Сейсенбі, 23 Қыркүйек 2025
46 - сөз 154 0 пікір 23 Қыркүйек, 2025 сағат 14:49

Бесінші авенюдағы ірі жеңіс

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың американ истиблишментімен кездесуі осылай бағаланды. Оны мен емес, АҚШ басшысы Дональд Трамп айтып отыр. Әлемдегі ірі, капитализациясы топ 500 компаниялар Қазақстанға қатысты үнсіз қалмай, жоспарлары мен жобаларын нақты контрактқа айналдыруда.

Мысалы, Amazon Қазақстанды спутниктік байланыстың өңірлік хабын қалыптастыруға болатын алаң ретінде қарастырады. Бұл туралы Тоқаевқа Amazon компаниясының аға вице-президенті Дэвид Запольски хабарлады. Және сол сапарда бірден "Қазақтелеком" және Amazon Kuiper компаниялары Kuiper спутник желісінің қызмет көрсетуіне қатысты дистрибьюторлық келісімге қол қойды. Amazon Kuiper компаниясы Алматы, Ақкөл және Ақтау қалаларында өзінің жердегі инфрақұрылымын жасақтауды көздейді. Бұл жобаға 200 миллион долларға жуық инвестиция салу жоспарланған.

Ең ірі контрактты Wabtec алпауытынан алдық. Қазақстан АҚШ Сауда министрі Говард Лютниктің қатысуымен өткен кездесуде Wabtec компаниясымен жалпы сомасы 4,2 миллиард долларға жуық келісімге қол қойды. Енді бізде техникалық тұрғыдан жетілдірілген 300 локомотив шығару және оған сервистік қызмет көрсету қарастырылған. 2009 жылдан бері Астанада Wabtec Kazakhstan локомотив құрастыру зауыты табысты жұмыс істеп келеді. Осы аралықта компания өндіріске 230 миллион доллардан астам инвестиция құйды. Кәсіпорын бүгінге дейін "Қазақстан темір жолына" және экспортқа арналған 600-ден астам локомотив құрастырды. Өндірістің локализация деңгейі 45 пайызға жетті. Ал былтыр шілде айында Wabtec компаниясы елімізде инновацияларды енгізіп, кадр даярлауға үлес қосатын технологиялық және инженерлік орталығын ашты.

Достық-Мойынты торабын ашып, енді Қытайдан 5 есе көп жүк таси алатын еліміз үшін локомотивтер мен жүк вагондары, платформалар ауадай қажет болып тұр. Осы контракт өте дер кезінде жасалып отыр.

Шеврон. Бұл бір тарихи кездесу болды. Шеврон әрине ТШО-да басты акционер болып қалғысы келеді. Қаншама инвестиция жасалды. Бірақ 2028 жылдан бері нақты талқылана бастайтын, ал 2032 жылы қайта жасалатын жаңа ғасыр келісімінде Қазақстанның Теңіз жауһарындағы үлесі бүгінгіден көбірек болуы тиіс. Осы мәселелер бойынша ойлар айтылған сияқты.

Американ алпауыттарымен кездесу турнесінің нүктесін Трамппен жүздесу қойды. Артынан Трамп Тоқаевты тарихтағы ірі келісімге қол жеткізуімен құттықтады. Осылайша біздің президент біраз шаруаны жайғап, Біріккен Ұлттар Ұйымындағы дебатқа жақсы көңіл-күймен аттанған еді.

Айбар Олжаевтың желідегі парақшасынан алынды.

Abai.kz

0 пікір