Бейсенбі, 11 Қыркүйек 2025
Ғибырат 206 0 пікір 11 Қыркүйек, 2025 сағат 14:27

Ұлт руханиятының адал перзенті - Рамазан Тоқтаров

Сурет: ҚР ОМА 2309 қор. 1 тіз., 115 іс.

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен өрнек салған көрнекті қаламгер, жазушы, публицист Рамазан Тоқтаровтың туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Бұл айтулы күн – тек бір қаламгердің ғұмыр жолын еске алу емес, ұлттық руханияттағы асыл мұраны қайта жаңғыртып, болашақ ұрпаққа өнеге ету сәті.

Рамазан Тоқтаров 1935 жылы Павлодар қаласында туылған. Жастайынан кітапқа құмар болып, сөз өнеріне ерекше ықыласпен қарады. 1957 жылы Алматы шет тілдері институтының француз тілі факультетін бітіріп, Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің мәдениет және тұрмыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейді. Еңбекқорлығымен көзге түскен жас маман 1960 жылы арнайы шақырумен республикалық «Лениншіл жас» газетінің бөлім меңгерушісі болып тағайындалады.

1969-1972 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» журналының әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1973 жылы «Жазушы» баспасының аға редакторы қызметін, 1980 жылы Қазақстан Жазушылар одағының қазақ прозасы бөлімін басқарды.

1972 жылы Москвадағы полиграфия институтының көркем және балалар әдебиетінің республикалық баспасының редакторлық, 1983-1985 жылдары М. Горький атындағы әдеби институтының екі жылдық жоғары курстарын бітіріп шығады. 1989 жылдан бастап «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары болады.

Р. Тоқтаров  европалық роман үлгісін қазақ әдебиетіне алғаш енгізген жазушы. Оның «Ертіс перзенті» атты ең алғашқы әңгімелер мен хикаялардан тұратын жинақ кітабы 1962 жылы жарық көреді. Кейін, ол сюжеттік емес, мазмұндық тұтастығын сақтайтын сериялық туындылар жазуға кіріседі. Атап айтсақ: «Бақыт» (1965), «Ертіс мұхитқа құяды» атты екі кітап (1968, 1969), «Тұлпардың сыны» (1975), «Жердің үлгісі» (1979), «Сусамыр» (1985), «Таңбалы жарғақтың құпиясы» (1990), «Жендет» (1991), «Бақытты құлдықтың ақыры» (1995), «Бітеу жара» (1996) атты романдары жарық көрген.

Ал, «Ғасыр наны» (1983) атты романы «Степные корни» деген атпен орыс тіліне аударылып басылған. Жазушының қаламынан туған шығармаларда қазақ халқының тағдыры, елдік пен ерлік мәселесі, адамгершілік құндылықтары терең көрініс тапты. Ол тарихи тақырыптарға қалам тербеп, ұлттың өткені мен бүгіні арасындағы рухани сабақтастықты көркем тілмен жеткізе білді. Оның прозасында қарапайым адамның жан дүниесі, қазақ тұрмысының шынайы суреттері айқын бейнеленген.

Талантты жазушының соңғы жазған «Абайдың жұмбағы» (1999) атты роман-хамсасы Абайдың өмірі мен қызметіне арналды. Бұл шығармасын қазақ әдебиетінде сирек кездесетін жанр – шығыстың хамса үлгісімен жазды. Мұхтар Әуезов заманында айта алмай кеткен Абайдың және сол кездегі тарихтың беттерін жаңа көзқараспен ашып, жаңа заман рухында көрсетіп берді. Осы шығармасы үшін әдебиет, өнер және сәулет саласындағы 2000 жылғы  Қазақстан Республикасының үкімет комиссиясының шешімімен «Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты» атағын алды. Бірақ сол атақты өзі көре алмай кетті.

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде Рамазан Тоқтаровтың жеке қорының құжаттары 2004 жылы жұбайы Күлмәшкен Тоқтарованың өтініші бойынша қабылданған. Құжаттар 1914-2003 жылдар аралығын қамтиды, онда шығармашылық құжаттары яғный романдары, пьеса, әңгімелері, очерктері, мақалалары, сұхбаттары және хаттар мен Р. Тоқтаров туралы естелік, өлең, мақалалар, оның еңбектеріне пікірлер кездеседі. Сонымен қатар өмірбаяндық құжаттары, жеке фотосуреттері мен белгілі ақын-жазушылар Ш. Мұртаза, Ә. Тарази, С. Шәймерденов, Қ. Бекхожин, М. Мағауин, Қ. Жұмаділов, С. Мұратбековтермен  түскен суреттері т.б. құжаттар жинақталған.

Сол құжаттардың ішінде Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың өз шәкірті Рамазан Тоқтаров туралы: Рамазан Қазақстанның ең атақты жазушыларының бірі болды. Менің өзімнен озған № 1 шәкіртім болды. Ол 12 роман жазды. Менікі екеу-ақ. Өзімнен озған дейтін себебім сол. Мұндай шәкіртпен қалай мақтанбассың! Оның ерекше екі ерлігін айтқым келеді. Біріншісі: Павлодардағы жылы үйін, облыстық газеттің мәдениет бөлімінің меңгерушісі деген жақсы қызметін тастап, Алматыға келіп, қайыршының аз-ақ алдында күн кешіп жүріп, ойға алған арманын орындағаны – жазушының биік мұратқа жеткені. Екіншісі: Әуезовтей әлем әдебиетінің алыбы жазған Абай туралы оның екінші роман жазғаны. Алда «Абай жолындай» әдебиеттің асқар тауы тұрғанда, сол романның бас кейіпкері туралы жаңа роман жазуға кімнің жүрегі дауалар? Оны жазамын деп қандай батыр қолына қалам алар? Ал соған Рамазанның жүрегі дауалады. Қолына қалам алды. Жазды. Жариялады. Ұлы ұстазы Әуезовке де көлеңке түсірген жоқ. Өзі де көлеңкеде қалған жоқ. Қайта, жақсы атқа жетті – Абай атындағы мемлекеттік сыйлық лауреаты атағына ие болды – деп еске алады.

Рамазан Тоқтаров – өз дәуірінің ғана емес, келешек ұрпақтың да рухани шамшырағы. Оның қалдырған мұрасы – ұлттың рухани байлығы. Жазушының 90 жылдығын атап өту – өткенге тағзым, болашаққа аманат.

Даут К.

«Орталық мемлекеттік архив» РММ Жеке тектік архивтермен және тарихи-құжаттық топтамалармен жұмыс жасау бөлімінің архивисі

Abai.kz

0 пікір