Ұлт болудың азабы...

№36. Мектеп және ұлт
Ұзақ жылдар мектепте мұғалім болған, әлі де мектеппен байланысы бар, отбасында мектеп жасындағы балаларын тәрбиелеп отырған шәкірттерімнің бірі қонаққа келіп мектеп мәселесін талқыладық.
***
Біріншіден, биылғы жылы Астанада ашылған мектептің көпшілігі аралас мектеп дейді. Екіншіден, биылғы жылы Астана қаласында ондаған мектеп пен балабақша басшылары қылмыстық жауапқа тартылды дейді. Бір қарағанда бір-бірімен байланысы жоқ мәселелер, бірақ тереңдей қарасаңыз аралас мектеп пен қылмыстық іс арасында тығыз байланыс бар. Сіз қандай байланыс болуы мүмкін деп, әрине, маған сұрақ қоясыз. Мен былай жауап берер едім.
Бұл жердегі басты мәселе Қазақстан республикасының, қазақ халқының 30 жылдан астам уақытта ұлттық мектепті қалыптастыра алмағандығы.
***
Алаш қайраткелері 1920 жылдары, өздері қуғын-сүргінде жүріп революция мен азамат соғысынан азып-тозып шыққан қазақ елінде ұлттық мектеп жасап шығарды. Алаш азаматтары тегіс репрессияға ұшырағанда да, жүздеген мың қазақ азаматын жалмаған ІІ дүниежүзілік соғысты бастан өткергенде де бұл мектептер өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Себебі Алаш азаматтарынан үлгі-өнеге көріп қалған бірді-екілі мұғалімдер болды. Білім саласындағы советизация (ком академия т.б.), сырттан оқу жүйесі, шаласауаттылық заманында олар сонау Ахмет Байтұрсынов ағаларымыз салған жолды жалғастырды. Мұғалім деген ұғымды, кәсіби және қоғамдық қызметті Алаш қайраткерлері енгізді. Біз қазіргі күні кейде мұғалім орнына ұстаз, оқытушы деген сөзді қолданамыз. Ұстаз –ұста сөзінен шығады, бір істі терең игерген адам, мысалы мен қазақ тарихы мен этнографиясы саласында ұстамын. Оқытушы – белгілі бір мамандық иесі, сол мамандық туралы білім мен тәжірибені өзгеге жеткізуші. Мұғалім болса тек қана білім тасымалдаушы ғана емес, ол оқушыға жан/рух беруші, А.Байтұрсынов жазғандай «Мектептің жаны –мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақ».
Осы түсінік күшінде тұрғанда ауыл ішінде мұғалім өте беделді болды, ел де, басшылар да мұғаліммен санасар еді, оның айтқанына құлақ түрер еді. Мен Алаш ұлттық мектебінің дәстүрін ұстаған соңғы мұғалімдерді көрдім, сіздердің де біраздарыңыз көрдіңіздер.
***
КСРО-да 1930 жылдардан бастап «Совет мектебі» үлгісі (моделі) білім беру және идеологиялық жоба есебінде жұмыс істей бастады. Бұл жоба алдымен және негізінен орыс тілді білім жүйесі арқылы іске асырылды. Оның оқулықтарын жазған және іске асырған Моисей Ароновичтер т.б. болды. Бұлар ақылды және айлалы адамдар еді және партияның басты тапсырмасы советтендіруді, шын мәнінде орыс тілді совет халқын қалыптастыруды мектеп арқылы іске асыруды басты нысана қылып алды және жүзеге асырды.
Мәскеудің тоталитарлық үстемдігі кезінде ХХ ғасыр басында ұлттың зиялы қауымы жасап берген ұлттық мектеп үлгісін КСРО құрамындағы республикалар әр түрлі деңгейде, бірі аз, бірі көбірек сақтады. Біздегі ашаршылық, 1930 жылдардағы репрессиялар және ІІ дүниежүзілік соғыс кезіндегі адам шығыны, Тың игеру және өндіріске байланысты жер ауып келушілер тасқыны қазақтың демографиялық жағдайына қатты соққы болды және жалпы мектеп ісінің орысшалануына алып келді. Дегенмен аз-маз қазақ мектептері өз жолын жалғастыра берді.
