Сейсенбі, 23 Қыркүйек 2025
Әдебиет 149 0 пікір 23 Қыркүйек, 2025 сағат 13:07

Байкер, принцесса және ғаламтор

Коллаж: Abai.kz.

Жазушы Сәкен Сыбанбайдың бір әңгімесіне орай...

Жазбадық емес, жазып жүрміз, жазып та келеміз осы бір өте қиын әрі салмағы атан түйеге жүк болар ауыр тақырыпты! Жо-жоқ, анығында, жазсақ та түбіне жеткізе алмадық па, әлде түпкеселдің қайдан және қалай тамырланып келе жатқанын аша алмай жүрміз бе – әйтеуір мәселе мәселе күйінде, жанайқай жанайқай күйінде қалып қойып жатыр. Қоғам бұлталағы бой берместен, өз күйін өзі «күйттеп болар емес». Жас ұрпақ жаңа заманның тажал «жәшігіне» - компьютердің «шырмауығына» біржола шырматылып бара жатқандай.

Әңгіме неден басталып кетті? Не себеп? Таяуда жазушы інім Сәкен Сыбанбайдың әлеуметтік желіде жарияланған «Ғаламтордағы махаббат» деген шағын әңгімесін оқып шықтым. Жәй оқығам жоқ, зейін қоя оқыдым десем де болады. Өйткені бұл «қаны тамшылаған» тақырып маған таңсық та, бөтен де емес. Тіпті, анығын айтсам, өзімді де біраз уақыт бұрын түпсіз қиялмен тұмшалап, ой зынданына сүйреген жағдайы бар-ды. Сосын да оқуға ынталы болдым. Менің ізімді алып келе жатқан іні-қаламгер мәселе күрмеуін қалай тарқатты екен деген тұма сезім бойымда бұраңдап тұрып алды. Сөз ретіне қарай айта кетейін, осыдан бірнеше жыл бұрын «Интерадам» деген шағын роман жазғанымыз бар-ды. Шығармадағы бас кейіпкеріміз, аудандық газеттің жас қызметкері Қоңырхан әлеужелі арқылы әлдекімнен хат алады, сосын екеуара жазысып, алғашында сырласып, артынан пікір таластырып, ең соңында араларында қақтығыстар пайда болушы еді. Солайша аз уақыт ішінде өзі де, мінезі де, тіпті өмірге деген көзқарасы да күрт өзгеріп сала беретіні баяндалатын. Ең сұмдығы – жаңағы интернет арқылы маза бермейтін біреу еркек пе, әйел заты ма, әлде танысы ма, жоқ, бейтаныс біреу ме – қысқасы, кім екенін біле алмай шаршайтын: өзі білетін қияли «ауыл философы» Дәлдубек пе, әлде «бой жасыра тіл қататын» сүйген қызы Гүлжан ба? Жоқ, адам емес, адам болып сөйлесетін «робот-құлтемір» ме? Ол неге осынау мыңдаған пенделер арасынан тек Қоңырханды таңдады? Қанша ойға батса да, еш шешуін таба алмастан, басы мең-зең болып, жұмысқа да ынтасы төмендеп, ақырында бас редактордың бұйыруымен «компьютері интернеттен ағытылып» тасталатын-ды.

Тақырып, мінеки, менің жаныма өте жақын. Мен де жоғарыдағы көркем туындыны жазарда «қазіргі заманның көзсіз жауымен» іштей арпалысқам, себеп-салдарын іздегем, тоқтамды ойға келе алмай жаным сыздаған, сосын қиялды кернеген «қара нүктені» өз пайымыммен суреттеп, оқырманыма ұсынбаққа қолға қалам алған едім. Сәкен інімнің де осы бағытта ой қозғап, көркем әңгіме жазғанын естіген соң, ішім жылып жүрген еді көптен бері.

