Абай ілімі: Ислам мен тәңіршілдік қайшылықтары

Бүгінгі күндердегі ислам мен тәңіршілдік арасындағы қайшылықтар фәни әлемнің негізгі заңдылығынан шығып отыр.
Бұл заңдылықты Абайдың «Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат» деген сөзінен таба аламыз. Бұл сөздің терең мағынасы бар. Рухани мешеуліктің салдарынан сыр мен сымбаттың айырмашылығын түсіну кімге болса да оңай емес.
Болмыстың негізгі көрінісін беретін бұл тұжырымның мағынасы шынында да өте күрделі. Сыр мен сымбат екеуі екі басқа, айырмашылықтары үлкен. Құбылыста сыр мен сымбат болса, ал әрбір іс-әрекеттің мәні мен мәнісі бар. Қоғам үйлесімділігі үшін оларды бір-бірінен айырып қана қоймай, сонымен бірге, біріктіре де білу керек.
Сыр құбылыстың бүкіл Болмыспен байланысқан ішкі мәнін берсе, ал сымбат тек қана оның өзіне ғана тән сыртқы бейнесін, яғни мәнісін береді. Ішкі мән құбылыстың рухани бөлігін қамтып, оның тұрақты, және мәңгілікті негізгі мақсатын берсе, ал сымбат оның өзгергіш, уақытша болатын сыртқы көрінісін береді. Бұл екі сипат біріккенде әрбір құбылыстың басқалардан бөлек, өзіндік ерекшелігі туады. Өмірдің қандай құбылысы болса да, оның жетіліп, дұрыс дамуы үшін бұл екі сипат бір-бірін толықтырып, өзара тығыз байланыста және үйлесімді болулары керек. Олардың өзара үйлесімділігі болмаған жағдайда, байланыс үзіліп, бүкіл құбылыс құлдырайды.
Қазіргі түсініктегі діндер (сонымен бірге, ислам мен тәңіршілдік) болмыстың осы сыры мен сымбатын айыра алмайды. Көбінесе сымбатына көңіл бөліп, өздерінікін басқалардан артық көріп, қоғамды жікке бөліп, көптеген қиыншылықтар тудырады. Мысалы, ислам мен тәңіршілдік екеуінің ортақ ішкі сыры бір. Ол ішкі сыр – адамды бір Жаратушыға, Абайша айтқанда, Түп Иеге қайтару. Ал оның жолдары, яғни сыртқы сымбаты әртүрлі. Бірақ, ішкі сыр ұмытылып, сырты сымбатқа көңіл бөлінгендіктен, бүгінгі күндері қазақтың бұл екі құндылығының арасында келісімі қиын дау шығып отыр. Мұндай жағдай діндерге ғана емес, қоғамның барлық көріністеріне тән.
Бұл алауыздық халқымызға тағдырдың берген екі құндылығының арасында болып отыр. Екі құндылықты біріктіріп, еліміздің өркендеу жолында пайдалана білуіміз керек. Біріктіре алмасақ, екеуінен де айырылып, халқымыз құлдырап, не болмаса, біртұтас халық екі дінге бөлініп, нәтижесі мүлде басқаша болуы мүмкін. Адамзат тарихында мұндай жағдайлар көп. Исламның суннит пен шиитке, христиан дінінің көптеген ағымдарға, не болмаса Индиядан ислам елдері Пәкстан, Бангладеш тәрізді мемлекеттердің бөлініп кетулері осының көріністері ғана. Сондықтан, бүгінгі күндері біздің еліміздің бірлігіне де үлкен қауіп төніп тұр деуге болады. Қазіргі жаһандану дәуірінде қандай мәселеге болса да ұлт бірлігі тұрғысынан қараудың ерекше маңызы бар.
