Жұма, 12 Қыркүйек 2025
Әдебиет 472 0 пікір 12 Қыркүйек, 2025 сағат 13:11

Жолын ашып арманымның жүрші үміт

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Жуырда Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Ерғазы Манапұлының «Найзатапқан» атты жыр жинағы баспадан жарық көрді.  Біз бүгін Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына ақын Ерғазы Манапұлының өлеңдерінен топтама ұсынғанды жөн көрдік...


Жаркент мешіті

Ай артынан ай туар қияқтанып,
Дүние дүбірлейді күй ақтарып.
Асқақтайды Жаркент-мешіт мұнарасы,
Тарихтың қолтаңбасы сияқтанып.

Бәріне куә мынау аспан-айна,
Адамнан қай уақытта асқан айла.
Хон Пиктің өнеріне тамсанасың,
Құрмет қып қол соғып Уәлібайға.

Иіліп ізгіліктің мың бұтағы,
Ұлы өнер дөңгелегін жылжытады.
Шегесіз шегенделген көркемдіктің,
Жанға жылу дарытар сұлу сазы.

Қиюында әр ағаштың сыр бұққандай,
Сырларын сағат сайын сырғытқандай.
Жаркент жәдігерін аты мәлім,
Жазамын бұдан артық жыр ғып қандай.

Уәлібай да емес екен сараң адам,
Барлығын безбенге сап саралаған.
Жәдігерді біз-дағы қадірлейміз,
Атағы Алты алашты аралаған.

Сәулеттің бұл жүзігі жарқыраған,
Сан зауалдан  ап шыққан басын аман.
Өткеннің күннің дүрбісі- Мешіт-мұра,
Болашаққа  сәулесі шашыраған.

Құлагер - уақыт

Сар желдіріп уақыт Құлгерін,
Құлақ күйін арманның бұрап едім.
Мың сайрам мақамға сап әуенімді,
Жалт етіп жанарыңа шыға келдім.

Сездің бе туған далам- тыныс-бағым,
Ырысыңнан  армансыз уыстадым.
Аязыңнан үйрендім бекемдікті,
Дауылыңнан күш алдым құныспадым.

Баркөрнеуге тіреп ап арқамды кең,
Арда ұлыңдай алшаңдап шалқақ жүрем.
Орбұлақ мойнымдағы бойтұмарым,
Арқас тау қолымдағы қалқан білем.

Бейбіт күнде бес қару асынбаймын,
Берекеммен көз тартар асылдаймын.
Мен өйткені Қазан көл секілдімін,
Болмашыға тепсініп тасынбаймын.

Жақсылық тілер болсам тосылмаймын,
Ондайда Абылайдың қосындаймын.
Найза жонған бабалар бір кездері,
Ақтастының алмасты тасындаймын.

Күнге қолын созатын қарағаймын,
Көк бөрі боп төріңді аралаймын,
Қатпары қалың тарих құпияңмын,
Таңдануы таусылмас баладаймын.

Сар желдіріп уақыт Құлагерін,
Құлақ күйін арманның  бұрап едім.
Кеудеме сыймаған соң орамды ойым,
Жалт етіп жанарыңа шыға келдім.
Беу, дүние!

Өмір әліппесі

Тірлік заңын сан жаттап,
Түсінбей-ақ қойғаным.
Жүргеніммен қалбақтап,
Ал бір басқа ойларым.

Қарға біткен қарқылдап,
Қыранбыз деп шулайды.
Өзін-өзі алқымға ап,
Жүрек құрғыр тулайды.

Қара жерді басамын,
Өкшем болса сүп-сүйір.
Өз жолымды қашадым,
Шың басына тік те иір.

Падишасы көңілдің,
Мен, мен, мен едім.
Әліппесін өмірдің,
Тауыса алмай келемін.

Күндерім ағады алға

Тоқтатар шара бар ма,
Күндерім ағады алға.
Барлығын есепке алып,
Шулап жүр ала қарға.

Шындықты шымшып алып,
Болып жір шымшық – алып.
Адасып ой-орманда,
Біз ғана тыншымадық.

