Қарызға батқан жастарға үкімет қалай көмектеседі?

Қарызға батқан жастар NEET санатына өтуі мүмкін. Бұл — жұмыссыздық, ресми табыстың болмауы және әлеуметтік белсенділіктің төмендеу қаупі бар деген сөз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сауал жолдады.
Ресми хатта "Қазіргі таңда бірқатар жастар банктер мен микроқаржы ұйымдарына, сондай-ақ таныстары мен туыстарына қарызға батып, қарыздарын қайтара алмай жүргені белгілі. Олардың кейбірі ресми жұмысқа орналаса алмайды, төлем карталары бұғатталаған. Бұл жағдай оларды кейін NEET санатына өткізуі мүмкін. Мұндай жастарды қолдау үшін министрлік қандай шаралар қабылдай алады?" деп сауал қойылған.
Қазіргі уақытта жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде іске асырылады және ол кәсіпкерлік бастаманы қолдауды, жұмыс орындарын субсидиялауды және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды қамтиды. Жұмыс іздеуде қиындықтарға тап болған жұмыссыз азаматтар жеке қажеттіліктеріне қарай жұмысқа орналасуға қолдау ала алады, - делінген ведомство жауабында.
Қандай қолдау шаралары бар?
Министрлік белсенді жұмыспен қамту шаралары аясында:
"Бастау Бизнес" жобасы арқылы онлайн кәсіпкерлік оқыту (skills.enbek.kz арқылы);
400 АЕК-ке дейінгі мемлекеттік гранттар (әлеуметтік осал топтарға);
Жұмыс орындарын субсидиялау – "Жастар практикасы", "Алғашқы жұмыс орны", "Ұрпақтар келісімшарты";
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту (жұмыс орнында, оқу ұйымдарында және онлайн) сынды мүмкіндіктер ұсынады.
– Жұмыс тәжірибесі жоқ жастарға не ұсынылады?
Оқу орнын енді бітірген жастар үшін "Жастар практикасы" қарастырылған. Бұл жоба маман ретінде алғашқы тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Ал "Ұрпақтар келісімшарты" аясында зейнеткерлік жасқа жақындаған мамандар өз тәжірибесін жастарға үйретеді.
– Өз ісін бастау үшін не істеу керек?
Жеке кәсіп ашқысы келетін жастар "Бастау Бизнес" арқылы оқып, әлеуметтік осал топтар қатарынан болса, 400 АЕК көлемінде грант ала алады. Бұл жоба толықтай автоматтандырылып, онлайн жүзеге асырылады.
– Тағы қандай цифрлық мүмкіндіктер бар?
2021 жылдан бастап skills.enbek.kz платформасы жұмыс істейді. Онда еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқуға болады. Сонымен қатар, "Mansap Compasy" атты жаңа платформа іске қосылды. Бұл жүйе арқылы мектеп бітірушілер мен студенттер сұранысқа ие мамандықтар, білім беру талаптары және гранттар туралы ақпарат ала алады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда балалар мен жастар арасында жиі кездесетін 6 аурутүрі жөнінде жазған едік. Денсаулық сақтау министрлігі дерегіне сәйкес балалар мен жасөспірімдер санатындағы азаматтар арасында бірқатар ауру түрлері жиі кездеседі.
Abai.kz