Қазақты баспанасыз қаңғыртқан кім?

Совет Одағының құрамында, дәлірек айтсақ жаңа сипатта құрылған орыс империясының құрамында өткізген 70 жылдық өмір — ойсыз өткен, зая кеткен өмір дер едім. Өйткені, сондай мәнді, саналы өмір сүрген болсақ, мына бүгінгі жоқтық, бүгінгі панасыздық қайдан келді?
Бір әдеби қариямен дастарқандас болғанымыз бар. “Біз не көрмедік, өмір бойы репрессияның астында келе жатырмыз” деп кеш бойы жылаумен болды. Ары-беріден соң “репрессияның” анығына жеттік. Әуелі кандидат болыпты. Содан соң доктор болыпты (Әйтеуір, бірдеңенің докторы, есімде жоқ). Енді, әне-міне академик болмақ. Алты рет үй ауыстырған. Ауыстырған сайын бір баласы, немесе немересі үйлі болып отырған. Соңғы кірген үй — Алматының ақсүйектер тұратын орталық шаршысында екен. Алты бөлмелі! Яғни, кандидаттық, докторлық, содан соң академиктік атақпен (ал оның көп ұзамай академик болғанына күмәніңіз болмасын) одан соң алты пәтермен “репрессияланған”.
Міне, сондай да сондай кептер болыпты, “ардагер” ағамыз ұлт үшін, алаш үшін етігімен су кешіпті, осындай “қорлықтан” өтіпті. Сол дастархан басында, он жеті жылдан бері бала-шағасын арқалап үйсіз жүрген бір жігіттің, “қорлықтан” қартайған ардагер қарияның жүзіне көзі жасаурай қарап, «Шіркін, сіздің көрген қорлығыңыздың ширегін маған берсе ғой» деп жұртты ду күлдіргені әлі есімде.
Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Бір ағамыз Алматының жиһаз өндіретін фабрикасында жұмыс істеді. Өмір бойы. Жігіттік алау шағы өтті — үй жоқ. Қарасақал кемел кезі өтті — әлі пәтерде. Енді ақсақалдық кез келді — баспанадан нышан жоқ. Сақалы сапсиып пәтерден пәтерге көшіп жүргенін көргенде ұялатынбыз. Әрине, кезекте тұр. Бірақ, отыз жыл тұрған ол алмайды, Москвадан, немесе Ресейдің кез келген түкпірінен қаңғып келген, кезекке бір ай да тұрмаған сілімтік орыс алады.
Бір күні сол ағамыз “Балалардан ұялып біттім. «Папа, елдің бәрінде үй бар, біздің үйіміз қайда?» деп сұрайды” дегені бар-тын. Күндердің күнінде ағамыздың жолы болды. Жоқ, үй алған жоқ. Алматының түбіндегі Калинин колхозының бір тұрғыны ағамызды үйелменімен үйіне кіргізіпті. Қанша тұрсаң да өзің білесің, тек ақшаңды уақтылы төлеп, үйді таза ұстасаң болды депті. Міне, елуден асқан шағында ағамыз, біраз уақыт қуғын-сүргінсіз тыныш өмір сүрді. Жалдайтын жақсы пәтер табудың өзі бақыт екен ғой.
Ең ғажабы, сол ағамыз үй алды! Адам айтса нанғысыз нәрсе! Ақыры соңында түйе құсап сорайып жүрген сол ағамыздан бастықтардың өздері ұялса керек, “қой, екі жылдан кейін пенсияға шығады, үйсіз кетсе ұят болар” депті. Сонымен ағамыз қаланың шеттеу жерінен төрт бөлмелі (!) үй алды. Әлі есімде, ауылдан ту бие, бірнеше қой алдырылды. Төрт бөлменің төртеуінде де ұлан-асыр той болып жатыр. Сонда ағамыз “Таласбек, саған шынымды айтайын, түк те қуанып отырғам жоқ. Әрине, үкіметке, бастықтарға рахмет. Балаларыма несібе болады. Бірақ өз басым селт етпеймін” деген еді.
Бұдан артық не айтуға болады? Үй оған алаулаған жастық шағында, ел көрші, тұрғыластарымен сыйласатын азамат кезінде керек еді. Тастан қалаған төрт қабырғаны аңсаумен өмірі өтіпті. Міне, осындай кеп!
Біздің ұрпақ (замандастарымның дені) осы панасыздықтың тозағынан өткен. Байбота досым жарты өмірін пәтерде өткізді. Әңгімелесе қалсаң жарқылдап, дүр болып тұратын. Бірақ ішінде қандай иттің өліп жатқанын жүрегіммен сезетінмін. Алайда, тілекші болғаннан басқа біздің қолдан не келеді? Әрине, жетті, алды. Бірақ көңіліне қаяу түсті ғой. Тұрғыластарымның көбі осы Алматының жалдамалы пәтерлерін ақтап жүріп ақын болды, жазушы болды, бала өсірді.
Қалайша осылай болды дейтін шығарсыз. Оның себебі көп. Әрине, ең басты себеп — орыстың бұратана халықтарды кіріптар халде ұстауды көздеген империялық саясаты. Алматы, Қызылжар, Целиноград, Қарағанды сияқты ірі қалаларға қазақты қоныстандырмау жайында Кремльдің арнайы жарлығы болыпты (оны кейін естідік). Бірақ Кремльдегі қариялар сызып берген сызықтың, шаршының ішінде талай мәселені шешуге болар еді. Осы жерде қазақты өзінің, дұшпанға, жатқа кетсе де қазаққа бұйырмасын, бұйырса маған ғана бұйырсын дейтін мысық тілеуі, қысқасы отарлық “дәурен” кезінде қалыптасқан ең анайы ментальдік сырқаттары сүріндірді.
Таласбек Әсемқұлов 2001-жыл
Abai.kz