***
*Бізде «ауылдан шығып академик болды» деген сөз бар, мәселе ауылдан шыққандығында емес, Алаш дәстүрі сақталған мектепте оқып академик болғандығында. Себебі қалалардың бәрін орыс тілділер басқан уақытта қазақ мектебі тек қазағы басым ауылдарда ғана сақталды. Ең сорақысы орыстандыру алыс ауылдарға да жетті. Мен 1980 жылдардағы этнографиялық экспедицияларда ХХІІ партсьезд (қазақша атауы Теңіз ауданы Қарақойын –Қашырлы ауылы) сияқты бір орысы жоқ шалғайдағы таза қазақ ауылдарында орыс мектептерін, оның дүбара оқушыларын көрдім. Ол ортадан академик шығуы мүмкін емес.
***
Советтік орыс тілді мектеп жүйесі бүкіл Ресей және оның ықпалындағы елдерде әлі де басым. Бұл жүйе білім беру тұрғысынан бұрын жаман емес еді, бірақ жалпылама білімге көп көңіл бөлінетін. Мәселен КСРО кезеңінде біз бүкіл әлемнің географиясын бес саусағымыздай танығанымызбен, қазақ жері туралы хабарымыз өте үстірт болушы еді. Мектеп беретін білім қазіргі күннің талаптарына қаншалықты жауап береді, оны әр пәннің мамандары өздері анықтайды. Ал тәрбие тұрғысынан Советтік орыс тілді мектеп жүйесі мәңгүрттендіру, орыстандыру орталығы болатын. Моисей Ароновичтер мектептің тәрбие жұмысы ғана емес, пәндердің мазмұны арқылы да ұлтсыздандыру процесін қамтамасыз етуді ойластырды. Алдымен этникалық негізден ажырату, белгілі дәрежеде космополитизмге ыңғайлау, одан кейін тамырдан ажыраған маргиналдарды орыстандыру. Бұған жүздеген-мыңдаған мысал келтіруге болады, себебі бұл мектептен өткендер біздің ортамызда толып жүр. Менің есіме осыдан бірнеше жылдар бұрын You tube-тен көрген бір ролик түсіп отыр. Ресейден Қазақстанға көшіп келген апалы-сіңілі екі әйел адам Айбар деген блогермен сухбаттасып отыр. Біреуі екіншісіне, «Есіңде ме, біз «Не дай Бог выйти замуж за казаха!» деуші едік қой» дейді. Бұлардың бағына қарай бір ағаларының арқасында Қазақстанға келген, қазақ азаматтарымен тұрмыс құрған т.б.
Бізге маңыздысы бойжеткен қазақ қыздарына «Не дай Бог выйти замуж за казаха!» -ны айтқызу әдістемесі. Бұл кешенді түрде мектеп пәндері, тәрбие жұмысы, қоғамдық өмір арқылы жасалатынын біздің білім саласының теоретиктері біледі ме?! Әрине, РФ-да билік бұл процесті тікелей қадағалайды, белгілі дәрежеде басқарады.
***
Қазақстанда орыс тілді, немесе аралас мектептер аз емес. Жалпы мектептің саны 7637, соның ішінде 1121орыс, 2778 аралас мектептер (2022 жылғы дерек). Бұл мектептер білім беруін беретін шығар, бірақ қазақ азаматын тәрбиелемейді. Тағы бір мәселе орыс мектебін бітіргендерге орыстық имперлік жұғады да ескі дағдымен өздерін жоғары ұстайды. Бұл астамшылық қазір күні ашық болмаса да сезіліп тұрады, бұрын Н.Масанов т.б. кезінде ашық айтылушы еді. Оның «Лишь небольшая часть потомственных горожан-казахов (10-15 проц) являются носителями индивидуального образа жизни и ментальности», немесе «они оканчивают казахскую школу, говорят и мыслят преимущественно на казахском языке, по отношению к ним русско-европейская культура выступает как иноэтническая, чужеродная. И хотя эта маргинальная группа постепенно осваивает городской образ жизни, новые ценностные ориентации и привычки, тем не менее они не могут полностью интегрироваться в городскую культуру» дегенін оқыңыз (Қара: Н.Амрекулов, Н.Масанов. Казахстан между будущим и настоящим. Алматы,1994.сс.166-179).