Бір құдай жазалағыр,
Мұндар бар аза-қабір.
Кеңсеге сіңіп алып,
Мыңдарды мазалап жүр.

Түсіме түрпі енеді,
Оянам қорқып жатып.
Жанымның жіліншігін
Сорады солқылдатып.

Бейәдеп, сайқал қоғам,
Ашылған омырауы.
Азанды естіртпейді,
Храмдар қоңырауы.

Шама мен шара бар ма,
Қараны қараларға.
Есірткі емізігі,
Ессіз күн ағады алға.
Салмағы саналарға...

Қамшы

Дырау қамшы бұзау тіс,
Бес қарудың бірі еді.
Дойырларға дырау-күш,
Кең даланың жүрегі.

Оңында да, солында,
Ер жігіттің пірі еді.
Жайшылықта қолында,
Сәндік үшін жүреді,
Қайшылықта тірегі.

Тірлігінен мың күнгі,
Белгісі еді парықтың.
Бүлінгеннен бүлдіргі,
Алмайтұғын халықтың.

Осы қамшы есі еді,
Осы қамшы сесі еді.
Бағы да осы бес елі,
Қайтқан жаудың меселі.

Қанша мықты аңыз бар,
Пайымдасақ, пысықтап,
Ел басқарған абыздар,
Қамшыменен ұшықтап.

Тентектің де ұршығын,
Тезге салған деседі.
Ер жігіттің қырсығын,
Бір тартқаннан кеседі.

Би дауына көнбеген,
Айтылмаса жан сыры.
Хан алдына көлденең,
Кесе тастап қамшыны.

Дат сұраған уәжді,
Ақиқатты алға сап.
Осы игі дәстүрді,
Жақсылықпен жалғасақ.

Жыны буған бақсылар,
Жеткен кезде уағы.
Қолына алып қамшыны,
Сайтандарды қуады.

Тасығанда несібең,
Маңдай тер боп тамшылар.
Ал бүгінде сесінен,
Айырылған қамшылар.

Жөнді-жөнсіз шатылып,
Мәнсіз болып мұрады.
Сувенир боп сатылып,
Дүкендерде тұрады.

Майға салса еріген,
Қамшының да жаны бар.
Түп атасы теріден,
Тобылғыдан сабы бар.

Қасиетін қамшының,
Білетұғын ел керек.
Бабасының жан-сырын,
Жаза алмаған зерделеп,
Менің дағы жотамнан,
Тартып жібер кермелеп
Уа, аруақ...

Алтын тұғыр

Армысың туған елім, туған далам,
Мен де бір белін бекем буған балаң.
Тыныштықтың бесігін сен тербетсең,
Жүрейін аман-есен жылғаңда аман.

Қолтығымнан демейсің қуғанда арман,
Өткізіп өткел бермес қорғандардан.
Кең төсіңде думандатып мен жүрейін,
Бай ұлындай бақыттан бұлғаңдаған.

Еңбектен өзгеге ойы бұрылмаған,
Ойың да аман болсыншы қырың да аман.
Қойнауы құт-береке туған ауыл,
Шегірткесі шаттықтан шырылдаған.

Ауылым қиялыма кепіл берген,
Биік қойман қашанда еркімді елден.
Күн тұрсын төбемізде шуақ шашып,
Әжемнің таба наны секілденген.

Өрісі малға толған жоны майлы,
Ауылымды беу, кімдер танымайды.
Ырысын үлпілдетіп, шүлпілдетіп,
Жылдарды жылжытады жонып айды.

Балалықтың тел еміп тәтті дәмін,
Шыбықты ат қып мініп шапқыладым.
Дем беріп желпіндірген, жетелеген,
Ауылым – алтын тұғыр, бақ тұрағым.

Болмайды ұлдары ынжық, қыз қапалы,
Иманды, инабатты, кіл баталы.
Қуанса аспанға атам бөркімді елмен,
Мұңайса  ауыл жүрекке мұз қатады.

Жерім  аман дейтұғын жұртым аман,
Абыздардан қаншама сыр тыңдағам.
Қариялар аман болсын, буындары,
Есіктің топшысындай сықырлаған.

