Сәрсенбі, 17 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 153 0 пікір 17 Қыркүйек, 2025 сағат 13:39

Алты отбасыға пәтер кілті табысталды

Сурет: ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінен алынды.

Осы аптада ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты ҚР Тұңғыш Президенті атындағы шекара бөлімшесінде алты пәтердің кілтін тапсыру рәсімі өтті. Шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, департамент бастығы полковник Әлібек Каюповпен бірге аудан әкімі және жергілікті билік орындарының өкілдері қатысты.

Шекарашыларға арналған тұрғын үйдің құрылысы өткен жылдың қарашасында басталған болатын. 70 шаршы метрді құрайтын әрбір пәтер заманауи талаптарға сай келеді. Жалпы сомасы 124,3 млн. теңгеге бағаланған жоба облыс әкімдігінің есебінен қаржыландырылған.

– Бүгін біз шекарашыларға пәтер кілттерін табыстап қана қоймай,  сонымен бірге мемлекет пен халықтың ризашылығы мен сенімін білдіріп отырмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, шекарашылар – мемлекеттіліктің сенімді тірегі. Бұл үйлер – сіздердің адал еңбектеріңіздің және абыройлы қызметтеріңіздің нәтижесі. Жаңа баспана отбасыларыңызға берік негіз болып, табысты болашақтың кепіліне айналарына сенімдімін, – деді облысы әкімі М.Сұлтанғазиев.

Бұдан әрі облыс басшысы шекара бөлімшесінің офицерлік құрамы мен келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілеріне пәтерлердің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.

Айту керек, соңғы үлгідегі пәтерлермен толыққан шекара бөлімшесінің тарихы өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан басталады. Сондай-ақ, тағы бір ерекшелігі, үш мемлекеттің түйіскен жерінде тұр. Хантәңірі тауының биігіне көтерілу үшін алыстан келген альпинистерді бірінші болып біздің шекарашылар қарсы алады. Учаскесіндегі Жарбұлақ алтын кенімен де дараланатын шекарашылар жыл басынан бері 100-ден аса шекара режимін бұзушыны ұстады.

Осылайша, кеудесін мыңжылдық жасыл шыршалар жапқан таудың баурайында өткен рәсімнің соңы жаңа баспаналардың тұсаукесеріне ұласты. Сол-ақ екен, ақ жаулықты әжелер шашу шашып, жаңбырша «жауған» тәттілерді облыс әкімі бастаған мәртебелі қонақтар жинап, мәре-сәре болысқан. Иә, бұл – қазақ халқының ертеден келе жатқан дәстүріне сай, «ақ түйенің қарны жарылғанын» білдіретін.

... «Нарынқол» шекара бөлімінің бастығы подполковник Айдос Айтахунов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне берген сұқбатында, жаңа ғана кілті тапсырылған жаңа үйлер облыс және Райымбек ауданы әкімдігі бірлесіп жүзеге асырып жатқан Шекара қызметінің инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы ауқымды жұмыстардың бір бөлігі.

– Әрине, бұған дейін мұнда әскери қызметшілерге арналған тұрғын үйлер болған, алайда жаңа пәтерлер қазіргі заманның талабына сай салынған. Бүгін алты отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, кілттерін облысы әкімінің өз қолынан алды. Осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық азаматтарға шекарашылар атынан алғыс айтқым келеді, - деді А.Айтахунов.

Лайықты бағасын беру керек, су жаңа пәтерлердің кілтін алғандардың қатарында ҰҚК Шекара академиясының биылғы түлегі лейтенант Нұрдәулет Ахатаев та бар. Ел шебіндегі алғашқы қызметін аталған шекара бөлімшесінде бастағанына көп болмаған жас офицер мұны өзінің жас ғұмырындағы ең бір жарқын оқиғалардың біріне балайды.

Жаңа үйлер жел өтінде жүрген шекарашылардың әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, олардың өздеріне жүктелген міндеттерін асқан жауапкершілікпен атқаруға зор мүмкіндік береді.

Тамара Дәулетбаева,

ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі

Abai.kz

0 пікір