Трамптан Тоқаевқа үшбу хат: АҚШ Қазақстанға тарифтер енгізбек!

АҚШ президенті Дональд Трамп 1 тамыздан бастап әлемнің жүздеген еліне жаңа тарифтер енгізілетіні жөнінде ресми хат жолдады.
АҚШ билігі тарифтер енгізген елдердің бірі – біздің Қазақстан. АҚШ президенті Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үшбу хат жолдап, 1 тамыздан бастап енгізілетін тарифтер туралы баяндапты.
Трамптың хатында:
«2025 жылғы 1 тамыздан бастап, біз АҚШ аумағына енгізілетін барлық қазақстандық өнімдерге – секторлық тарифтерден бөлек – 25% көлемінде тариф енгіземіз. Үшінші ел арқылы қайта жөнелтілетін тауарлар одан да жоғары тарифке ұшырайды. Назар аударыңыз: бұл 25% – Қазақстанмен сауда тапшылығын жоюға қажетті деңгейден әлдеқайда төмен», – деп жазылған.
Трамп өз хатында бұл шешімді «АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда қарым-қатынасының мықтылығын көрсететін белгі» ретінде сипаттап, екі ел арасындағы сауда-саттықтың теңгерімсіздігіне қарамастан, АҚШ Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін атап өтеді.
Оның айтуынша, тараптар бірнеше жыл бойы сауда мәселелерін талқылап келеді, бірақ қазіргі кезде Вашингтон ұзақ мерзімді тапшылықты жоюды маңызды деп санайды. Сонымен қатар, бұл баж салығы АҚШ-та өндірілген өнімдерге қатысты қолданылмайды.
«Егер сіз қандай да бір себеппен өз тарифтеріңізді енгізу туралы шешім қабылдасаңыз, олар қандай деңгейде болмасын, бұл 25 пайыздық баж салығымыз еселенетін болады. Бұл тарифтердің сауда тосқауылдарын түзету үшін қажет екенін түсінгеніңізді қалаймыз. Сауда теңгерімсіздігі – біздің экономикамызға және ұлттық қауіпсіздігімізге елеулі қауіп», – делінген хатта.
Трамп 1 тамыздан бастап тарифтерді көтеру бойынша жүздеген елге хат жазды. АҚШ президенті Сербия, Бангладеш, Камбоджа, Индонезия, Босния және Герцеговина, Тунис елдерінің басшыларына арнаған хаттарын жариялады. Бұл елдер үшін тариф мөлшері 25%-дан 36%-ға дейін болмақ. Малайзияға — 25% Оңтүстік Африкаға — 30% Лаосқа — 40% Мьянмаға — 40% енгізді.
Айым Алмасқызы
Abai.kz