Тірліктің осы емес пе сан ырғағы,
Қуаныштың түйірі қаныңдағы.
Маңдайымнан сипайтын сияқты ма,
Әжемнің қолтаңбасы қамырдағы.

Аспаннан жұлдыз түнде жиі ақты ма,
Соның өзі жарасымды  сияқты ма.
Гүліңнен күнде искейін о, туған жер,
Мекен  болған тұрақсыз, тұрақтыға.

Тастағы тарих

Зар заман көңіліңді қатайтады,
Қарт тарих қалай ғана қате айтады.
Қалмақ қырған, Аңырақай, Орбұлағы,
Шежіресін  әр төбенің  аты айтады.

Көл айтады жұмбағын  сан күбірлеп,
Жел айтады  заманды зар ғып үрлеп.
Кешегі Сақ пен Ғұнның ізі жатыр,
Туған жер тарихында мәңгі бүрлеп.

Басыңды қасиетіне иген кезде,
Топырағын  тағзым сүйген кезде.
Тарихын  теңбіл –теңбіл  тас айтады,
Жетісуға  табаның тиген кезде.

Тамшыбұлақ

Тамшыбұлақ дегенде Тамшыбұлақ,
Мәніңді ұға ала ма жан сығалап.
Ыңыршақты ырдуан дүниеге,
Әй, тамшы сіз де қонақ, біз де қонақ.

Төгіліп тамшы үстіне тамшы құлар,
Бұралған биші бұлар, әнші бұлар.
Дүрегей дүниеңіз дөңгеленген,
Әжедей құртқа толы жаншығы ұнар.

«Қараша шыдамаса екпінге кей,
Қайырыл қойқаңдамай бекпін демей».
Тәмсіл айтып тұрғандай тамшы біткен,
Тасымай, өрекпімей, екпіндемей.

Ұғатын шіркін соны құлық болса,
Мақтанға, пәс паңдыққа құлып болса.
Тіршілік  ырғағынан жаңылмас ед(і),
Пенде біткен тамшыдай тұнық болса.

Тамшыбұлақ, айналдым айылыңнан,
Қанағат, ынсап пенен қайырыңнан.
Замана зарын айтып тұрғандайсыз,
Зәбір көрген жандай боп бай ұлынан.

Тамшыбұлақ дегенде Тамшыбұлақ,
Өрмек өрген тамшыға тамшы құрап.
Көзі құрғақ болғанмен бұл қоғамның,
Көкірегіне жатыр ғой тамшы құлап.

Айғай құм

«Құмының да  буатын өзегін ән,
Табиғаттың біз де деп көркемі нән».
Жайраңдап   ақ  пейілмен күтіп алды,
Мектептің директоры Еркебұлан.

Шәйіна қанып алып Людмиланың,
«Айғай құм қайдасың» деп құлдиладым.
Құм мінезін тамашалап  талайлар жүр,
Сурет қып жатқан, тұрған ылғи  бәрін.

Өңкей құмнан жиылған тауды көрдім,
Бара сала аңсарым ауды менің.
Ашына ма бір сырды айтқысы кеп,
Тырнаған мәңгі бақи жан-жүрегін.

Құм жылай ма, күле ме, уілдей ме,
Ракета секілді гүрілдей ме.
Жарқылдап қарсы алады,  ән салады,
Жаны бардай құмдардың тірі бейне.

Қалған құм  ба бойына қызыр дарып,
Ұшырмайды долы  жел мұны нағып.
Мыңжылдықтың бір сырын айта ма деп,
Әр дыбысын тыңдаймын құшырланып.

Әнші құм

Мынау бір ғажайып қой  алабөтен,
Айғыр жал құм кімдерге пана, мекен.
«Құм жиылып тас болмас» деуші еді ғой,
Құм жиылса тау бола алады екен.

Әнші құм, сусылдақ құм, жылтырақ құм,
Табанымды менің де жылтып ақтың.
Төтеп тұр ғой дауылға, жауынға да,
Көрсетіп өр үлгісін ынтымақтың.

