Жұма, 5 Қыркүйек 2025
Қоғам 860 0 пікір 5 Қыркүйек, 2025 сағат 13:20

Президент тапсырмасы әлі орындалған жоқ!

Суреттер: informburo.kz және kazgazeta.kz сайттарынан алынды.

Ел экономикасының орнықты дамуы – кәсіпкерліктің тынысына тікелей байланысты.

Бизнес қанат жаю үшін қолжетімді қаржылық құралдар қажет. Оның негізгі көзі – банктер.

Президент екі жыл бұрынғы Жолдауында:

  • корпоративтік секторды несиелеуде бәсекелестікті күшейту үшін үш шетелдік банкті нарыққа кіргізу,
  • банктердегі «қозғалыссыз жатқан» 2,3 триллион теңгені экономикалық айналымға жіберу және оны электронды платформа арқылы іске асыру жөнінде нақты тапсырма берген болатын.

Ал бүгінде жағдай қандай?

Нарықты реттеу және дамыту агенттігінің дерегіне сүйенсек, екінші деңгейлі банктердің депозитінде 44 трлн теңгеден астам қаржы жинақталған.

2025 жылғы шілдеге дейін банктер 22,6 трлн теңге несие бөлген. Бірақ оның басым бөлігі ипотека мен тұтынушылық несиеге кетіп жатыр. Ал бизнестің несиеге қолы жетпей отыр.⸻

Осыған орай бүгін Мәжілістегі AMANAT партиясы Фракциясының отырысында Үкімет мүшелеріне, оның ішінде Вице-премьер Серік Жұманғаринге мына үш сұрақты қойдым:

1) Неге осы күнге дейін шетелдік үш банкті нарыққа кіргізуге не кедергі немесе кім кедергі болып отыр?

2) Қашан екінші деңгейдегі банктер бизнесті қолжетімді қаржыландыруға нақты бетбұрыс жасайды? Кезінде мемлекет оларға млрдтаған қаржы құйып көмектесті. Енді олардың кезегі.

3) Бұл мәселе қашан шешіледі? Әлде Президент тапсырмасы орындалмай қала ма?

Өкінішке қарай, Вице-премьердің жауабы — тек жалпылама сілтеу болды: «Бюджеттен бизнесті жыл сайын 1 трлн теңгемен қаржыландырамыз, геосаяси жағдай кедергі болып отыр».

Екі жыл өтті. Президент тапсырмасы – әлі орындалған жоқ. Жауапкершілік қайда?

Парламент те, халық та нақты жауабын білуге тиіс. Өйткені бұл – елдің экономикалық болашағы мен кәсіпкерліктің тағдырына қатысты мәселе.

Қалай ойлайсыздар: банктер әдейі кедергі келтіріп немесе кейбір топтар банктерді «қасиетті сиыр» қылып, бизнеске қаржыны әдейі тежеп отырған жоқ па?

Еділ Жаңбыршин,

Мәжіліс депутаты

Abai.kz

0 пікір