Жұма, 4 Шілде 2025
Қоғам 153 0 пікір 4 Шілде, 2025 сағат 12:43

Жоғары дозалы жемқорлық

Сурет: ertenmedia.kz сайтынан алынды.

Базарбек-Әбенов тандемі фармацевтикадағы фарсты әшкереледі

Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов пен Бақытжан Базарбек елдегі фармацевтика саласында миллиардтаған қаржының заңсыз айналымға түскенін айтып, Бас прокурор Берік Асыловқа ресми сауал жолдады.

Олар саладағы сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі схемаларды түп-тамырымен тексеруді талап етуде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Депутаттар өз хатында Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) тексеру қорытындысына сүйене отырып, «СК-Фармация» ЖШС мен Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мекемелердің әрекетінен мемлекетке миллиардтаған шығын келгенін мәлімдеді.

Ақпаратқа сәйкес, «СК-Фармация» дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды нарық бағасынан бірнеше есе қымбатқа сатып алған.

Кей препарат нарықтық құнынан 40 пайыздан 365 пайызға дейін жоғары бағамен алынған. Мәселен, құны мың теңге болатын тауарлар он, тіпті жүз миллиондаған теңгеге сатып алынған.

Оған қоса, жоспарлаудың нашарлығынан 2022-2023 жылдары 2,8 млрд теңгеге алынған дәрілер пайдаланылмай, жарамсыз болып қалған. Ал жалпы, тиімсіз жоспарлау мен бақылаудың жоқтығынан келген шығын көлемі 17,2 млрд теңгені құраған.

Депутаттар хатта нақты мысалдарды да келтіреді.

Мәселен, 2024 жылы «КазМедПром» ЖШС бірыңғай дистрибьюторға 8 млрд 85 млн теңгеге 62 миллион жұп медициналық қолғап жеткізген.

Бірақ дәл сол кезеңде компания Таиландтан 87 млн жұп қолғапты 3 млрд 987 млн теңгеге сатып алған. Яғни тауар бағасы екі еседен артық қымбатқа сатылған.

Сонымен қатар, хатта Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық дәрілік заттар сараптамасы орталығының да әрекеті сынға алынған. Сараптама орталығы дәрі-дәрмектерді нарыққа шығару кезінде бірқатар компанияның мүддесін заңсыз қорғаған деген күдік бар.

Мысалы, кейбір дәрі-дәрмекті тіркеу мерзімі 210 күннің орнына 450, тіпті 1270 күнге дейін созылған. Ал лоббиі күшті компанияларға сараптама небәрі 25 күнде жасалып келген.

Депутаттар мұның соңы дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттауына, бәсекенің жойылуына және мемлекет қаржысының талан-таражға түсуіне әкелгенін айтып отыр. Олар фармацевтика саласындағы жемқорлық жүйесінің мемлекетке ғана емес, халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сеніміне нұқсан келтіретінін жеткізді.

Осыған байланысты депутаттар Бас прокурордан аталған фактілерді ресми түрде тіркеп, «СК-Фармация», «МЕДСЕРВИС-ПЛЮС» ЖШС, Ұлттық дәрілік заттар сараптамасы орталығы және Денсаулық сақтау министрлігінің Фармацевтикалық бақылау комитетіне жан-жақты прокурорлық тексеру жүргізуді талап етті. Сонымен бірге аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастауды сұрады.

Abai.kz

0 пікір