Сан адам сені келіп қызықтайды,
Аунап, кешіп қолына уыстайды.
Осы құмдай бола білсек  ынтымақты,
Бізге де еш жамандық жуыспайды.

«Кімге опа жеңілдік, жайдақ болмақ,
Есерлер ез етпей ме байлап,  торлап.
Бір-біріңді етектен тарта бермей,
Керісінше жүрсеңдер қорғап, қолдап.

Қарамай дәулетіне, киіміне,
Қадірлесең тағдырдың сыйы міне.
Қандасыңды жау көрмей дос санасаң,
Шығасыңдар бақыттың биігіне.»

Деген сөзді айтқың кеп адамдарға,
Бөлесің-ау ойыңды, санаңды онға.
Біз жүреміз «мына құм ән салды» деп,
Тамсанып, қайта түсіп тарам жолға.

Тізесін бүгетін асқақтың

Тізесін бүгетін асқақтың,
Даланың гүліндей шұғынық.
Сиқырлы сазындай аспаптың,
Қуантар, мұңайтар құбылып.

Ей, менің періштем, келіскен,
Жер басып жүрсің бе пендедей.
Көзінің алдында теріскен,
Рухани жағынан ең кедей.

Бейбақ та қарайды тамсанып,
Сілекей сезімін шұбыртып.
Ондайда әлемге жар салып,
Сырлы әнге басамын сызылтып...

Ізгілік нұрынан жаралған,
Жаныңды кім ұғар тереңдеп.
Күндерде көрмесі әр алуан,
Көрінбей қалсаңыз елеңдеп,

Жүремін дәуріштей дәлдіреп,
Жандарға жанарым жәудіреп.
Өзіңмен өмірім өрнекті,
өзіңмен бұл фәни мәндірек.

Теңбіл күн

Тепеңдеп барады теңбіл күн,
Екен деп жеңісім, жеңдірдім.
Тобықтан қажаған тағдыр ғой,
Оны енді сен білдің, мен білдім.

Аспанға жазатын арманын,
Құс-тілек лақтырды қармағын.
Нәпсіге қол беріп жүріптік,
Шығарып барады бармағын.

Опалап жасырған бет-жүзін,
Беу, дүние текті де тексізім.
Қулана қарап тұр мысқылдап,
Көзіне түсіріп кепкісін.

Тастаяқ добындай домалап,
Барады тәтті өмір обал-ақ.
Шатырын жел жұлған күндердің,
Қисынын келтірсем жобалап,
Жөн еді, құрсыншы...
Тұрсыншы...
Төбемнен таң нұры сорғалап.

Найзатапқан арасаны

Бұл да бір құдірет  қой сәп сағанға,
Дәру болған шипасы  әсте адамға.
Алақандай алаңда тоғыз бастау,
Ем дейді аяқ-қолы қақсағанға.

Ем дейді жүрек, бауыр, өкпеге де,
Сонан кейін адамдар көп келе  ме.
Найзатапқан қасиетіңнен айналайын,
Артық кетіп, кем соқсам өкпелеме.

Көп келеді жанына  ем іздеген,
Соқпақ болған сүрлеуі көне ізбенен.
Найзатапқан арасаны биікте тұр,
Салыстырсаң деңгейін теңізбенен.

Ия, рас тау ішінде орналасқан,
Алаңқай жоқ бұл жерде одан  асқан.
Тоғыз бастау дәмі де тоғыз түрлі,
Батпағы да шипалы қордаласқан.

Дауа тауып дертіне ем қонбаған,
Жүрегі қанша жанның жылып кеткен.
Табиғат өзі тегін емдеп жатыр,
Заманда дәрігерден құлық кеткен.

Неғылайын шындықты бұрып көптен,
Қасиеттің көзі бұл құрып кеткен.
Сенсеңіз де еркіңіз сенбесеңіз,
«Арбамен келген адам тұрып кеткен».

Жұрт айтады осылай  қасиетін,
Құдірет қой шынында бас иетін.
Тамыршыдай тап басып емдеп жатыр,
Зар илеген қаншама жанның дертін.

