Бейсенбі, 16 Шілде 2026
Білгенге маржан 165 0 пікір 16 Шілде, 2026 сағат 13:14

Қожа Ахмет Ясауи

Сурет: Әзірет Сұлтан сайтынан алынды

Қожа Ахмет Ясауидің туған, қайтыс болған және жерленген орындары мәселесіне қысқаша тарихи-деректік шолу

Қожа Ахмет Ясауи – түркі-мұсылман әлемінің рухани тарихында айрықша орын алатын тұлға, сопылық ілімнің көрнекті өкілі әрі түркілік ислам мәдениетінің негізін қалаушылардың бірі. Оның өмір жолына қатысты мәселелер, әсіресе туған, қайтыс болған және жерленген орындары жөніндегі деректер ғылыми ортада кеңінен зерттеліп келеді.

Қожа Ахмет Ясауидің нақты туған жылы туралы ортағасырлық дереккөздерде бірізді мәліметтер сақталмаған. Зерттеушілердің басым бөлігі оның дүниеге келу уақытын XII ғасырдың басымен байланыстырады. Ғылыми әдебиеттерде шамамен 1103 жыл төңірегіндегі мерзім жиі аталады.

Құрбанқожа Сансызбай Нызанұлының «Йасауийтану» (2004) еңбегінде Ясауидің 63 жасынан кейін қылуетке түскені және шамамен 1166–1167 жылдары дүниеден өткені жөніндегі мәліметтер келтіріледі. Бұл мәселе «Диуани хикметте» кездесетін:

Жер үстінде өлмес бұрын тірі өлдім,
Алпыс үште сүннет деді естіп білдім.
Жер астында бар жаныммен құлдық қылдым,
Естіп оқып жерге кірді Құл Қожа Ахмет – деген жолдармен сабақтастырылады.

Кейбір хикмет нұсқаларында ақынның ұзақ ғұмыр кешкендігін меңзейтін шумақтар да ұшырасады. Осыған байланысты зерттеушілер арасында оның 120 жылдан астам өмір сүргендігі жөнінде пікірлер айтылғанымен, ғылыми әдебиеттерде Қожа Ахмет Ясауидің шамамен 1166–1167 жылдары дүниеден өткені туралы тұжырым кеңінен қабылданған.

Тарихи деректер бойынша Қожа Ахмет Ясауидің туған жері – көне Исфиджаб, қазіргі Сайрам өңірі. Ал оның рухани қызметінің негізгі орталығы ортағасырлық Ясы қаласы болды. Бүгінгі Түркістан қаласы осы тарихи Ясының жалғасы болып табылады.

TDV İslâm Ansiklopedisi мен UNESCO материалдарында Қожа Ахмет Ясауидің Ясыда өмірінің соңына дейін шәкірт тәрбиелеп, рухани қызмет атқарғаны және сол жерде дүниеден өткені көрсетіледі. XIV ғасырдың соңында Әмір Темір оның қабірінің үстіне әйгілі кесене салдырды. Бұл жағдай Ясауидің жерленген орны жөніндегі тарихи дәстүрдің ерте кезеңнен-Ясыақ орныққанын айғақтайды.

Осылайша, ғылыми және тарихи деректердің басым бөлігі Қожа Ахмет Ясауидің Сайрамда дүниеге келіп, өмірінің негізгі бөлігін Ясыда өткізіп, сол жерде қайтыс болып жерленгендігін растайды. Бұл деректер Түркістанның түркі-ислам өркениетіндегі орны мен Ясауи мұрасымен сабақтастығын айқындай түседі.

Зульфия Муминова,

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы Ясауитану ғылыми орталығының ғылыми қызметкері

Abai.kz

0 пікір