Әрине, қазіргі күні билік тарапынан ұлтсыздандыру мемлекеттік саясат түрінде жүрмейді, бірақ жекелеген чиновниктер барлық деңгейде (білім беру, ғылыми гранттар т.б.) өзінің советтік-орыстық тәрбиесіне бола орыс тілділер мен жобаларға бүйрегі бұрып тұратыны жасырын емес. Соңғы кезде көбейіп кеткен әр түрлі жеке меншік мектептер мен балабақшалар қаншалықты ұлттық? Билік тарапынан жеке меншік мектептер мен бақшаларды түгел қадағалау мүмкін емес, олардың не оқытып қандай тәрбие беріп жатқанын Бір Алла біледі. Жақында ғана You tube-тен қазақ бала бақшасының тәрбиешісінің балдырғандарға «Матушка святая Русь» әнін үйретіп жатқанын көрдік.
***
Біз бұл әңгімені орыс тілді және аралас мектеп пен қылмыс арасындағы байланыстан бастадық. Бұл байланыстан құтылудың бір ғана жолы бар, ол ұлттық мектеп. Мәселе, тек пәндерді қазақша оқыту, мектеп және сынып қабырғаларына этносурттерді салып қоюда ғана емес, мәселе мектептің бүкіл оқу және тәрбие жұмысын ұлттық мүддеге арнау. Ескерілетін мәселе қазақ ұлттық құндылықтары, бұл жерде Абай мұрасы бізге басты нысан болады. Алдымен еңбек қадірі (еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей), одан кейін әділет (хақ жолы осы деп әділетті сүй), одан кейін ынсап- иман, одан кейін бүкіл Түркістан-Орталық Азияның жарқын кезеңдері (Қарахан дәуірі т.б.), одан кейін техника, ғылым, әдебиет, өнер саласына ерекше сіңірген жасампаз тұлғалар т.б. Ұлттық мектепті жасау дегеніңіз мектепке тәрбиелі, білімді мұғалімдерді дайындаудан басталады, яғни ЖОО мектептің ұлттық болуына бірден-бір жауап береді. Екіншіден, сапалы және ұлттық мазмұндағы оқулықтар . Бұл жерпде орыстың дәстүрімен әлемдегі бүкіл ғылыми жаңалықтарды ашқан ресейліктер деген жол бар (Радионы ойлап тапқан Попов деген сияқты т.б.), немесе өз тарихымыздан тұлғаларды теңіздің түбінен маржан сүзгендей тауып алуға болады. Мысалы біз Қарахан дәуірінен тек әл-Фарабиді ғана білеміз, ал Бируни, Хорезми, Әбу әли Сина ше, олар да бүкіл Түркістан әлеміне ортақ тұлғалар.
Қазақ ұлттық мектебі адалдық пен әділеттің орнаған жері болады ма, әрине болады. Біздің халқымыз қанша соққы көрсе де өзінің төл қасиеттерін түгел жоғалтқан жоқ. Бұрыңғы текті әулеттер, олардан шыққан азаматтар қырғынға ұшырағанымен әлі де жұғын бар. Қазақтың бүкіл тарихы халқына адал қызмет жасаған қағандар мен хандарға толы, ал төл дәстүрлеріміз мәрттікке және адам сүйгіштікке (эмпатия) негізделген. Қазақ болу- ол рыцарь болу, яғни әділетшіл болу, осы қарапайым және жарқын түсінікті бақша мен мектепке сіңіру, советтік тоталитарлық санадан, постсоветтік ұрлық-қарлық пен азғынданудан құтылу сондай қиын шаруа ма?!
Проф. Жамбыл Артықбаев
Abai.kz