Уысына ұстап тұрған ғаламдарды,
Табиғат аялайды адамдарды.
«Иесі жылан»  дейді білетін жұрт,
Кіргізбейтін ниеті жамандарды.

Болмайды  мұнда әншейін келе салған,
Алдын ала жөн елден кеңес алған.
Найзатапқан – даланың емханасы,
Табиғаттың өзі иіп бере салған.

Күзгі әуен

Жаурадым жылу керек жанға мына,
Мынау қайың, анау тал тоңбады ма.
Шөп біткен дірдек қағып пана іздейді,
Алаңдап, аласұрып жан-жағына.

Құйғытады уақыттың кер шолағы,
Бірде артық біресе кем соғады.
Таяныш табатындай саяны іздеп,
Тұманы түртінектеп жер шолады.

Күздің сәні - құстардың сол бір әні,
Жаныңды жылылыққа толтырады.
Бусанып көз тігемін көшкен бұлтқа,
Ыстық суға түсіп ап Шонжыдағы

Мерейімді менің де аспандатқай,
Қызыл сары күйге еніп жатқан бақтай.
Күздің де кербезденер уағы осы,
Керемет деп көрсетер бас бармақтай.

Бөленіп жүре бергін құрметтерге,
Пейіл бірге ағайын тілек бірге.
Мейірім жоғалмаса адамдардан,
Күздің сызы өтпейді жүректерге.

Қарағайлар

Қарағайлар қайратты шашы таулардың,
Таулардан төмен біртіндеп қана аунар күн.
Күнменен бірге жарысып ұшып заулармын,
Заулап та жүріп шуақ нұрыңды аулармын.
Қарағайлар құт емес пе еді ғажайып,
Құтыңмен бірге барасың сен де азайып.
Етектен өрге ентігіп келіп тоқтаған,
Өрлігіңді сенің адамзат бар ма жоқтаған.
Қарағайлар – қарындаштардың бабасы,
Тәкәпар, асқақ, жоқ бірақ ешбір табасы.
Сұлулық пенен еркіндіктердің кіндігі,
Өзіңнен жасап жауға да шаптым сүңгіні.
Балағынан саулаған бала қайнар,
Қарағайлар қасқайған қарағайлар,
Қарағайды кеседі ал, ағайлар...

Өнеге

«Бала деген адамның жаны» –, дейді әкесі,
«Шырқалатын әуелеп әні» –, дейді әкесі.
«Басты байлық білімде, қанша бестік алдыңдар,
Күнделігің көрейін кәні» –, дейді әкесі.
«Адал еңбек, қанағат – қос  қанаты адамның,
Бұл өмірдің ерекше мәні», –  дейді әкесі.
«Ізігілік пен мейірім болсын дәйім бойыңда,
Абыройы адамның – ары», – дейді әкесі.
Еркелетіп отырып ерке, сұлу қыздарын.
Алақанмен аялап бір-бір дара шыңдарын
«Ибалық пен инабат –  қыздың басты қаруы,
Есте сақтап жүріңдер, ұмытпаңдар, жандарым».
Дейді анасы ас үйден мейірленіп, күлімдеп.
«Балапаным, ардағым қырда өскен гүлім» деп.
Шуақ төгіп арайлы, мейірімге толып айнала,
Шаңырағы шаттықтың осындайдан білінбек.

Асығамын

Асығамын, асығамын үйге мен,
Асығамын ұл-қызымды көруге.
Асығуды уақыттан үйренгем,
Көнбетұғын тоқтауға, бөлуге.

Асығамын өрнекті өлең етуге,
Милрымды кернегенде ой-мұрат.
Асығамын мақсатыма жетуге,
Кедергінің қабырғасын ойғылап.

Асығамын жаңалықтар тыңдауға,
Асығамын жақсылықты оқуға.
Асығамын ақылымды шыңдауға,
Даналардың даналығын тоқуға.

Пікір еркін, ақыл еркін, ой еркін,
Еркін болсын елдігім  де әмәнда,
Асықпауға және менің жоқ еркім,
Зымыранмен жағаласқан заманда.

