Алматыда Жастар күніне орай әлеуметтік жобалар көрмесі өтті

Алматыда Халықаралық жастар күніне арналған «Alma Love» жастар фестивалі аясында «SOCIAL LAB» атты әлеуметтік жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шара Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен өтті.
Қаламыздың ірі сауда орталықтарының бірінде өткен көрмеде жастарға бағытталған 20-дан астам жоба таныстырылды. Олардың қатарында инклюзивті театр, волонтерлік бастамалар, ашық аспан астындағы кино көрсетілімдері, тегін оқыту курстары, «Тілдер саябағы» жобасы, профилактикалық бағдарламалар, жасанды интеллект пен робототехникаға арналған бастамалар бар.
«Бұл көрменің басты мақсаты – қала тұрғындарына әлеуметтік маңызы жоғары жобаларды таныстырып, оларды қолдау. Біз жастардың бастамаларына жағдай жасап, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік бергіміз келеді», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
Көрмеге қала тұрғындары мен қонақтары белсенді қатысып, өз қызығушылықтарына сай жобалармен танысты. Қатысушылардың бірі Мамыр Ғани өз әсерімен бөлісіп:
«Мұнда көптеген пайдалы және қызықты жобаларды көрдім. Болашақта олардың біріне қатысып, үлес қосқым келеді», – деді.
Айта кетейік, Алматыда Халықаралық жастар күніне арналған онкүндік іс-шаралар легі 3 тамызда басталған. Фестиваль бағдарламасында экологиялық акциялар, спорттық турнирлер, квест ойындары, Open Mic форматындағы концерттер және өзге де қызықты іс-шаралар бар.
Фестивальдің салтанатты жабылуы 12 тамыз күні Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтарын қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концерт пен Алматының белсенді жастарын марапаттау рәсімі күтеді. Іс-шараға кіру тегін.
Abai.kz