Сейсенбі, 23 Қыркүйек 2025
Әне, көрдің бе? 146 0 пікір 23 Қыркүйек, 2025 сағат 13:15

Назарбаев әулетінің қай мүшесі құрыққа ілінді?

Сурет: ertenmedia.kz сайтынан алынды.

Астанада Назарбаев әулетіне қатысты тағы бір іс қозғалды. Бас прокуратураға қарасты Активтерді қайтару комитеті Назарбаев Н.Б. есімді азаматты сотқа беріп отыр.

Жауапкердің Болат Назарбаевтың ұлы, 41 жастағы Нұрбол Назарбаев болуы мүмкін деген болжам айтылды, деп хабарлайды Ertenmedia.

Әзірге сот талқысына түскен істің мән-жайы ашылған жоқ. Сот та, комитет те істің құпиялығына сілтеп, нақты мәлімет бермеген. Әдетте мұндай құпиялық активтің құны ауқымды болғанда ғана қолданылады.

Бізге жеткен мәлімет бойынша, Б.Н-ның мұрагеріне қатысты қозғалған іс жылжымайтын мүлік, кәсіпорындар, акциялар және бағалы заттардың төңірегінде (шамамен 105 млн доллар) өрбиді.

Айта кетейік, 8 қыркүйектегі Жолдауында президент Тоқаев Активтерді қайтару комитетінің атқарған жұмысына жақсы баға берген болатын. Сонымен қатар бұл органды Инвесторлар құқығын қорғау комитеті етіп қайта құруды ұсынған еді. Сарапшылар осы мәлімдемені билік элита арасындағы «ескі» және «жаңа Қазақстанның» өзара текетіресі аяқталып, енді келіссөз кезеңіне өтуі мүмкін деп бағалаған.

Нұрбол Назарбаев 2011-2017 жылдары Алматы облыстық ішкі істер департаментінде, соның ішінде департамент басшысының орынбасары қызметін атқарған. 2017 жылдан бастап Prime Capital Holding инвестициялық қорын құрып, бақылау кеңесін басқарған.

Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысы жер ресурстарын басқару департаменті Бурабай курорт аймағындағы элиталы жер телімдерін қайтару бойынша соттасып жатқан болатын. Бұл аумақтар арасында Назарбаев әулетіне тиесілі жерлер де бар екені айтылған еді.

Abai.kz

0 пікір