Жалаңаш күн

Осы күні арман өзге күй бөлек,
Асыл үміт келеді алға сүйрелеп.
Қаламымды ойғамалып жыр жазам,
Жалаш күн омырауын түймелеп.
Бәтеңкемнің тас кемірген өкшесін,
Өлең етсем жыр құмар жұрт сөкпесін.
Қиялымның қабырғасын сөкті өмір,
Ұшақтардай тілгілеген көк төсін.
Ұста, шебер қадір тұтар балғасын,
Ұяң ойым балға астында қалмасын.
Құрақтардай асыл әжем көктеген,
Ойларымды сезім жібі жалғасын.

Айна алдында

Жұмыстан қайтсаңшы деп сәл ертерек,
Шығарып сап тұрады жар еркелеп.
Тағдыр маған ұсынған сый-үлестен,
Таратамын әркімге тәрелкелеп.

Жарқырап көрінбесем бөлек істе,
Бөлінгені санам төрт, өрем үшке.
Ізгілікке ұйытып жүрем жұртты,
Жазылмаған заңдарда, кодексте.

Ырыс пен ынтымағым қойындасып,
Жатады жамандықпен сойылдасып.
Қарамай ағайынның көңіліне,
Білдіремін бүкпесіз ойымды ашық.

Ибалық есігінен құлып кетер,
Жаңғалаққа мазақтап күліп бекер.
Жауыздармен алысам жылпостармен,
Төрде отрып текеме тіліп кетер.

Алтын бесік

Ауылым – алтын бесік тербетілген,
Саяңда  асыр салып ержетіп ем.
Адалдықтың еседі ақ самалы,
Ағайын, туыс-бауыр, келбетінен.

Еңбекшім – көркің асыл жарқыраған,
Бауырыңда  өзені  сарқыраған.
Өсірген батыр ұл мен қайсар қызды,
Елі де мейірімді – алтын  адам.

Жазиралы кең өлкем – сайран  далам,
Мен сенің келбетіңе  қайран қалам.
Дәнештің әні болып қалықтаған,
Ерболдың ерлігі боп айбарланған.
Өлең еді өмірі, жаны – ізгі арман,
Халықтың пейілінен тамызғы алған.
Асылақын айтыстың алдаспаны,
Соңында ел айтатын аңыз қалған.

Бозторғайы ән салған тұрып алып,
Еңбекпен  көзін  ашқан ірі халық.
Қуаныш Сұлтановтай  сұңқар ұлды,
Ұшырған томағасын сырып алып.

Ағайын  ақ  пейілді сыр іздеген,
Көңіліне кір түзбеген, мұң түзбеген.
Жанпейісұлы Елеусіз – дара тұлға,
Мәдениеттің өрнегін тізгіндеген.

Уақыт өзі оларды даралаған,
Жандарына жылылық паналаған.
Әбдірешов Тұрсынның жөні бөлек,
Білімнің қайнар көзін саралаған.

Дүние бірде ілгері, кейін кеткен,
Түбіне дүниенің уайым жеткен.
Кіндікпаев Зейнелдің  тағдыр жолы,
Қиысқан Сәкен, Ілияс, Бейімбетпен.

Жан еді кеше басшы жалындатқан,
Кім екен азаматты арандатқан.
Халық жауы аталып асыл боздақ,
Тар  қапаста  жазасын өтеп қайтқан.

Жаралған жылылық  пен жарасымнан,
Өнердің өлкесінде бағы ашылған.
Мукаманов мақамын ел біледі,
Ән салса алты қырдан ары асырған.

Бір  күні артық, бір күннен кей ілгері,
Таусылмайтын қалжыңы, сейілдері.
Ауылдағы ағайын – алтын асық,
Суындай  тұнық,  таза  пейілдері.

Зымырандар

Барады қаным кеуіп, жаным ісіп,
Жаза басқан тағдыр-ай жаңылысып.
Зулайды төбемізден зымырандар,
Арлы-берлі ажалды алып ұшып.

Дөңгелейді  қаңбақтай құмыра-құт,
Зымырандар ұшқанда ыңыранып.
Жер-ананың жүрегі дір етеді,
Қабағымен жататын мұны бағып.

