Сейсенбі, 23 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 783 0 пікір 23 Қыркүйек, 2025 сағат 15:14

Франция Палестинаны мойындады

Сурет: interfax.ru сайтынан алынды.

Дүйсенбі күні Франция президенті Эмманюэль Макрон Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында сөйлеп, өз елінің Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын жариялады.

Өз сөзінде ол соғысты бірден тоқтатып, тұтқындарды босату қажеттігін атап өтті.

— Тұтқындарды босататын, соғысты және қайғы-қасіретті тоқтататын кез келді, — деді Франция президенті. — Біз бейбітшілікке қол жеткізуден айырылып қалу қаупімен бетпе-бет келдік. Сондықтан да бүгін осында жиналдық.

Макрон Париждің бұл шешімін «баршаға арналған бейбітшілік пен қауіпсіздік жоспары мен саяси үдерістің бастауы» деп атады. Ол Францияның бұл бастамасын Бельгия, Мальта және Люксембургтің қолдағанын, бірақ G7 елдерінің ішінде Италия мен Германияның әзірге бұл қадамға бармағанын атап өтті.

— Бұл — еліміздің үлкен дипломатиялық жеңісі, — деп мәлімдеді Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро.

Ол Париждің бұл қадамын ХАМАС-ты үзілді-кесілді қабылдамау деп бағалады.

Алайда Париждің бұл шешімі Израиль тарапынан қатаң сынға ұшырады. Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иордан өзенінің батыс жағалауында палестиналық мемлекеттің құрылмайтынын мәлімдеді. Президент Ицхак Герцог Палестинаны мойындау «қараңғы күштерге батылдық береді» деп атап өтті. Израильдің БҰҰ-дағы елшісі бұл отырысты «цирк» деп атады.

Макрон сондай-ақ Газа секторында өтпелі әкімшілік құруды ұсынды. Бұл әкімшілікке Палестина әкімшілігі қатысып, ХАМАС-ты тарату процесін бақылау міндеті жүктелмек.

Ол Францияның Газа секторындағы «тұрақтандыру миссиясына» үлес қосуға дайын екенін мәлімдеп, бұл аймақта халықаралық қауіпсіздік күштерінің болуы мүмкін екенін меңзеді.

Сонымен қатар, Макрон Франция Палестинада елшілік ашуға тек ХАМАС тұтқындағы адамдарды толық босатқан соң және атысты тоқтату туралы келісім жасалғаннан кейін ғана кірісетінін айтты.

Бұған дейін хабарланғандай, 23 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-жылдығына арналған Жалпы пікірсайыстың ашылуына қатысады деп жоспарланған.

Abai.kz

0 пікір