Абай ілімі бойынша, бұл тартыстардың себебі жан құмары мен тән құмарының күресі болып табылады. Жан құмары бірлікке әкелсе, ал тән құмары бірлікті бұзады. Көп жағдайларда нәпсінің ықпалымен тән құмары күш алып жан құмарын тұншықтырып, имандылыққа нұқсан келтіреді. Жеке адамдар ғана емес, бүкіл адамзат қоғамында, оның ішінде біздің елде де, жағдай осындай. Осылай түрлі ағымдар, олардың ішінде дінаралық текетірестер күшейіп, еліміздің бірлігі бұзыла бастады. Бүгінгі күндері күш алып бара жатқан тәңіршілдік пен исламның арасындағы алауыздық соның бір көрінісі. Бұл қазақ ұлтының бірлігін бұзатын ең қауіпті құбылыстың бірі. Оларды біріктіру үшін, Абай іліміне сүйене отырып, ең әуелі бұл екі ағымның не екенін, қалай пайда болғанын, ішкі мәнін, және халқымыздың оларды қалай қабылдағанын анықтап алуымыз керек. Абайдың Болмыс туралы ілімін пайдалана отырып, бұл мәселенің шешімін толық табуға болады.
Жағдайға Болмыс бірлігі тұрғысынан қарайтын болсақ, бүгінгі қалыптасқан бұл мәселенің ешқандай қайшылығы жоқ екенін көреміз. Себебі, бұл екеуі де тағдырдың халқымызға берген сыйлықтары. Оларды дұрыс қолдана білетін болсақ, кедергі емес, керісінше, оларды еліміздің өркендеуі жолындағы негізгі тірекке айналдыруға болады.
Абай іліміне сүйене отырып, бұл мәселенің шешімін іздеп көрелік. Данышпан ілімі бойынша, біздің қазақ халқы үшін тәңіршілдік те, ислам да, яғни, екеуі де керек. Не себептен? Себебі, бұлар өркениеттің екі қанаты, тұтас болмыстың екі бөліктері. Өркениеттің рухани және материалдық құндылықтары оның екі қанаты. Діннің де ішкі мәні болып табылатын руханилығы және сыртқы көрінісі болып табылатын заттық бөлігі бар. Олардың арасында ешқандай қайшылық жоқ, қайшылық олардың бірлігін қабылдай алмайтын біздің ой өрісімізде.
Сөзіміздің түсінікті болуы үшін мәселені кеңінен қарастырайық.
Әубаста тәңіршілдік пен ислам екеуі де Болмысты толық қамтып, адамзатты әлем үйлесімділігіне бағыттауға арналды. Олар Болмыстың бірлігін мойындап, Түп Иеге қайтуға жол ашты. Бірақ, уақыт ықпалымен Абай сөзімен айтқанда «Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді». Осылай адам санасында Болмыстың рухани және материалдық бөліктері ажырап, бірінен бірі бөліне бастады. Бұл өзгерістер тән құмары жан құмарын жеңіп, нәпсі ықпалымен адамның ой өрісінің тарылғанынан пайда болады. Осылай адам санасында Болмыс бірлігі бұзылып, екі ағымға бөлініп кетті.
Бұл ағымдар қалай пайда болды? Ислам Алла тағаланы Жаратушы ретінде қабылдаса, ал тәңіршілдік табиғат көріністерін қабылдайды. Ислам Болмыстың рухани бөлігін қабылдаса, ал тәңіршілдік материалдық бөлігін қабылдайды. Бүгінгі күндердегі олардың айырмашылығы осында. Абайдың «Алла тағала «бір» деген тұжырымы бойынша бұлар бір Болмыстың екі бөлігі болғандықтан, оларды бірінен бірін бөлуге болмайды. Қоғамдағы пайда болған алауыздық осы қарапайым түсінікті ұмытудан, не болмаса түрлі саясат ықпалдарына берілуден болып табылады.
Сондықтан, Абай іліміне сүйене отырып, діни қайшылықты болдырмай, үйлесімді өмірге ұмтылуымыз керек.
Досым Омаров,
Абайтанушы, теолог
Abai.kz