Ібілістің іркілдеп іріңді іші,
Келеді тағдырыңа үңілгісі.
Жұлыны жидіп кеткен мына қоғам,
Жұмақтан қуылғанның жұғындысы.

Демесіңе осылай шара бар ма?
Тұлымы желкілдеген дала бар ма?
Бақидың бақырауық әнін айтып,
Жардан жарға ұшады ала қарға

Кеселді ой көңілімді кілкітеді,
Жүйкемнен талшық етіп жүн түтеді.
Аспан жаққа асыққан түрпі біткен,
Пері боп періштені үркітеді

Қан жылаймын қайтадан жуып бетті,
Мейірім жүректегі суып кетті.
Байқоңырдан от алған бір зымыран,
Періштенің соңынан қуып кетті.

Ауылым

Армысың туған елім, туған далам,
Мен де бір белін бекем буған балаң.
Тыныштықтың  бесігін сен  тербетсең,
Жүрейін аман-есен жылғаңда аман

Қолтығымнан демейсің қуғанда арман,
Өткізіп өткел бермес қорғандардан.
Кең төсіңде думандатып мен жүрейін,
Бай ұлындай бақыттан бұлғаңдаған.

Еңбектен  өзегеге ойы  бұрылмаған,
Ойың да аман болсыншы қырың да аман.
Қойнауы құт -береке туған аймақ,
Шегірткесі шаттықтан шырылдаған.

Өзіңнен саф асылдың көркін көрем,
Ерлердің еркін жүрген бөркін көрем.
Күн тұрсын төбемізде шуақ шашып,
Әжемнің таба наны секілденген.

Өрісі малға толған жоны майлы,
Ауылымды, беу, кімдер танымайды.
Жігіттері  батыры бейбіт күннің,
Арулары алқа қылған тағып айды.

Жерім де аман дейтұғын жұртым да аман,
Абыздардан қаншама сыр тыңдағам.
Қариялар аман болсын, буындары,
Есіктің топшысындай сықырлаған.

Бәрі осының тірліктің  сан ырғағы,
Айтылатын әр түрлі жанрдағы.
Маңдайымнан сипайтын сияқты ма,
Әжемнің қолтаңбасы қамырдағы.

Аспаннан жұлдыз түнде жиі ақты ма,
Соның өзі жарасымды  сияқты ма.
Гүліңнен күнде искейін, о, туған жер,
Мекен  болған тұрақыз, тұрақтыға.

Тәуелсіздік

Қазынамды алыпты-ау тонап әбден,
Отаршылдар құрсаулап мол амалмен.
Желтоқсан көзіндегі қанды жасты,
Тәуелсіздік сүртеді орамалмен.

Құзғынның қанға тойған құлқындары,
Есіме алсам түршігем сол күнді әлі.
Ақ кептер боп кеудемді жарып ұшты,
Лықсып тұрған тарихтың толқындары.

Сан қасірет жиылып жалғандағы,
Сан ғасыр үміт жібі жалғанбады.
Семей болып жыртылған жүректерді,
Арал болып суалған армандарды.

Тәуелсіздік емдейді қаныменен,
Тәуелсіздік емдейді жаныменен.
Тамырымда бейбіт күн бүршіктері,
Тамырларын тереңге жайған ерен.

Тәуелсіздік сипайды маңдайымнан,
Тәтті жырым төгіліп таңдайымнан.
Азаттықтың естимін екпінді үнін,
Тауларымнан, бұлақтан, тал-қайыңнан.

Ай-хай далам, паң далам, қайран далам,
Естимісің даусымды жайраңдаған.
Егемен елімді еркін құшақтайын,
Арманда кетіп ең –ау қайран бабам..
 
Қасірет

Құпиясын білерміз мұның-дағы,
Қасірет қоюланды қанымдағы.
Ақтөбеде қырылды ақбөкендер,
Өзегінен үзіліп шыбын жаны.

Көзінде мөлдіреген дала жатты,
Демі бөлек далаға нала жатты.
Ақ-қарасын анықтар сарапшылар,
«Қауіп жоқ» деп ешқандай бара жатты.