Оқи бастадым. Жеп-жеңіл, еркін оқылады екен. «Қаламының желі бар» жазушы деп қабылдадым ә дегеннен-ақ! Санат деген бозбала әлеужелі арқылы бір бойжеткенмен танысыпты, хат жазысыпты, тіпті жақын дос болып алыпты. Енді, міне, бүгін жүзбе-жүз кездесуге, қатар отырып тілдесуге ниет жасапты екеуі де. Сосын да Санатта ес жоқ. «...Екі қолын артына ұстаған ол бөлмесінің ұзындығы мен енін өлшегісі келгендей, еркін адымдап ерсілі-қарсылы сеңделіп» жүріп алады. Бозбаланың бір сәттік сезімі, өрекпіген көңіл күйі және алғаш рет әлеужелі арқылы біраздан таныс бойжеткенмен кездесер күнгі жан толқуы. Бәрі де заңдылық. Ал, одан әрі...

Енді осы әңгіменің оқиғасын қысқаша түсіндіріп өтелік. Санат – Айғаным деген жалғызбасты әйелдің жалғызы. Анығында, бұл баланың әкесі бар ма, жоқ па - ол жағы жұмбақ. Некесіз тапқан ұл. «Оң жақта отырып оңбай қалған жүзіқара» атануы да содан. Елдің өсек-аяңынан қашып, үлкен қалаға келіп, алғашында бір бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатады. Бір мекемеге жұмысқа тұрады. Ертеден қара кешке дейін жұмыс жағдайын ойлап, жалғыз ұлдың тәрбиесін әлсіретеді, тіпті көңіл аударуға да уақыты тапшы. Кішкентай бала қыңқылдап мазасын ала бермесін деп, оны әртүрлі компьютерлік ойындармен алдандырады, ал өсе келе өзіне жеке компьютер сыйлайды. Айғанымның жеке өмірі өзінше бір сала – оған мекеме басшысы (құрбысының айтуынша) өлердей «ғашық» екен, бірте-бірте құрбысының азғыруымен «көңілдесі» де болып үлгереді. Аз уақытта тұрмысы да түзеле бастайды. Бір бөлмелі пәтерін тастап, екі бөлмелі пәтерге көшіп алады. Баласына жеке бөлме тиеді. Қысқасы, жағдайы жүре-бара жақсарып кетеді. Бұл енді басқа әңгіме.

Ал, бала ше? Бала тағдырын кім ойлап, кім онымен айнаылысты? Жоқ, Санат «өз бетімен» өсті. Оның ата-анасы да, тәрбиешісі де – компьютер, нақтырақ айтқанда ғаламтор болды. Былайғы ортамен араласпады, араласқысы да келмеді. Күндіз-түні көз алмай қарайтыны – темір жәшік: онда бәрі де бар; кино да, хикая да, адам ойына кіре бермес тосын оқиғалар да; қыз-жігіт махаббаты да, атыс-шабыс та; адамдық пен азғындық әрекеттердің неше түрін бір пәсте көре аласың! Мына әлем-жәлем тіршілікке енді ғана қадам басқан жасөспірім сол ғаламтор ішінен нені дұрыс көріп, қайсысын қабылдарын да білмейді. Жақсылық қайда, жамандық қайда? Ізгілік қане, озбырлық қане? Кісілік қасиет деген не? Адам мен адамның айырмашылығы сөзінде ме, жоқ ісінде ме? Сүю мен күю сыры қалай? Қысқасы, бала үшін шешуі өте күрделі сұрақтар осы болатын. Бір көңілге медеу етері – ғаламтор арқылы тапқан, сөзін де, өзін де тез түсіне білетін жас бойжеткен. Санат онымен бір күн, тіпті бір сағат компьютер арқылы тілдесіп қоймаса, жаны жай таппайтын күйге жеткен. Онсыз өмір - өмір емес!

