Қазақстан–Қытай стратегиялық әріптестігі: Тяньцзинь саммитінің маңызы

Бүгін Қытайдың Тяньцзинь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) 25-ші мерейтойлық саммиті өз жұмысын бастады. Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары қытайлық жетекші БАҚ-та кеңінен жарияланып, негізгі назар стратегиялық серіктестікті тереңдету мен өңірлік тұрақтылыққа аударылып отыр.
Осыған орай Қытайдағы консалтингтік компанияның коммерциялық директоры, Ухань қаласындағы Huazhong Agricultural University түлегі Әйгерім Зиябекова саммиттің Қазақстан үшін маңызына қатысты пікірін білдірді.
Тяньцзиньде өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) мерейтойлық саммиті Қазақстанға аймақтық қауіпсіздік пен жаңа экономикалық серіктестік тұрғысынан қандай мүмкіндіктер әкеледі деп ойлайсыз?
ШЫҰ саммиті Қазақстанға ең алдымен аймақтық қауіпсіздікті күшейтуге жаңа алаң ұсынады. Терроризм, экстремизм, киберқауіптер сияқты ортақ қатерлерді бірлесіп шешу мәселелері Қазақстан үшін де өзекті. Бұл жерде Президент Тоқаевтың бастамалары келіссөздерде жиі көтеріліп жүр: әсіресе шекара маңындағы ынтымақтастықты кеңейту секілді бағыттар.
Экономикалық тұрғыда да үлкен мүмкіндіктер бар. Қазақстан көлік-логистикалық торап ретінде ерекше рөл ойнайды. Себебі Қазақстан арқылы өтетін транзиттік дәліздер Қытайды Еуропамен байланыстырады. Демек, саммит Қазақстанға тек қауіпсіздік мәселелерінде ғана емес, жаңа инвестиция тартуда да қосымша мүмкіндік береді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайды Қазақстанның «мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптесі» деп атады және екі ел арасындағы сауда айналымы рекордтық 44 млрд долларға жеткенін атап өтті. Бұл көрсеткішті одан әрі арттыру үшін қандай салаларға басымдық берген дұрыс деп санайсыз?
44 млрд долларлық көрсеткіш екі ел қарым-қатынасының қарқынды дамып келе жатқанының айғағы. Бірақ алдағы жылдары бұл өсімді сақтау үшін бірнеше жаңа салаларға көңіл бөлу маңызды.
Біріншіден, ауыл шаруашылығы. Қазақстан экологиялық таза өнімдерімен Қытай нарығында сұранысқа ие бола алады. Тоқаев осыны әрдайым атап өтеді, бірақ негізгі міндет шикізатпен шектелмей, терең өңделген өнім экспорттау.
Екіншіден, энергетика мен «жасыл» технологиялар. Қазақстан үшін баламалы энергия көздері мен цифрлық шешімдерді дамыту маңызды, ал Қытайдың тәжірибесі бұл тұрғыда пайдалы.
Үшіншіден, көлік-логистика. Бұл сала қазірдің өзінде дамып келеді, бірақ Қазақстан үшін жаңа дәліздер ашу, тасымал құнын азайту өзекті мәселе. Тоқаевтың ұстанымы да осы Қазақстан тек шикізат жеткізуші емес, өңірлік хабқа айналуы тиіс.
Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстың да маңыздылығын ерекше айтты. Қытай туризмінің жылы және Пекиндегі Қазақстан Мәдени орталығының ашылуы халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға қалай ықпал етеді?
Мәдени-гуманитарлық байланыс екі ел қатынастарының ең ұзақ мерзімді әрі сенімді негіздерінің бірі. Қытай туризмінің жылы Қазақстанды Қытай азаматтарына жақындатады, олар біздің тарихымызды, табиғатымызды, тұрмысымызды өз көзімен көре бастайды. Бұл өзара сенім үшін үлкен қадам.
Пекиндегі Қазақстан Мәдени орталығы да осы бағытта маңызды рөл ойнайды. Ол жерде қазақ әдебиеті, музыкасы, тарихы жүйелі түрде таныстырылады. Президент те мұндай бастамаларды қолдап қана қоймай, оларды екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің «адамдар арасындағы дәнекері» деп санайды.
Abai.kz