Әлдеқайдан жөңкіліп тұман келген,
Тұманменен у-ы көп құрам келген.
Тосын тажал талмаудан жалмап қойды,
Тағдырды асыр салған бұраң белден.

Даламның көркі де еркі де еді,
Қыршынынан қиылып жер тіреді.
Адамнан көргені аздай бұл даланың,
Келімсек тұманы да «жем» тіледі.

Бұл да бір сыр дейміз ғой ғайып, керім,
Уақыт өзі жазалар айыпкерін.
Үкімет көме салған Ақбөкеннің,
Жүрегіме жерлеймін мәйіттерін.

Қара өлең

Жүргізген жасауындай қыздың көрім,
Тағдырдың сай саласын, кездің бе өрін.
Өрнегін өлеңімнің қиюлайын,
Тобылғы сап қамшыдай қырғыз өрім.

Жалынан асау арман ұстатқан ба,
Біз түгіл мінгізбейді тісқаққанға.
Арудай ақ боз үйден қылаң берген,
Сезімді селдетейін қысқы ақ таңда.

Төгілсе көңіл көлі ернеуінен,
Ағытайын тұлпарды белдеуінен.
Гүл майса  көк көйлекті тарту етем,
Алдырып етек-жеңі кеңдеуінен.

Басында күнде жиын әр төбенің,
Болса да бармап едім, қарт өлеңім.
Ат басын көптен бері бұрмап едің,
Кел, төрлет, қара өлеңім, мәртебелім.

Тарқатшы түйіндерін тіршіліктің,
Астына алып бәрінде бір шыбықтың.
Кеберсіпті еріні қиялымның,
Тұмшалады ал оны мұншалық кім?

Уай, кәне, енді біздер думандайық,
Аумалы дүниеде дидар ғайып.
Кердеңдердің кермесін кесіп өтіп,
Тартуды таза, мөлдір қызға арнайық.
Бәріне шын қуанып отырамын,
Шырқасын дихан әнін, шопыр әнін.
Көкпарды тартсын құмар қанғанынша,
Тулатып туған жердің топырағын.
Қара өлең,
Өмірімнің бәрі де өлең,
Етене  жас баламен,  кәріменен.
Қоғамды бір сілкінші қатыгездеу,
Жүрегі жүрген әрең дәріменен.

Жар басы

Қалбаң-құлбаң жағалаймыз жар басын,
Көңілдердің көкке ұшырып қарғасын.
Тарих атты тар соқпақпен тасырлап,
Өмір сүйреп бара жатыр арбасын.

Сыр айтамыз соңын дәйім үтір ғып,
Шындық десе үндей алмай құтылдық.
Ең аяғы сәлемің де сатулы,
Әр кеудеде той жасайды күпірлік.

Ізгілікті ірімеген сан ғасыр,
Өкшесімен езгілейді маубас ұл.
Соған қарап қол соғамыз енді біз,
«Ойпыр-ай деп сендей асыл бар ма бұл».

Іште - шемен, айтамызда хатқа сыр,
Бақ құсы ма ол да шет ел жақта жүр.
Ініңізде ізетті емес есепшіл,
Ағаңызда жайлау емес жап-жасыл.

Жолын ашып арманымның жүрші үміт

Болмасам да қалың елге әйгілі,
Сан додада болып келем бәйгілі.
Көңілімнің қарауылы қашанда,
Махаббат пен адалдықтың ай, күні,

Дарынды Һәм  болғаныммен қарымды,
Тіршілігім сол баяғы, кәдімгі.
Ала жібін аттағам жоқ ешкімнің,
Жылпың  жылпос қынжылтса да жанымды

Қара жерге шөп шыққанда көктемде,
Қайырылып не қыламын өткенге.
Бәйшегі бүр жарады шындықтың,
Жүрек дейтін жұдырықтай көкбелде.

Жаз-ғұмырда құлпырады тіршілік ,
Қанат қақсын ақ пейілдер құлшынып.
Менің-дағы ноқталанбас арманым,
Жолын ашып арманымның жүрші үміт.

Abai.kz

0 пікір