықтан шығарып, тұтас мемлекетке айналдырды.

1582 жылы Ямазаки шайқасында Хидэёси өзінің басты қарсыласы Акеті Мицухидэні жеңіп, билікке жол ашты. Кейінірек ол Мори кланы мен басқа да ықпалды феодалдарды тізе бүктіріп, елдегі билікті толықтай өз қолына алды.

Хидэёси ең алдымен, Жапонияны біріктіруге бағытталған әскери жорықтар жүргізді. 1590 жылға қарай ол Жапонияның көп бөлігін бақылауға алды. Бұл оның ең ірі тарихи ерлігі болып саналады.

Ол самурайлардан басқа таптарға қару ұстауға тыйым салды. Бұл реформа ел ішіндегі тұрақтылық пен тәртіпті нығайтты, әрі шаруалар арасындағы бүліктердің алдын алды.

Хидэёси қоғамды таптарға бөліп, әлеуметтік құрылымды қатаң жүйеге салды. Әрбір адам өз табында қалуға мәжбүр болды — шаруалар, жауынгерлер, қолөнершілер мен саудагерлер. Бұл феодалдық тәртіптің нығаюына себеп болды.

Хидэёси өзінің билігі Жапониямен шектелмей, Азия құрлығына таралуы тиіс деп санады. Ол 1592 және 1597 жылдары Кореяға екі рет әскери жорық ұйымдастырды. Алайда бұл жорықтар сәтсіз аяқталып, Жапония үлкен шығынға ұшырады.

Тоётоми Хидэёси өз заманында ерекше көшбасшы ретінде танылды. Оның бірнеше айрықша қасиеттері:

төменгі таптан шығып, Жапонияны басқару шыңына жетуі оның ақылды, икемді және алғыр адам болғанын көрсетеді.

жауларын күштеп емес, кейде келіссөз, кейде айла арқылы бағындыра білді.

шаруалар мен қалалықтардың әл-ауқатын жақсартуға тырысып, ел ішіндегі тәртіпті сақтады.

Кинки аймағында әйгілі Осака қамалын салдырып, мемлекеттің символына айналдырды.

Тоётоми Хидэёси — Жапония тарихындағы ерекше тұлға. Ол өз қолымен кедейліктен империялық билікке дейін көтерілді. Хидэёси жасаған ерліктері, реформалары мен көшбасшылық қасиеттері арқылы Жапонияның тағдырын түбегейлі өзгертіп кетті. Тарих оны кейде «Маймыл» деп атаса да, оның шынайы бейнесі — табанды, дана әрі алдағы кезеңді болжай алатын ұлы көсем ретінде, ел есінде мәңгі қалды.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір