Ұлыларды ұлықтап, ұрпаққа үлгі еткен ақын
Алаш қайраткерлерінің бейнесін балалар әдебиеті мен жасөспірімдерге арналған поэзияда бейнелеу – өткен мен бүгінді жалғайтын рухани көпір. Мұндай туындылар жас оқырманның мемлекетшілдік және азаматтық жауапкершілік сезімін дамытады. Серікбай Оспанұлының поэзиясын осы бағыттағы көркем үлгі деп тануға болады. Өйткені ол тарихи тұлғалардың өмірін күрделендірмей, бірақ терең астармен, түсінікті тілмен, балалар мен жасөспірімдерге арнап поэтикалық әсермен жеткізеді.
Ақын балалар поэзиясына тарихи тұлғаның бейнесін енгізу арқылы ұлт тарихын бала санасына жақындатудың жаңа үлгісін ұсынған. Оның «Ахмет ата», «Әлихан Бөкейхан», «Міржақып Дулатұлы», «Нәзипа Құлжанова» атты өлеңдері бір мақсатқа бағынады, яғни: Алаш зиялыларының ел тағдырына сіңірген еңбегін ұрпақ жадында жаңғыртып және оларды адамдық пен білімнің, әділдік пен отансүйгіштіктің символы ретінде көрсеткен.
Ақын Серікбай Оспанұлының поэтикалық тәсілі – күрделі тарихи тақырыпты баланың қабылдау мүмкіндігіне икемдеп, қарапайым ұғым, айқын образ, мөлдір интонация арқылы рухани сабақтастық орнату. Мысалы, «Ахмет ата» және «Ахмет ата арманы» өлеңдер циклында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы тұлғасын ағартушылық пен адамдықтың тұғырлы бейнесі ретінде ақын былайша сомдайды:
«Ғылым, білім жинаған,
Жинап, елге сыйлаған,
Жазған алғаш «Әліппе» –
Ең ардақты сыйлы адам» – осы жолдарда Ахметтің еңбегі – «білім мен елге қызметтің» символы. Ақын оны құр тарихи тұлға емес, бала жүрегіне жақын «ата» ретінде танытады. Мұнда «ата» сөзі ұлттық тәрбиенің өзегіне айналған рухани туыстықты білдіреді.
Ақын Серікбай Оспанұлы Ахметтің күрескерлігін де бала танымына лайық метафоралармен береді:
«Алға бастады,
Алынды асқары,
Бұлттан қап-қара
Ашылды аспаны» – бұл поэтикалық суреттеу арқылы ақын ұлт азаттығын аспанның ашылуымен теңестіріп, Ахмет бейнесін азаттық таңын әкелген жарықпен ұштастырады.
«Әлихан Бөкейхан» атты өлеңде Серікбай Оспанұлы ұлт көсемінің азаматтық рухын бала поэзиясының қарапайым тілімен асқақтатады:
«Өткен күнге қайрылмай,
Қапаланып, қайғырмай,
Ұмтыл, ұмтыл, бас алға,
Тізгіннен енді айрылмай!» – мұнда ақын ұмтылыс пен ерік еркіндігін Алаш идеясымен сабақтастырады. Әлиханның бейнесі – өмірге сенімді, елін ілгері бастайтын көшбасшы тұлға. Бұл – бала бойына табандылық пен елшіл рух сіңіретін көркем үлгі.
Ал «Міржақып Дулатұлы» өлеңі Алаштың күрескер рухын жандандырады. Ақынның көркем тәсілі – тарихи үнді қазіргі поэзия тілімен жаңғырту:
«Оян, қазақ, қалғыма,
Қара анықтап алдыңа!» – деп Міржақыптың әйгілі үндеуі поэтикалық ритм арқылы қазіргі балаға тікелей үн қату формасында беріледі. Бұл тәсілде ақын «оян» ұғымын метафоралық қимылға, рухани серпіліс символына айналдырады. Ақын Серікбай Оспанұлы Міржақып бейнесін достық және бауырластық қатынаста көрсетеді: «Ахметтің жан досы, Серігі әрі інісі». Бұдан ақын Алаш зиялыларын жеке дара тұлға ретінде емес, рухани қауым, ортақ мақсаттағы ұлт ұйытқысы ретінде танытқысы келетіні байқалады.
Ақын Алаш қозғалысындағы әйел тұлғасын да назардан тыс қалдырмайды. Оның «Нәзипа Құлжанова» атты өлеңі қазақ балалар поэзиясында сирек кездесетін зиялы әйел затының көркем образы:
«Жанашыр боп балаға,
Қалап ойы өскенін,
Өткізген ол қалада
Әдебиет кештерін» – мұнда ақын Нәзипаның ағартушылық еңбегін, Абай шығармаларын насихаттаған қызметін айқын суреттейді. Өлең соңындағы жолдар: «Оған өлең арнаған, Алғыс айтып ұлы Ахаң» деп Алаш зиялылары арасындағы рухани сабақтастық пен өзара сыйластықты танытады. Нәзипа бейнесі арқылы автор қыз балаға білім мен өнер жолындағы ерлік пен мейірімділіктің үлгісін ұсынады.
Серікбай Оспанұлының Алаш тақырыбындағы өлеңдері тек тарихи еске алу ғана емес, тәрбиелік бағдарлама, адамдық кодекс. Ақын әр кейіпкері арқылы балаға ұлттық құндылықтарды дарытқан. Сондықтан Алаш тақырыбы балалар мен жасөспірімдер әдебиетінде міндетті түрде орын алуы тиіс. Бұл – ұлт тарихын сүюдің, сөздің қадірін танудың, еркін рухты сезінудің бастауы. Серікбай Оспанұлы сынды ақындардың еңбегі жас буынның жүрегінде «Алаш» ұғымын еркіндік, білім, әділет пен елдік идеясының символы ретінде орнықтырады. Осындай поэзия арқылы ұлттың рухани сабақтастығы үзілмейді, ал жас ұрпақ өз тарихына сергек әрі ойлы көзбен қарай бастайды.
Елдос Тоқтарбай,
жазушы
Abai.kz