Футбол клубтарын сатып алуға ниетті кәсіпкерлер кім?

Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов отандық футбол клубтарын сатып алуға ниетті кәсіпкерлерді атады.
- Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясымен бірге облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тарта отырып, футбол клубтарын коммерцияландыру бойынша өңірлердегі және республикадағы әлеуетті инвесторлармен жұмыс жүргізуде. Осы жұмыстар аясында:
«Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ (Сергей Кан) «Қызыл-Жар» ФК сатып алу мүмкіндігін қарастыруда.
Freedom Finance (Тимур Турлов) «Шахтер» ФК үшін стадион мен футбол академиясын салуға қызығушылық танытуда.
Kaspi Group (Михаил Ломтадзе) «Жеңіс» ФК сатып алуды және Астанада футбол инфрақұрылымын салуды көздеп отыр.
Қызылордалық әлеуетті инвестор «TAU GROUP LTD» (Ислам Козбаков) «Қайсар» ФК сатып алуды жоспарлауда, - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-министр «Тараз» ФК, «Елімай» ФК және «Иртыш» ФК футбол клубтарына қызығушылық танытқан инвесторлармен кездесулер жүргізілгенін атап өтеді.
Айта кетейік, осы жылдың наурызында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың 4-отырысында Мемлекет басшысы футбол клубтары облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керектігін айтқан еді.
Осыдан кейін Туризм және спорт министрлігі отандық футбол клубтарын жекешелендіру бойынша кешенді жол картасы әзірледі.
Abai.kz