Енді, міне, екі жас бүгін оңаша кездеспекші. Бірақ, бұл жайынан анасы еш хабарсыз болатын. Баласы мұндай шешімге келгенін анасына айтуды өзіне міндет санаған жоқ. Негізі, Санат көп уақыттан бері өз бөлмесінен сыртқа шыға қоймайтын, тіпті шыққан да емес. Айғаным жалғыз ұлдың осылай томаға-тұйық, сыртқы әлеммен байланысқа шығуға дәрменсіз күйін сезінген сайын өзін-өзі кіналап, сәт сайын жан күйзелісіне түсе беретін. Көп кемшілік өзінен кеткенін түйсініп, Санатты қаладағы психолог дәрігерге де алып барған. Психолог қарап-тексеріп болып, «компьютер синдромы» деген ерекше диагноз да қойып берген. Бірақ, әлі де үміт бар деп емексітіп қойған. Қазіргі уақытта көңілге дәрігердің сол бір ауыз жылы сөзі демеу болып тұр еді.

Жұмысынан оралып, Санаттың бөлмесін ашса, ол орнында жоқ. Анасы аң-таң. «Өмірі бөлмесінен шығара алмаушы ем, бүгін оны жұлып алып, көшеге сүйреп әкеткен қандай құдіретті күш» деп таңдана әрі үрейлене қарап тұрды. Әсіресе, үстел үстінде жатқан ұлының көзілдіріксіз суретін көрген сәттегі көңіл толқынысы жаныңды езіп жіберердей. Сәкен -жазушы осы көріністі былайша суреттейді: «...Секемшіл ойларды серпіп тастағысы келгендей еңсесін тіктеп, белін жазған әйел қолындағы сулы шүберегімен терезенің алдын, шкаф үстін сүртіп шықты да, бұрыштағы компьютер үстеліне үңілді. Қалай болса солай шашылған дискілер, плеердің шұбатылған құлақбаулары, қобыраған қағаздар... Жерде «Кока-коланың» бос құтысы, «Роллтон» кеспесінің қалтасы жатыр. Үйде дайын астың түр-түрі тұрса да, осы бір пәлеге әуестігін сол күйі қоймады-ау бұл бала! Пернетақтадағы әріп таңбаларының арасы нан қиқымына, печенье үгінділеріне толып кетіпті. Үстел үстіне тосап па, шырын ба, қалбырдағы балықтың майы ма, қоймалжың бірдемелер тамған екен, қайта-қайта ысқылап жүріп әрең кетірді. Қағаздарды реттеп, заттарды орнына жайғастырған Айғанымның көзі кенет принтер жанында жатқан суретке түсті. Қолына алып, оған жақынырақ үңілген әйел... селк ете қалды. «Тәйір-ай, сонша тіксінгенім не? – деді сосын таңданып. – Баламның суреті екен ғой. Бірақ... оның бейнесінен қараған жанарды қарып түсердей бір салқын ызғар сезілетін секілді-ау. Сонда ол не?». Ұлының суретіне тесіле қараған ананың жүрегі тағы да су ете түсті...».

Өмірде көп қателескен ана бейнесі, ана қайғысы һәм ананың жансебіл сәті дәл беріліп отыр. Артық сөз жоқ. Ал, бұл кезде...

Бұл кезде Санат ғаламтор арқылы танысып, бір-бірін ұғысқан достар болып кеткен бойжеткенмен оңаша кафеде жолығып отырған-ды. Айтпақшы, бұлар бір-бірін шын есімімен емес, өздері қалап қойып алған лақап атпен атайтын. Санат – «Байкер» де, бойжеткен – «Принцесса»! «Байкер» болатыны – өмірі мотоциклге мініп, кең көшемен құйғытып бара жатпаса да, өз сурет-бейнесін солай елестетіп, бөлмесінің бір бұрышына іліп қоятын. Ғаламторда да сол суреті түратын. Ал, «Принцесса» жайы белгілі. Ол – сұлулық символы! Алғашқы кездесу! Алғашқы бетпе-бет жүздесу! Қыз емес, жігіт сөз бастауы керек. Не айтады? Нені сұрайды? Қандай сөз тап осы арада тиімді болмақ? Санаттың бар ақыл-есін шырмап алған ой осылар-ды. Сөз қиюласпады. Айтарын айта алмай қиналды. Осы тұсты біздің баяндау емес, тағы да жазушының өз суреттеуінен оқиық:

«... Хал-жағдай сұрасқан қысқа жауаптасулар біткен соң, әңгіме әрі қарай өрбіген жоқ. Іші пысқан бойжеткен сөмкесінен айфонын алып, соған шұқшиды. Онсыз да қобалжып отырған Санат одан бетер қысылды. «Айтсам, ақтарылсам» деген ойлары көп еді. Бірақ соның бәрі көмейінде кептеліп, тұрып алды. «Шіркін, компьютерде отырғанда ғой, шетінен тізіп жазар ем...». Қолына телефонын қалай алғанын өзі де білмей қалды. Ғаламторға кіріп, «Принцессаға» хат жаза бастағанын да байқаған жоқ. «Сыңқ» етіп жауап келгенде ғана есін жиды, сонда ғана өзінің не деп жазғанына назар аударды. «Сізбен жақын дос болып, жалғыздықтан құтылғым келеді» деп далбасалапты бұл. «Ақымақ!». Өзіне-өзі жыны келген бозбала жалма-жан телефонын ақтарып, қыз жауабын тауып ашты: «Мен де жалғызбын. Маған да сырлас дос керек. Аузын буған өгіз емес...».

Басын көтеріп қарағанда, қарсы алдында отырған бойжеткен көзден жым-жылас жоғалып кетіпті. Әңгіме осылай аяқталады. Әне, компьютердің жеткізген жері осы! Ғаламтор – жас адамды сөйлесу мен сырласу дейтін әсем әлемнен алыстатып жіберіпті. Қыз бен жігіттің сезімге балқып отырып айтатын, тіпті ыммен-ақ түсінісіп, бірінің құшағына бірі ұмтылатын ләззатты сәті қайда кетті? Қайда ұшты жүрек пен жүректің сағыныса табысуы?

Сұрақ көп, жауап жоқ! Кім жауабын бере алар мұның? Жазушы әңгімесі өз оқырманын терең ойға еріксіз жетелеп әкетері сөзсіз. Біз әдеттегіше, білгіштікке басып, әңгіменің тіл ерекшелігі һәм композициялық құрылымы немесе образ сомдауы жайынан кең толғап, молынан сөз қозғамақшы да едік. Бірақ, оның бәрі де шығармадағы заманауи проблеманың – жас ұрпақ үшін, тіпті болашақ үшін өте-мөте қиын жағдайдың бас көтертпей алқымдап тұрғанын ойлағанда, еріксіз екінші планға ауысып кетеді екен. Ол жағын ендеше патша көңіл оқырманның өзіне қалдыра тұралық.

***

Бүгінгі заманның жастары бастан кешіп жатқан өте қиын, өте ауыр жағдай осы! Көзге көрінбес трагедия дейміз бе, қайтеміз? Ғаламтор адамның ақылы мен ойын емін-еркін билеп, өз илеуіне ала бастады. Арты не болар? Болашағымызды не күтіп тұр? Жазушы Сәкен Сыбанбай өз әңгімесінің бір тұсында бұның да жауабын анықтап жаза кетіпті: «...Психологтар мен экстрасенстерге қаралатындар – нашақорлар, сосын осы компьютерге басы айналып қалғандар...».

Тек қазақ емес, жалпы адамзатқа ортақ, замана еріксіз алға тартып отырған күрмеуі күрделі қиын мәселені сол қалпымен мөлдірете, қарапайым ғана баянмен, шап-шағын әңгімең арқылы-ақ өте тамаша, оқылымды етіп көтере алыпсың, Сәкен інім! Бұл шығарма адамзатқа арналған үрейлі дабыл деп қабылдасақ та артық емес. «Мына қоғамға енді кім ие болады» деп, ақыл-ес «алаңына» шырқырай шақырған айқай-ұран! Әрбір жақсы, ойлы әңгіме – ол ұлт үшін құнды қазына! Руханиятқа қосқан қазынаңның ғұмыры ұзақ болғай!

Құрметпен – жазушы ағаң Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

Abai.kz

0 пікір