Бейсенбі, 7 Тамыз 2025
Жаңалықтар 121 0 пікір 7 Тамыз, 2025 сағат 18:37

«ALL STYLES BATTLE»: Алматыда жастар арасында би сайысы өтті

Алматы қаласында Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған «Alma Love» жастар фестивалі өтіп жатыр. Ауқымды жоба Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Фестивальдің алғашқы күні «Funky Town» шығармашыл жастар бірлестігінің ұйымдастыруымен «ALL STYLES BATTLE» би сайысы өткізілді. Шараға түрлі би бағыттарында өнер көрсететін 100-ден астам жас қатысуға өтінім білдірген. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 50 қатысушы финалға жолдама алып, өз өнерлерін паш етті.

Арбат алаңында өткен бұл мәдени іс-шараны тамашалауға 2000-нан астам қала тұрғыны мен қонақтары жиналды. Жеңімпаздар мен ерекше көзге түскен қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды. Би баттл көрермендерге жарқын әсер мен мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«ALL STYLES BATTLE» — жастардың би арқылы өзін-өзі еркін көрсетуіне арналған алаң. Қатысушылардың белсенділігі мен көрермендердің қызығушылығы бұл бағыттың жастар арасында сұранысқа ие екенін көрсетті. Жастардың қызығушылықтарын ескере отырып, алдағы уақытта осындай жарыстарді жиі өткізсек дейміз, - деді «Funky Town» шығармашыл жастар бірлестігінің жетекшісі Марат Ягфаров.

Айта кетейік, Алматыда Халықаралық жастар күніне арналған онкүндік іс-шаралар легі 3 тамызда басталған. Фестиваль бағдарламасы аясында экологиялық акциялар, спорттық турнирлер, квест ойындары, жастар мен әлеуметтік жобалардың көрмесі, Open Mic форматындағы концерттер және өзге де қызықты іс-шаралар жоспарланған.

Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі 12 тамыз күні Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтарын қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін мерекелік гала-концерт пен Алматының белсенді жастарын марапаттау рәсімі күтеді. Іс-шараға кіру тегін.

Abai.kz

0 пікір