Сейсенбі, 19 Тамыз 2025
Жаңалықтар 363 0 пікір 19 Тамыз, 2025 сағат 20:00

Экономикалық өсім және экспорт: Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымындағы 10 жылды қалай пайдаланды

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

2025 жылы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қосылғанына 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында ел өзін халықаралық сауда жүйесінің белсенді және жауапты қатысушысы ретінде танытты.

Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 2015 жылдың 76,5 миллиард АҚШ долларынан 2024 жылдың 134,7 миллиард долларға дейін өсті. Экспорт көлемі 45,8 миллиардтан 77,6 миллиард долларға дейін артты. Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы саудасының шамамен 98 пайызы ДСҰ-ға мүше елдермен жүзеге асырылады.

Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелігі елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етті. Тікелей шетелдік инвестициялар 2015 жылы4,1 миллиард доллардан 2024 жылы 12,7 миллиард долларға дейін ұлғайды. Бұл – бизнесті реттеу саласындағы ашықтық пен болжау саясатын тұрақты жүргізудің нәтижесі.

Қазақстан үшін маңызды кезеңдердің бірі 2022 жылы Женева қаласында өткен ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясына төрағалық етуі болды. Бұл іс-шара ДСҰ конференцияларының тарихындағы ең табысты шаралардың бірі ретінде танылды. Конференция барысында әлемдік сауданы дамытуға бағытталған оннан астам негізгі шешім қабылданды.

2024 жылдың қыркүйегінде Женевада Қазақстанның сауда саясатына алғашқы шолу жүргізілді. Шолу қорытындысында ДСҰ-ға мүше елдер Қазақстанның сауда саясатын реформалау бойынша атқарған жұмыстарын жоғары бағалады. Оған рәсімдерді оңайлату, ашықтықты арттыру, экономиканы әртараптандыру және жаһандық сауда жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға қосқан үлесі жатады.

Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелігі елге дауларды шешу тетігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ұлттық экономикалық мүдделерді тиімді қорғап, біржақты сауда шектеулерінің енгізілуіне жол бермеуге жағдай жасайды. Осы арқылы басқа мемлекеттер Қазақстанды ДСҰ мүшесі ретінде құрметтеп,мәселелерді көпжақты жүйе аясында шешуге басымдық береді.

Кеден әкімшілігінде де маңызды реформалар жүргізілді. ДСҰ-ның сауда рәсімдерін оңайлату туралы келісімін орындау шеңберінде Қазақстан электрондық декларациялауды, «Бірыңғай терезе» жүйесін енгізді және деректерді автоматты өңдеуге көшті. Кеден бекеттерінің жаңа моделін енгізу және пост-бақылау қағидатын қолдану рәсімдерден өту уақытын екі күннен 20 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

ДСҰ-ға мүшелік - Қазақстанның экономикалық саясатын жаңғыртудың маңызды факторы. Ел халықаралық саудаға тереңірек интеграциялануды жалғастырып, әділ әрі тиімді жаһандық экономикалық архитектураны қалыптастыруға белсенді атсалыса береді.

Abai.kz

0 пікір