Жаңа сертификаттау жүйесі ШОБ-ты шеттете ме?

Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясының орталық кеңсесінде отандық тауар өндірушілердің тізілімін (ОТӨ) енгізу мәселесі талқыланды. Жиынға Мәжіліс депутаттарымен қатар, бірнеше министрліктің өкілдері, «Атамекен» ҰКП, салалық қауымдастықтар мен кәсіпкерлер қатысты.
«Өндірістік саясат туралы» заңға сәйкес, бұрынғы индустриялық және СТ-KZ сертификаттарының орнына ОТӨ тізілімі енгізілуі тиіс. Жаңа жүйе қосылған құнды емес, технологиялық операцияларды меңгеру деңгейін критерий ретінде қарастырады. Парламент бұл тәсілді қолдағанымен, кәсіпкерлер оның іске асырылуына күмәнмен қарап отыр.
ӨҚМ өкілдері барлық дайындық жоспарға сай жүріп жатқанын айтқанымен, бизнес өкілдері критерийлердің әділетсіздігін сынға алды. Әсіресе, 26 көрсеткіштің ішінде өндіріс процесіне қатысы жоқ салықтық талаптар бар екені, шағын және орта бизнестің тестілеуге мүлде қатыспағаны наразылық туғызды. Бұл жүйе ірі кәсіпорындарға ғана ыңғайлы деген пікір басым.
Даулы мәселелердің бірі – зауыттарға камера орнату талабы. Кәсіпкерлер бұл шара құпия ақпаратты әшкерелеуі мүмкін екенін, тіпті өнеркәсіптік тыңшылыққа жол ашатынын ескертті. Сондай-ақ, қауымдастықтар Тізілімге сарапшылық рөл берілмегеніне қарсы шықты.
Заңға сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұрынғы сертификаттар күшін жояды. Бірақ жүйе толық іске қосылмаса, мыңдаған өндіруші мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан айырылуы ықтимал.
«Ақ жол» фракциясы мәселені бақылауда ұстайтынын, бизнеске төнетін тәуекелдерді азайту үшін барлық алаңдаушылықтарды Үкіметке жеткізетінін мәлімдеді.
Abai.kz