Дүйсенбі, 14 Шілде 2025
Өзгелер 213 0 пікір 14 Шілде, 2025 сағат 13:07

Көрші елдер шекараларын жаңалап жатыр

Сурет: inbusiness.kz сайтынан алынды.

Бұл жұмыстар транзиттік әлеуетті арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат аясында жүзеге асырылуда.  

Биылдың өзінде 4 кеден бекеті пайдалануға берілді.

Қаржы министрлігі жаңа нысандардың халықаралық стандарттарға сай салынғанын және көлік құралдарын сканерлеуге, тексеруге және автоматты өлшеуге арналған жоғары технологиялық жабдықтары бар екенін хабарлайды.

Жаңғырту жұмыстары Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен шекаралас 9 өткізу пунктінде жүргізіліп жатыр.

2025 жылы Қытаймен шекарада "Көлжат" және "Алакөл", Өзбекстанмен шекарада "Қапланбек" және "Атамекен" өткізу пунктері іске қосылды.

– Жылдың соңына дейін "Қазығұрт", "Тәжен", "Темір баба", "Майқапшағай" және "Бақты" бес өткізу пунктін жаңғыртуды аяқтау жоспарланып отыр. Жаңа пункттерде шекараны ыңғайлы және қауіпсіз кесіп өту үшін барлық жағдай жасалған. Көлік қозғалысы жолағының саны 2-ден 6-ға дейін ұлғайтылды, бақылау жүргізушінің кабинасынан шықпай-ақ өтеді, ал процестердің толық автоматтандырылуының арқасында шекарадан өту уақыты орта есеппен 30 минутқа дейін қысқартылды. Мұның ерекшелігі – "бір терезе" қағидаты бойынша қосымша тоқтатусыз бақылаудың барлық түрінен үздіксіз өтуді қамтамасыз ететін бірыңғай технологиялық дәліз саналады, – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Негізінен Қаржы министрлігі өткізу пункттерін жаңғырту, кедендік рәсімдерді цифрландыру және автоматтандыру, шекара маңы сервисін дамыту жөніндегі шаралар кешенін кезең-кезеңімен іске асыруда.

Былтырдан бастап 20 модульмен бірыңғай цифрлық платформа "Кеден" жүйесі енгізілсе, бүгінде оның 13 модулі жұмыс істеп тұр. Декларациялаудың, форматты-логикалық бақылаудың электрондық форматы енгізілді, "Қорғас" ШЫХО-да тауарларды есепке алу толық цифрландырылған. Интеграцияланған бақылау қызметтері автоматтандырылды, транзит рәсімі жеделдетілді, жеке кабинет арқылы қашықтықтан өзара іс-қимыл қамтамасыз етілді.

Ерекше айта кетерлік жайт, өткізу мүмкіндігі 2022 жылы 640 мың көлік құралы болса, 2024 жылы бұл 1,4 миллионға дейін артқан.

Abai.kz

0 пікір