Сенбі, 26 Шілде 2025
Жаһан жаңғырығы 217 0 пікір 25 Шілде, 2025 сағат 13:26

Франция Палестина мемлекетін мойындамақ!

Сурет: bbc.com сайтынан алынды.

Алдағы қыркүйек айында, БҰҰ-ның кезекті отырысы басталу қарсаңында Франция билігі салтанатты түрде Палестина мемелекетін мойындайтынын жарияламақ. Бұл туралы Франция президенті Макрон әлеуметтік желідегі парақшасында ресми түрде жариялады.

«Еліміздің Таяу Шығыста әділдік пен мәңгілік бейбітшілік орнатуға атсалысу уәдесі бар еді. Соны жүзеге асыру үшін Франция Палестина мемлекетін мойындайды, бұл тарихи шешімді мен қыркүйектегі БҰҰ отырысында жаһанға жария етем», - деп жазды ол.

Макрон сондай-ақ, Палестина азаттық ұйымының төрағасы Аббасқада хат жолдаған. Онда Францияның Палестина мемлекетін мойындау арқылы Таяу Шығыста бейбітшілік орнауына түбегейлі өзгеріс әкелетіні, басқа елдерге де бастамашы болатыны айтылған.

Бұдан бірнеше ай бұрын Франция Сауд Арабиясымен бірлесіп, өзге де шетел басшыларының басын қосып, «екі мемлекет қағидатын» мойындайтын халықаралық жиын өткізуді жоспарлаған екен. Израильдың Иранға соғыс ашуына байланысты ол жоспар кейінге шегеріліпті. «Ештен кеш жақсы» деп, шілде айының 28-29 күндері министрлер деңгейіндегі отырысы Ню-Йоркте өтпек екен.

Бейресми мәлімет бойынша күні бүгінге дейін Палестина мемлекетін әлемнің 142 мемлекеті мойындаған. Израиль мен Палестинаның қатар өмір сүруін қамтамасыз ететін «екі мемлекет қағидатын» АҚШ пен Израиль ғана үзілді-кесілді мойындамай келеді. Англия, Германия, Франция қатарлы кәрі құрлықтың жетекші елдері мен Еуроодаққа кіретін өзге де елдердің бұл мәселеде көзқарасы әртүрлі.

Франция басшысы бірінші болып батыл қадамға барып отыр. Германияның жаңа басшысы «мұндай шешім жаңсақ түсінік тудырады» деп қолдамайтынын бірден білдірді. Англия уәзірі әліптің артын бағып көрмек. Макронның бастамасын қолдауға кет ары емес.

Франция президентінің мұндай шешім қабылдауына Газадағы гуманитарлық жағдайдың аянышты күйге түскені, Израиль тарабының жауыздығының шектен шығуы себеп болғаны анық.

Еуроодақ Нетаняху билігін тәубесіне түсіру үшін Израильге қарсы санкция дайындап жатыр екен. Еуроодақ Сыртқы істер министрі Калластың айтуынша, оған бұрынғы жасасқан сауда келісімдерін күшінен қалдыру, лауызымды тұлғалардың мал-мүлкін бұғаттау, визасыз байланысты тоқтату, ең бастысы қару-жарақ сатуды доғару қатарлылар кіреді екен.

Осы айдың басында Израиль билігі Еуроодақтың көмегін Газаға кіргізуге уәде берген. Жеме-жемге келгенде уәдесін орындамаған. Еуроодақта қарап жатпай, санкция дайындап жатыпты.

Әлемдік беделді басылымдар «Нетаняху билігі Газа тұрғындарын аштан қатырып, сол арқылы тарихи отандарын тастап кетуге мәжбүрлеп, Газадан палестиналықтарды тазалауды жоспарлап отыр» деп жарыса жазуда.

АҚШ президенті Трамп Ақ үйге келе сала бірінші болып Нетаняхуды қабылдап, артынан Газадан палестиналықтарды көрші араб мемлекеттеріне көшіріп, аталмыш аймақты жұмаққа айналдыру жоспарын жариялағаны белгілі. Газа тұрғындарын қарумен құрта алмаған соң, екі сыбайлас аштан қыру арқылы екі мақсаттарына жетуді ойластырып қойған сияқты.

Abai.kz

0 пікір