Сенбі, 6 Қыркүйек 2025
Ақмылтық 520 0 пікір 5 Қыркүйек, 2025 сағат 14:45

«Қуырдақтың көкесін» 2029 жылға таман көреміз бе?

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

КІМГЕ СЕНЕРІН БІЛМЕЙТІН ЕЛМІЗ!

Кеше елі іші (сырты да) бір дүрлікті: жоғары лауазымды, президентке бір табан жақын тұлға мен сол маңайдан табылып жүрген кәсіпкердің тұтқындалғаны туралы ақпарат жарқ ете қалды. Және де ол хабар анау-мынау емес, ресми тіркелген, оқырманға біршама таныс БАҚ-та жарық көрді. Басқасын айтпағанда, WhatSapp пен TikTok, Instagram-ның алып-қашпа ақпаратының өзіне имандай сеніп жүрген ел бұл жаңалыққа қалай сенбесін?!

Бірер сағаттан соң бірқатар ресми органдар бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Бүгін болса, хабарды алғаш таратқан БАҚ айтқанынан қайтпай, елді дүрліктірген ақпаратты сайтынан алмай отыр. Яғни, тартыс аяқталған жоқ.

Мұның бәрі билік ішіндегі каланаралық тартыстың жарқын көрінісі екенін саясаттану факультетінің бірінші курсының студентінен бастап, бәрі де біледі. Ол жағын таратпай-ақ қояйын (ол туралы айтып та, жазып та келеміз). Тек бұл бақталас, тақталас мемлекетіміздің Тәуелсіздігі мен тұрақтылығына, жер тұтастығына залал келтірмесе деп ойлайсың.

Менің айтайын дегенім басқа нәрсе.

БІЗДЕ ҚОҒАМ СЕНЕТІН АҚПАРАТ КӨЗІ БАР МА?

Мемлекеттік органдар мен ресми БАҚ жүйесіне жұрт құлай сене ме?

Жоқ! Өйткені олар қоғамда болып жатқан әртүрлі, соның ішінде билікке жақпайтын жайттарды жазып-көрсетуге ниетті емес, олар таратып жүрген ақпарат ағыны біржақты. Ол теріс үрдіс ескі Қазақстанда болған, Жаңа Қазақстан да сол сүрлеумен жүруге дағдылана бастаған сыңайлы.

Және де бізде мемлекеттік органдар мен жеке шенеуніктер белгілі бір кланның қарауында екені белгілі. Әркім өз кланының атын шақырады, соның сойылын соғады. 2029 жыл жақындаған сайын, бұл тенденция күшейе бермек. Жасан айтпай жақсы жоқ (бетін аулақ қылсын!) күні ертең бір министр ақпарат таратып, екінші министр оны жоққа шығаратын жағдайға тап болуымыз әбден ықтимал! Сонда аңтарылған ел кімге сенбек?!

Өзін тәуелсіз деп атайтын, іс жүзінде нақты кландар мен топтардың ақпараттық құлы боп жүрген БАҚ-тарға ма? Иә, олардың ішінде билікке қатты-қатты сын айтып, билікке наразы аудитория алдында бедел жинап жүргендері баршылық. Бірақ, «музыкаға кім тапсырыс береді, қызды сол билейді» демекші, олардың да шындығы жартыкеш, құрылтайшыларының тапсырысынан асып кете алмайды. Жеме-жемге келгенде олар өз қожайындарының айтқанынан шыға алмайды.

Осы орайда еліміздің ақпарат айдынында шалқып жүрген ресейлік БАҚ жүйесі туралы да қатты ойлануымыз керек! Бір күні олар елдің саяси өміріне қатысты, өздеріне қажет, бізге зиянды ақпарат таратса ше? Күні-түні солардан көз ашпай, соларға сеніп қалған жүрт не ойлап, не істемек?!

Әрине, мемлекеттік БАҚ жүйесіне шығармашылық еркіндік ұсынып, қиын тақырыптар мен әртүрлі алып-қашпа әңгімелерді ашық та қоғам өкілдерінің қатысуымен талқылауға мүмкіндік беріп, оларды нақты кландар ықпалынан босатып, батыл қадамдар жасалса, жұрттың ол жүйеге деген сенімі қалпына келер еді. Бірақ, қайдам, қазіргі билік дәл сондай әрекетке барады деп айта алмаймын.

Олай болса, ішкі және сыртқы қауіп-қатерлердің алдын алу үшін елімізде объективті де жан-жақты ақпарат бере алатын, қоғамның өзі құрылтайшы болатын БАҚ жүйесі қажет-ақ!

Қазақ елінің ақпараттық бостандығы мен қауіпсіздігі қатар жүретінін енді ғана түсіне бастаған сияқтмымыз ба, қалай?

PS. Бір қызығы президенттің өзі әлі де үнсіз. Маңайындағы сарышаяндар бір-бірін талап, жеп жатқанын ол кісі білмейді емес, біледі деп ойлаймын.

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір