Дүйсенбі, 29 Қыркүйек 2025
Билік 558 0 пікір 29 Қыркүйек, 2025 сағат 12:45

Ақордада тағы да ауыс-түйіс: Қандай өзгерістер жасалды?

Суреттер: Ақорда, primeminister.kz, mazhilis.parlam.kz сайттарынан алынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін бірқатар ауыс-түйістер жасады. ҚР Оқу-ағарту министрі ауысты. Ал ҚР Жасанды интеллект министрлігі құрылып, ол цифрлық дамумен бірікті.

Сонымен, кімдер қызметтерінен босатылды, кімдер жаңа қызметтерге тағайындалды? Қараңыз:

Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Хасенұлы Мәдиев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғани Бектайұлы Бейсембаев Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі лауазымынан босатылды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды.

Мемлекет басшысының өкімімен Жандос Жәнібекұлы Өмірәлиев Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.

Мемлекет басшысының өкімімен Тимур Ғазизбекұлы Тәшімбаев Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары лауазымынан босатылды.

Ақордадағы соңғы апталардағы ауыс-түйістер жайлы Қазақстан президентінің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай түсініктіме берді.

– Кейінгі кадрлық өзгерістерге байланысты БАҚ өкілдерінен көптеген сауал келіп жатыр. Ең алдымен, мына мәселені баса айту керек, бұл – әдеттегі кадрлық ротация. Негізгі мақсат – мемлекеттік жүйедегі ең маңызды бағыттардың тиімділігін күшейту.

Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында ұлттық экономикаға түсетін инвестиция көлемін арттыруды басым міндеттің бірі ретінде белгіледі.

Бұл маңызды сала тәжірибелі дипломат Мұрат Нұртілеуге жүктелді. Президенттің көмекшісі ретінде ол халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығын ілгерілету мақсатында шет мемлекеттердің жоғары деңгейдегі өкілдерімен, сондай-ақ әлемдік ірі компаниялардың жетекшілерімен байланысты дамытады.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалды. Ведомство басшысы Жолдауда айтылған Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі мақсатты іске асырумен шұғылданады. Президент министрге стратегиялық маңызы зор жұмысты атқаруға қатысты бағыт-бағдар берді.

Сонымен қатар Премьер-министрдің келісімі бойынша Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованы Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындау туралы шешім қабылданды. Жаңа министр қоғамдағы белсенді қызметімен және білім беру саласындағы мол тәжірибесімен белгілі, - деп жазды Руслан Желдібай.

Abai.kz

0 пікір