Әлібек Байбол. Ана

Бүгін Abai.kz ақпараттық порталы оқырмандарының талқысына белгілі жазушы Әлібек Байболдың балалар шығармашылығына арналған шағын әңгімелерінің топтамасын ұсынамыз.
АНА
Анасы тынымсыздау Арманды бесікке бөледі. «Әй-әй, бөпем, әй бөпем / Ән айтайын жан, бөпем!» – деп, бесік жырын айта бастағанда, Арман пысылдап, ұйықтап кетті. Айжамал ұйқы құшағындағы ұлына емірене ұзақ қарады. Дәл сол сәтте, Арманның ағасы – Асқар үйге ентіге еніп:
– Анашым, анашым! Асық ұтып алдым! – деп, уысындағы топ асықты көрсетті.
– Айналайын, ақылдым! – деп ана баласының маңдайынан иіскеп, бауырына басты. Балдырған шешесін қатты-қатты құшақтап, бетінен өпті:
– Таптым, «А-на-шым» сөзі А-дан басталады екен ғой, иә? – деді Асқар.
– Иә, дұрыс айтасың! Сенің атың да А-дан басталады ғой, Асқаржан! – деді анасы. Одан ары Асқаржан есіне түскен сөздерді асыға-аптыға айта жөнелді: – Арман, асық, Ай, ат, аспан... Анасы оны әрең тоқтатып:
– Жарайсың, балам! Асқар таудай азамат бол! – деп, арқасынан қақты.
АЙДАҺАР
– Әжетай, әжетай! Ертек айтып беріңізші!
– Ертеде бір айдаһар болыпты... – деп әжесі әңгімесін бастап кеп жіберді...
Кішкентай қыз аяқастынан айдаһардың ауырып қалғанын естиді. Хал-жайын сұрауға барады.
– Кімсің-ей? – дейді ол ыңыранып.
– Ай жүзді Айгүлмін!
– Ақымақ, қазір сені қылғыта салам ғой, – деді айдаһар көңілсіздеу. Айгүл оған ем-дом жасап, көңілін көтеру үшін домбыра шертіп берді.
– Қандай тілегің бар? Айта ғой!
– Екеуміз дос болайық. Адамдарға тиіспеші, – деді қыз өтініп.
– Өнеріңе, адамгершілігіңе бас идім. Келістік!
Содан бері айдаһар адамдардан алыстау жүрді.
АСЫҚ
Жазғы демалыс. Шілде айы. Аптап. Айдын, Бекбол, Ермек аулада асық ойнап жүр. Әбден терлеген Айдын бес асық ұтты. Бекбол мерген екен. Жетіге жеткізді. Еріншектеу Ермектің жолы болмады. Екеуін ғана еншіледі. Ермек соған ренжіп, үйіне кетіп бара жатқанда, Айдын:
– Ойын ғой, ренжіме! – деп, бүкіл асығын сыйлай салды.
– Асықты асықпай ойна. Бұл дәлдікті қажет етеді, Ермек. Ерінбе, – деді Бекбол.
Келесіде Ермек бүкіл баланы еш қиналмастан ұтып кетті. Екі дос қуанып, оны ұтысымен құттықтады.
ДОМБЫРА
Дархан мен Дастан – достар. Дарынды Дархан домбыра үйірмесіне қатысады.
– Маған да үйретші! – деді Дастан.
Екеуі дайындалып, Құрманғазының «Балбырауын» деген күйін үйренді. Көрші тұратын кішкентай Дариға да екі бала секілді домбыраға құмартады. Дина Нұрпейісовадай күйші болғысы келеді.
КӨКТЕМ
Қыста шынашақтай Шынар тұмауратып, далаға да шыққан жоқ. Терезеге телмірумен болды. Төрт мезгіл бар: жаз, күз, қыс, көктем. Шынарға көктем ұнайды. Соны сағына күтеді. Қар еріп, жер бусанып, күн көзі көріне бастағанда-ақ ерекше қуанады. Көңілденеді. Жасыл кілемдей жайқалған жазыққа қарап жадырайды. Қырға шығып, бәйшешек тереді. Сай-саймен сылдырап аққан суды қызықтайды. Қатты шабыттанғанда, сурет салатын өнері бар. Көктем – жер-дүние көктейтін шақ. Шынар жиған гүлдері мен суретін шешесіне сыйлап:
– Анашым, көктемдей көңілді жүріңізші, – деді.
Әлібек Байбол
Abai.kz