Дүйсенбі, 11 Тамыз 2025
Жаңалықтар 1019 0 пікір 10 Тамыз, 2025 сағат 18:54

“Абай - әлемдік деңгейдегі тұлға” Мемлекет басшысының Абайдың 180 жылдығына арналған құттықтауын Сенат төрағасы оқып берді

Абай облысында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерейтой барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

Мемлекет басшысының құттықтауында Абайәлемдік ауқымдағы ғұлама екеніне және оның рухани мұрасы келер ұрпақ үшін де өзекті болып қала беретініне баса мән берілген.

«Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын. Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетамымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Хәкім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды», – делінген Президенттің құттықтау хатында.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде кейінгі жылдарда Мемлекет басшысының бастамасымен Абай мұрасы елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде де кеңінен насихатталып жатқанын айтты. Ұлы ойшылдың 180 жылдық мерейтойы бүкіл ел үшін маңызды рухани оқиға. Бұл ауқымды іс-шара халқымыздың парасат биігіне, адамгершілік құндылықтарға және ұлттық бірегейлікке деген ұмтылысының жарқын көрінісі екені анық.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлы ойшылды жан-жақты ұлықтауға үнемі баса мән беріп келеді. Соңғы жылдарда Абай мұрасын кеңінен дәріптеу үшін көптеген жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысының бастамасымен ресми түрде 10 тамыз – Абай күні болып бекітілді. Абай шығармалары әлемнің негізгі тілдеріне аударылды. Осы ретте Президентіміздің тапсырмасымен Алматыда Абай ұлттық мектебі бой көтеріп жатқанын да атап өткен жөн. Бұл бірегей білім ордасы қазақ зиялыларының жаңа буынын қалыптастыруға қызмет етпек. Сондай-ақ ұлы ойшыл бізге «Толық адам» тұжырымдамасын өсиет етті.Қазіргі таңда Абайдың бұл идеясы мемлекеттік саясатымыздың негізгі өзегіне айналып отыр.Мемлекет басшысы жариялаған «Адал азамат» тұжырымдамасы осы негізге табан тірейді.Президентіміз «Ұлттық құрылтайда» белгілеп берген озық ойлы ұлтқа тән қасиеттер де ғұламаның өсиеттерімен үндес. Осындай іс-шараларды Абайға тағзым ету ғана емес, оның ойларын заманауи тұрғыда жаңаша түсініп, өмірде жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік деп қабылдаймыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

Сонымен қатар Палата Спикері мерейлі дата аясында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам ауқымды іс-шара өткізіліп жатқанын тілге тиек етті. Олардың қатарында айтыс, ұлттық өнер фестивалі және тағы басқаіргелі жобалар бар. Абай мұрасына арналған «ABAY ACADEMIYASY» алғашқы энциклопедиялық порталы іске қосылып, Семейде инклюзивті кітапхана да ашылды. Бұл ақын өнегесін барлық санатта дәріптеу жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз.

Сенат Төрағасы өңірге сапары барысында Абай мен Шәкәрімнің кесенелерін зиярат етіп, Қарауыл ауылында ақын ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Ойшылдың мерейтойы Абай облысында ұлттық деңгейдегі мәдени оқиғаға айналып, оған 15 елден келген делегация өкілдері, зиялы қауым, жастар мен қоғам қайраткерлері, барлығы 30 мыңнан астам адам қатысты.

Abai.kz

Суретті түсірген: А.Байжұманов

0 пікір