Нобель апталығы: Трампқа бұл сыйлық бұйыра ма?

АҚШ президенті Дональд Трамптың Нобель бейбітшілік сыйлығын алуға деген ниеті көпшілікке бұрыннан белгілі. Бұл ниеттен әлем көшбасшылары да хабардар.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жуырда Трампты осы беделді марапатқа ұсынғанын айтып, Нобель комитетіне жолдаған хатының көшірмесін президентке өз қолымен тапсырды.
BBC-дің Ақ үйдегі тілшісі Бернд Дебусманның хабарлауынша, Трамптың бұл бағыттағы ұмтылысы биылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының иегерін анықтау алдындағы басты тақырыптардың біріне айналды.
Алайда сарапшылардың пікірінше, Трамптың шын мәнінде бұл сыйлыққа лайық болу мүмкіндігі өте төмен. Себебі Норвегияның Нобель комитеті бейбітшіліктің тұрақтылығын, халықаралық ынтымақтастықты және осы мақсатта үнсіз, бірақ жүйелі еңбек етіп жүрген ұйымдардың үлесін жоғары бағалайды. Ал Трамптың көпжақты институттарға деген салқын көзқарасы мен жаһандық климат өзгерісіне немқұрайды ұстанымы оның беделіне кері әсер етуі мүмкін.
Соған қарамастан, Трамп бұл тақырыпты жиі қозғап келеді. Ол соңғы сөздерінің бірінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен:
«Барлығы мен Нобель бейбітшілік сыйлығын алуым керек дейді» – деп мәлімдеді.
Трамптың кандидатурасын бұған дейін АҚШ Конгресіндегі Республикалық партия өкілдері мен бірнеше еуропалық саясаткерлер де ұсынған. 2018 жылы оны Солтүстік Кореямен ядролық шиеленісті бәсеңдету әрекеттері үшін, ал 2021 жылы Таяу Шығыстағы бастамалары үшін номинациялаған.
Дегенмен, 2018 жылы Норвегия Нобель комитеті Трамптың атына берілген кей ұсыныстардың жалған болғанын анықтаған — біреу ұрланған жеке деректерді пайдаланып, президентті екі рет номинациялаған екен.
Айта кетсек, Нобель сыйлығына кандидаттарды мемлекет басшылары, ұлттық деңгейдегі саясаткерлер, университет профессорлары, сыртқы саясат институттарының жетекшілері мен бұрынғы лауреаттар ұсына алады.
Қазір Трамп Ослоның назарын аудару үшін бұрынғыдан да белсенді әрекет етуде. 10 қазанда жарияланатын Нобель бейбітшілік сыйлығының иегерін асыға күтіп жүрген ол, өз айтуынша, әлемдегі ең күрделі қақтығыстардың бірі саналатын жағдайды шешуге бағытталған «Газадағы бейбітшілік жөніндегі 20 тармақты жоспарын» таныстырды.
Президенттің сөзіне сенсек, бұл бастама тек қана Таяу Шығыста бейбітшілік орнатуға емес, сонымен қатар оған саяси мансабының ең мәртебелі марапаты саналатын Нобель сыйлығын әперуге де жол ашпақ.
Abai.kz