Аш халық пен тоқ Путин…

ЕО Ресейге қарсы санкциялардың 18-ші пакетін бекітті. Сөйтіп:
* ЕО Ресей мұнайына шектік бағаны барреліне 60 доллардан 47,6 долларға дейін төмендетті.
* Ресейдің 22 банкіне санкция салды.
* Кремльге көмектесіп отырған Қытайдың бірқатар банктері де санкцияға ілінді.
* Үндістандағы «Роснефть» мұнай өңдеу зауытына да соққы жасалды.
* Солтүстік ағын мен Солтүстік ағын 2 тоқтатылды.
* Ресейдің көлеңкелі флотының тағы 105 кемесі қара тізімге енгізілді.
РЕСЕЙ ҮКІМЕТІ НЕ ДЕП ЖЫЛАЙДЫ?
Жалпы осы санкциялар Ресейге әсер етіп жатыр ма, өзі? Әлбетте! Мұны Ресейдің өзі-ақ айтып жатыр. Сол Ресейдің министрлерінің өлермен-жыларман сөздерінен теріп айтсақ:
РФ Қаржы министрі Антон Силуанов: 2025 жылы Ресей шығындары 20%-ға артқан. Бюджетте 3,7 трлн рубль тапшылық пайда болды. Бұл былтырғы жылдан 6 есе көп.
РФ Энергетика министрі Сергей Цивилев: Ресейдің мұнай компаниялары санкцияларға байланысты мұнай өңдеу зауыттарын жөндеуде қиындықтарға тап болып отыр.
РФ Энергетика министрлігі: Ресейде көмір өндірісі саласының шығыны 112,6 млрд рубльге жеткен. Бұл «қызыл зона» деген сөз. 51 шахта мен кеніш жабылып жатыр. Ресейдегі ең ірі көмір кені - Кузбасста десек, ондағы 151 кәсіпорынның 20-сы банкроттыққа таяған. Сәйкесінше жұмысшыларды жаппай қысқарту науқаны басталып кетті. Кузбасста Ресейдегі таскөмір өндірісі мен құнды маркалы өнімнің 60%-ы өндіріледі. 110 мың адам жұмыссыз қалмақ.
Осылай тізе берсек, әңгіме көп... Енді Ресейдің кейбір халықаралық жобалардағы қиындықтарынан бірлі-жарым сөзмысал жазайық:
МӘСКЕУДІҢ УӘДЕСІН ОРЫНДАМАДЫ: АҚШАСЫ ЖОҚ...
Бірінші: Анкара Мәскеумен келісім жасап, «Росатом» компаниясы Түркияда АЭС құрылысын бастаған еді. 2010 жылы екі ел келісім жасап, 2018 жылы АЭС-тің құрылысы басталды. Жоспар бойынша 2024 жылы алғашқы реакторлық блок қолдануға берілуі тиіс еді, алайда жоспар орындалмады.
Ал жуырда Түркиядағы «Аккую» АЭС-ін салып жатқан ресейлік мамандарға жалақы беру тоқтатылған. Екі айдың ішінде қызметкерлер саны 12 мыңнан 3 мыңға дейін қысқартылған.
Ресей тарапы АЭС құрылысына қажетті кей шығынды өтей алмайтынын білдіруде. Ақпан айында Ресей Түркиядан АЭС-ке қажетті шығынның бір бөлігін өзіне алуды сұрады. Бұл Ресейге салынған санкциялар және төлем жүйелерін бұғаттаумен байланысты болатын.
Екінші: Қазақстан мен Ресей 2023 жылы келісім жасасып, Ресей Қазақстанға 3 бірдей ЖЭС салуға көмектесуі тиіс-тін.
Премьер-министр Олжас Бектенов әлгінде Ресейден ешқандай ұсыныс пен әрекет болмағанын, Қазақстан әрі қарай Ресейді күтіп отырмайтын айтты. Әуелгі келісім бойынша 3 ЖЭС Көкшетауға, Семей мен Өскеменге салынуы тиіс еді. Үшеуінің құны 3 млрд доллар деп есептелген.
Алайда, күні-бүгінге дейін Ресейден не ұсыныс, не қаржы болмаған. Сол себепті, Көкшетауға ЖЭС салу бойынша жұмысты «Самрұқ-Қазына» өз бетінше бастап кеткен. Қазір жаңа инвестор іздеуде.
БАҚ: «2025 жылы Ресей тарабы Қазақстанға ескертіп, санкциялық шектеулердің салдарынан уәде етілген ЖЭС құрылысына қаражат бөле алмайтынын айтқан», - деп жазуда…
Үшінші: Бұған АҚШ-тың 50 күндік ультиматумын қосыңыз. Егер осы аралықта Ресей бітімге келмесе, Ресейден мұнай сатып алушы елдерге жоғары тарифтер мен санкциялар салатынын айтты.
Мұны естіген Үндістан әл-әзірден: Ресейден мұнай алуға санкция салынатын болса, басқа балама елдердің мұнайын сатып алатынын айтты.
«Біз бұл мәселеге қатысты мүлде алаңдамаймыз. Егер бұл болжам іске асса, яғни жанама санкция салу қаупі туындаса, онда біз мұнайды өзге елдерден алуды арттырамыз. Үндістан мұнай алуды әртараптандыруда. Қазір біз мұнай жеткізетін елдердің санын 27-ден 40 елге ұлғайттық», - деді Үндістанның мұнай министрі Хардип Сингх Пури.
Түйін: Ресейдің негізгі табыс көзі мұнай және газ саласы саналады. Ресейдің мұнай-газын негізінен Үндістан мен Қытай сатып алуда. Үндістан нарығындағы мұнайдың 35%-ы ресейлік мұнай саналады.
Солай, міне. Санкция деген көзге көрінбестей болғанымен, салдары сойқан. Мәскеу әзірге түр бермегенімен, іші бүріп, ыңырси бастағаны бұлтартпас факт.
Abai.kz