Бейсенбі, 9 Қазан 2025
Билік 1746 0 пікір 8 Қазан, 2025 сағат 21:14

Талдықорғанның дамуы: Бейбіт Исабаев қаладағы құрылыс нысандарын аралады

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жұмыс сапары барысында Талдықорған қаласындағы бірнеше құрылыс нысандарын аралады. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының сапасын тексеріп, қала әкімі мен мердігер ұйымдарға бірқатар тапсырмалар берді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ең алдымен облыс әкімі 2006 жылы орнатылған қазақтың үш тұлғасы – Ескелді би, Балпық би және Қаблиса жырауға арналған «Үш ата» монументін және оның айналасын абаттандыру жұмысын тексерді. Жөндеу жұмыстарының сапасына көңілі толмаған облыс басшысы мердігер ұйым «Qyran qurylysshy» ЖШС жұмысына сын жасады. Атап айтқанда, плитка төсеу, тротуар мен баспалдақ салу кезінде кемшіліктер анықталды. Мердігер компания директорының орынбасары Аслан Бекенов барлық ескертулер уақытында түзетіліп, нысан белгіленген мерзімде тапсырылатынын айтты.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Келесі нысан – «Жетісу» шағын ауданы. Мұнда көпқабатты үйлердің аулаларын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Балалар алаңдарының құрылғылары орнатылып, асфальт төселіп жатыр. Жалпы биыл Талдықорғанда 59 аула абаттандырылады, оның ішінде 11 – «Жетісу» шағын ауданында, 18 –«Жұлдыз» шағын ауданында. Сонымен қатар, 39 шатыры жөнделіп, 20 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері жаңартылады, ал болашақта «Ғарышкер» мен «Мүшелтой» шағын аудандарында да осындай жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Еске салсақ, облыс әкімінің тапсырмасымен өткен жылдан бері ескі көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары қолға алынған болатын. Алғашқы болып «Ұлан» шағын ауданындағы үйлердің ауласында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар тарапынан оң бағасын алды. Қазіргі кезде бұл шағын аудандағы үйлердің қасбеттерін, шатырлары мен витраж жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Мұнан соң облыс әкімі «Құлагер» шағын ауданындағы жаңа саябаққа барды. Қала күніне орай пайдалануға берілген саябақ қазірдің өзінде тұрғындарының сүйікті орнына айналған. Облыс әкімі бұл нысандағы құрылыс пен абаттандыру жұмыстарын жоғары бағалады. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен көгалдандыру жоспарлануда.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Қала әкімі Ернат Бәзілдің айтуынша, «Құлагер» шағын ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 500 пәтерге арналған үйлер салынып, сондай-ақ инвестор есебінен мектеп пен балабақша салу жоспарлануда.

Өңір басшысы тұрғын үй құрылысына да назар аударды. Жаңа салынған үйлерді қарап шыққан соң, Бейбіт Исабаев мердігер ұйым өкілдеріне сапаға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

«Жастар-3» шағын ауданында бір мезгілде ондаған коттедж салынып жатыр. Бұл үйлер бірнеше ұйымдармен салынып, кейін мемлекет тарапынан тұрғын үй кезегінде тұрғандарға сатып алынады. Егер былтыр 56 үй сатып алынған болса, биыл тағы 220 үй алу жоспарлануда, ал жалпы бұл ауданда 780-нен астам коттедж бой көтермек. Сонымен қатар бұл шағын аудан да кезең-кезеңімен абаттандырылып, әлеуметтік нысандар салынбақ, қазіргі уақытта жол төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Жақында салынған коттедждердің бірін аралап шыққан Бейбіт Исабаев жоспарлау мен құрылыс сапасының жоғары деңгейде екеніне көз жеткізді.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Сонымен қатар, облыс әкімі ұзындығы 2,3 км болатын Қабанбай батыр көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі уақытта жұмыс Рүстембеков көшесінің қиылысында жүргізілуде. Айта кетейік, бұл учаскеде 30-ға жуық жұмысшы мен 13 техника тартылған, нысан қазан айының соңына дейін аяқталмақ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 748
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9713