Жұма, 29 Тамыз 2025
Білгенге маржан 510 0 пікір 28 Тамыз, 2025 сағат 13:19

Қазақ хандығын державалық деңгейге көтерген тұлға!

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Қазақ хандығының тарихында елдің бірлігін сақтап, аумағын кеңейту жолында күрескен хандардың бірі - Тәуекел хан. Ол XVI ғасырдың соңында, дәлірек айтсақ, 1582 жылдан бастап 1598 жылға дейін хандықты басқарды.

Оның билікке келуі мен Орталық Азияда жүргізген жаулап алу жорықтары - Қазақ хандығының жаңа кезеңге ұмтылуының белгісі еді. Тәуекел хан тек батыр қолбасшы ғана емес, сонымен қатар, көреген саясаткер ретінде танылды. Қазақ хандығының тұтастығы күшейіп, халықаралық қатынастар жүйесінде айтарлықтай орын ала бастады.

Тәуекел ханның билікке келуі мен тарихи жағдай

Тәуекел хан - Жетісу мен Сыр бойын мекендеген қазақ руларының қолдауымен билікке келген Шығай ханның ұлы. Ол жастайынан әскери істерге бейім өскен тәжірибелі сардарлардың бірі еді. Шығай хан Бұхар хандығымен тығыз байланыс орнатып, Абдолла ханмен одақ құрған болатын. Шығай ханның өмірінің сонында Бұхар әскерінің құрамында Самарқанд мыңында шайқасқа қатысып, сол арада қайтыс болады. Оның орнына баласы Тәуекел билікке келеді. Осы кезеңде Орталық Азиядағы жағдай өте күрделі еді. Бұхар хандығы, Моғолстан, Қазақ хандығы және Қоқан секілді күштер арасында өзара билік үшін күрес жүріп жатқан. Шайбани әулетінің әлсіреуі, тартыстар мен көрші мемлекеттердің бытыраңқылығы Тәуекел хан үшін тиімді тарихи мүмкіндік болды. Ол осы жағдайды оңтайлы пайдаланып,  Қазақ хандығының шекарасын кеңейтуге кірісті.

Тәуекел хан үшін ең басты саяси және әскери қарсылас Бұхар хандығы болды. Осы мемлекет сол кезде Орта Азиядағы ең қуатты саяси құрылымдардың бірі еді деуге болатын. Сол тұстағы Бұхар ханы Абдолла II өзінің билігін Мауераннахр аумағына, соның ішінде Ташкент, Самарқанд,  Бұхара сияқты ірі қалаларға жүргізіп отырған еді. Бұл қалалар, тек сауда мен медениеттің ғана емес, сондай-ақ, стратегиялық маңызы бар ірі және бай қалалар болатын.

1580 – 1590 жылдары арасында Қазақ хандығы мен Бұхар хандығының арасында бірнеше рет ірі соғыстар болды. Соғыстар көбіне Сырдария бойындағы қалалар Түркістан, Сауран, Отырар, Шымкент, Ташкент үшін жүрді. Тәуекел хан алдымен Ташкент пен Түркістанды өзінің бақылауына алып, бұл аймақтарда тұрақты билік орнатуға тырысты. Түркістан қаласының, Қазақ хандығының рухани және әкімшілік орталығы ету идеясы да осы кезде пайда болды. 1598 жылы Абдолла ханның денсаулығы нашарлап, мемлекет үшінде алауыздық күшейген тұста, Тәуекел хан шешуші жорық жасауға бел шеше кірісті. Ол Бұхар хандығына қарсы жетпіс мыңға жуық сарбаздан құралған әскерді бастап, Орталық Азияның тереңіне қарай жорық жасады. Қазақ әскері қысқа уақытта Сайрам, Шымкент, Түркістан, Ташкент секілді маңызды қалаларды тартып алды. Әскері Самарқанд пен Бұхара қалаларына дейін жетті.

1598 жылғы жорық Тәуекел ханның ең ірі әскери стратегиялық қадамы болды. Осы жорық кезінде Қазақ әскері Бұхарға дейін барып, қаланы қоршауға алды. Алайда, қоршау барысында Тәуекел хан ауыр жарақат алды. Ол жарақатынан айықпай, көп ұзамай қайтыс болды. Осы жағдай жорықтың соңына апарды. Бірақ, жорықтың өзі Қазақ хандығы үшін үлкен жеңіс болып саналды.

Тәуекел ханның жорықтарының нәтижесінде Түркістан мен Ташкент сияқты қалалар Қазақ хандығының құрамына өтті. Бұл қалалар хандықтың сауда -  экономикалық әлеуетін арттырды. Сонымен қатар, бұл қалаларда ислам діні мен қазақ мәдениеті кеңінен дамып рухани орталыққа айналды.

Тәуекел хан тек әскери іс-шаралармен шектелмей, сыртқы саясатты да белсенді жүргізді. Ол көрші елдермен, соның ішінде Мәскеу патшалығы және Сібір хандығымен дипломатиялық байланыс орнатуға талпынды. Оның бұл әрекеті Қазақ хандығының халықаралық аренадағы беделін көтеруге бағытталды. Мәскеумен достық қарым-қатынас орнату арқылы Тәуекел хан Бұхара хандығына қарсы одақтас табуға үміттенді. Ол Ресейге елшілер жіберіп, сауда және саяси қолдау жағдайларын талқылады. Бұл сыртқы саясаттағы көрегендік, Қазақ хандығының аймақтағы позициясын күшейтті.

Айтарымыз, Тәуекел хан Қазақ хандығының тарихында ерекше орын алатын ірі тарихи тұлға. Оның билік еткен кезеңі - Қазақ хандығының күшейіп, Орталық Азиядағы беделінің артуымен сипатталады. Тәуекел хан жауынгерлік қасиетімен қатар, саяси көрегендігімен, стратегиялық ойлау қабілетімен ерекшеленеді. Оның Бұхар хандығына жасаған жорығы, оңтүстік қалаларды жаулап алуы, сыртқы саясаттағы қадамдары Қазақ хандығын державалық деңгейге жеткізді. Тәуекел ханның қайсарлығы мен табандылығы, бүгінгі ұрпақ үшін тәуелсіздіктің, бірліктің және мемлекетшілдіктің жарқын үлгісі деп нақты айтуға болады.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір