Бейсенбі, 11 Қыркүйек 2025
Билік 1555 0 пікір 19 Тамыз, 2025 сағат 14:29

Танзила Нарбаева: Қазақстанның абыройы әлемге танылған!

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Мемлекет басшысы Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады.

Кездесу барысында қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының өзекті мәселелері парламентаралық байланыстарды дамыту тұрғысынан талқыланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Танзила Нарбаеваға ілтипат білдіріп, оның Астанаға сапары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың айрықша сипатта өрбіп келе жатқанын растайтынын атап өтті.

Мемлекет басшысы қос халық арасындағы достық, тату көршілік байланыстарды нығайтуға Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенаты төрағасының қосқан үлесін жоғары бағалады.

– Сіздің сапарыңыз елдеріміздің арасындағы достық қатынастарды нығайту тұрғысынан өте маңызды. Біз бауырлас Өзбек елімен ынтымақтастығымызды дамытуға ерекше мән береміз. Мұны Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауда өте маңызды фактор деп санаймыз. Екі елдің ықпалдастығы неғұрлым тығыз әрі табысты өрбіген сайын, жалпы өңірдегі жағдай да тыныш болады. Сіздің сапарыңыз парламентаралық байланысты кеңейту үшін шын мәнінде маңызды рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.

Астанаға келген Өзбекстан Сенатының төрайымы Танзила Нарбаева елордадағы өзгерістерге оң баға беріп, қазақстандықтардың Тоқаев жүргізіп жатқан реформаларға разы екенін айтты. Ол Қазақстанның беделі жаһандық деңгейде жоғары екенін атап, Өзбекстан әрдайым сенімді серіктес болатынын жеткізді.

Abai.kz

0 пікір