Сәрсенбі, 22 Қазан 2025
Жаңалықтар 192 0 пікір 22 Қазан, 2025 сағат 13:57

Депутаттар өңірлерді дамытуға тағы 30 млрд теңге бөлуді ұсынды

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков 2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы қосымша баяндама жасап, бұл жаңа Бюджет кодексінің нормаларына сай жасалған алғашқы құжат екенін атап өтті. Оның басты ерекшілігі – Ұлттық қордан мақсатты трансферттердің қарастырылмауында.

Мәжіліс депутаттары құжатты талқылау барысында жалпы сомасы 2 трлн теңгеден асатын 130-дан астам түзету ұсынған. Олардың бір бөлігі шығыстарды нақтылауға, қалғаны инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға қосымша қаржы бөлуге бағытталған.

Сонымен қатар Ұласбек Сәдібеков депутаттар 2026 жылы Үкімет резерві есебінен өңірлерді дамытуға қосымша 30 млрд теңге бөлуді ұсынғанын айтты.

Біз депутат Ұласбек Сәдібековтің аталған баяндамасын портал оқырмандарыға ұсынғанды жөн көрдік.

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Ерлан Жақанұлы!

Құрметті депутаттар мен шақырылғандар!

Үкімет ұсынған 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы – жаңа Бюджет ережесіне сай жасалған алғашқы құжат. Бұл ереже бойынша мемлекеттік шығындар ел экономикасының өсу қарқыны мен инфляция деңгейінен артық болмауы керек.

Мақсат – қаржының тұрақтылығын сақтау.

Биылғы ерекшелік – бюджет жобасында Ұлттық қордан мақсатты трансферттер қарастырылмаған. Мұндай нәтижеге салық және бюджет жүйесіндегі реформалар арқасында қол жеткізілді. Соның нәтижесінде республикалық бюджеттің өзіндік кірістері артты.

Бұл қосымша табыстар қарызды өтеуге, әлеуметтік төлемдер мен резервтер қалыптастыруға жұмсалады.

Бюджет шығыстарының шамамен 80 пайызы әлеуметтік сала мен жалпы мемлекеттік шығындарға тиесілі. Оның ішінде әлеуметтік бағыттағы шығындар – 38%, ал мемлекеттік басқаруға кететін қаражат – 42%. Яғни, қазіргі таңда мемлекеттік шығыстар көлемі әлеуметтік саладан да асып отыр.

Бюджет кірісі мен шығысы теңестірілген, бірақ мұндай тепе-теңдік көбіне даму жобаларына қаралған қаржыны қысқарту арқылы жасалды. Даму бюджеті тек бұрын басталған жобаларды аяқтауға бағытталып отыр. Ал маңызды емес және елдік деңгейге жатпайтын кейбір инвестициялық жобалар республикалық бюджеттен алынып тасталды.

Алайда стратегиялық және жалпыұлттық жобаларды анықтау және оларды өңірлермен келісу жұмыстары әлі де аяқталған жоқ. Сондықтан мұндай жобаларға қажетті қаржы республикалық та, жергілікті бюджеттерде де қарастырылмаған.

Құрметті әріптестер!

Бюджетпен бірге ұсынылған құжаттардың сапасы әлі де көңіл көншітпейді. Көп жағдайда мақсаттар мен көрсеткіштер нақты шығыстармен байланыспайды, өлшенбейді және қоғамға оң әсер етпейді. Даму жоспарлары да көбіне формалды түрде дайындалған.

Шығыстарды шолу тек негізгі баптармен шектеліп, басымдықтар мен тиімділікке нақты баға берілмеген. Яғни, жаңа форматтағы бюджет дайындалғанымен, бұрынғы тәсілдер әлі де сақталып отыр.

Парламентке алғаш рет ұсынылған мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі Ұлттық есеп те осыны дәлелдейді. Онда активтерді басқару тиімділігінің төмендігі, артық міндеттемелер мен мемлекеттік үлес табыстылығының аздығы атап өтілген.

Сонымен қатар, мемлекеттік компаниялардан түсетін дивиденд көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есе азайған. Бұл бюджеттің кіріс әлеуетін төмендетіп, квазимемлекеттік сектор саясатын қайта қарауды қажет етеді. 

Құрметті әріптестер!

Жұмыс тобы 12 отырыс өткізіп, 27 бюджеттік бағдарлама әкімшісінің және квазимемлекеттік сектор өкілдерінің есептерін тыңдады. Депутаттар жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асатын 130-дан астам түзету ұсынды. Оның бір бөлігі шығыстарды нақтылауға, қалғаны инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға қосымша қаржы бөлуге бағытталды.

Сондай-ақ, заң жобасын қарау барысында депутаттар 2026 жылы Үкімет резерві есебінен өңірлерді дамытуға қосымша 30 млрд теңге бөлуді ұсынды. Аталған қосымша қаражат жылу және электр энергетикасын, газбен және сумен жабдықтауды дамытуға, жағалауды нығайту жұмыстарына және басқа да бағыттарға қаралып отыр.

Сонымен қатар, ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында заң жобасына 1 триллион теңгені қайта бөлу жөнінде түзетулер енгізілді. Бұл қаражат бастапқыда Қаржы министрлігінің «Жаңа бастамаларға арналған шығыстары» аясында қарастырылған болатын. Енді ол бюджет қаражатын игеретін мемлекеттік органдар арасында бөлінді.

Бөлінген қаражат отандық өндірісті дамытуға, өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдауға, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығын техникалық жағынан жаңғырту арқылы еңбек өнімділігін арттыруға бағытталады.

Барлық ұсыныстар мен келісілген түзетулер салыстырмалы кестеде көрсетілген.

Құрметті депутаттар!

Қорыта айтқанда, республикалық бюджет Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған мақсаттарға сай дайындалған. Ол әлеуметтік саланы қолдауға басымдық беріп, елдің тұрақты дамуына жағдай жасайды.

Мәжілістің барлық тұрақты комитеттері өз қорытындыларын ұсынды.

Осыған байланысты Қаржы және бюджет комитеті «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қабылдауды ұсынады.

Ұласбек Сәдібеков

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1049
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10418