Жасанды интеллектінің тілі – қазақ тілі болуы тиіс!

Біз қаласақ та, қаламасақ та жасанды интеллект өміріміздің барлық салаларына тереңдей енетін болады. Бұл ғалам дамуына тән заңдылық. Дегенмен әр ел осы даму үрдісін өзінің ұлттық мүддесіне қарай ыңғайлап жатыр. Өйткені ЖИ деген бір қарағанда жансыз, рухсыз, цифрландырумен ғана байланысты дүние сияқты көрінгенімен оның ұлттың ұлт ретінде дамуына да әсері орасан болғалы тұр.
ЖИ қызметі ұлт зейінімен байланысты. Ғылым, білімнен бөлек әлеуметтік өмір мен тұрмыстық қолдануға қатысты барлық салаға дейін жасанды интеллектіге тәуелді болады. Ол түгілі ұлттың тілі, әдебиеті, өнері, музыкасы, бар руханияты да жасанды интеллекті арқылы жаңа құбылысқа енеді. Соның тілінде сөйлейді, соның тілінде тілі шығады. Дамыған елдерден ЖИ-ге негізделген, ағылшын, қытай, жапон, тб тілдерде «сөйлейтін» техникалар мен технологиялар, цифрлық бағдарламалар, басқа да өнімдер жаппай келе бастайды. Осының бәрін қазақ тілінде сөйлету де стратегиялық міндеттердің бірі болуы шарт. Бір сөзбен айтқанда елімізде жасанды интеллект тілі қазақ тілі болуға тиіс.
Жолдауда Цифрлық кодексті тезірек қабылдау қажет екені де айтылды.
Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс екені айтылды. Осы заңда ЖИ-дің тілі мәселесі де көрініс табуға тиіс.
Сондай-ақ, Президент қойған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыратын «Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі» құрылатыны да айтылды. Меніңше, осы министрліктің бір департаменті «ЖИ-ді ұлттық тілге бейімдеу департаменті» деп аталса дұрыс болар еді. Қазірдің өзінде мемлекет ЖИ -дің қазақ тілінде сөйлеуіне ерекше назар аударып, үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Қазақ тілінің ұлттық тіл моделі жасалды. Әлі де қолға алынуға тиіс жұмыс орасан.
Президент айтқан 3 жылда толық цифрландырылған мемлекет құру межесіне жеткенде мемлекеттік тілдің мерейі үстем болып тұруға тиіс.
Әділбек Қаба
Abai.kz