Дені сау ұлт - жарқын болашақ кепілі!
 
                                әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өз қызметінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыруға ерекше назар аударады.
Университет қабырғасында студенттер мен оқытушылардың белсенді қатысуымен түрлі пікірталастар, семинарлар мен ашық талқылаулар өткізіліп, бұл бастамалар еліміздің тұрақты әрі әділ даму жолындағы маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Осындай шаралардың бірі-ТДМ 3 мақсаты «Салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және барлық жастағы адамдардың әл-ауқатын жақсарту» тақырыбында ұйымдастырылған пікірталас болды. Әлемдік қауымдастық бұл мақсат арқылы әрбір адам үшін тең жағдай жасауға, денсаулық сақтау саласында әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және барлық тұрғындарға медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ұмтылады.
Пікірталас барысында студенттер денсаулық сақтау жүйесіндегі теңдік мәселелерін, азаматтардың медициналық қызметке қолжетімділігі мен денсаулыққа қатысты құқықтарын қорғау жолдарын қарастырды. Бұл кездесудің мақсаты-студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, олардың қоғамдағы өз орнын сезінуіне және жаһандық мақсаттармен үйлескен көзқарас қалыптастыруына ықпал ету болды. Пікірталасқа қатысушылар денсаулық сақтау саласында теңдікті қамтамасыз ету үшін бірқатар ұсыныстар айтты. Олардың бірі мемлекеттік және жеке сектор арасындағы серіктестікті нығайтудың маңыздылығына тоқталса, енді біреулері инновациялық технологиялар мен цифрлық шешімдердің қолжетімді медициналық қызмет көрсету ісіндегі рөлін атап өтті.
Студенттер сондай-ақ университет деңгейінде жүзеге асырылып жатқан денсаулық сақтау және салауатты өмір салтын насихаттау шаралары туралы да сөз қозғады. Университетте студенттер мен қызметкерлердің денсаулығын сақтау мақсатында спорттық іс-шаралар, медициналық тексерулер, психологиялық көмек көрсету қызметтері жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Қара шаңырақ ҚазҰУ денсаулық сақтау саласында да теңдік пен әділеттілік қағидаттарын берік ұстанады. Университет қабырғасында денсаулық сақтау тақырыбындағы семинарлар мен форумдар өткізіліп, жастар арасында салауатты өмір салты белсенді насихатталуда. Заң факультетінің студенттері өткізген бұл пікірталас олардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, болашақ заңгерлердің денсаулық сақтау саласындағы құқықтық мәселелерге деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті.
Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру әрбір азаматтың, әсіресе жастардың белсенді қатысуына байланысты. ҚазҰУ студенттері осы жауапкершілікті терең түсініп, денсаулық сақтау саласындағы теңдік пен әділеттілікті қамтамасыз ету жолында өз үлестерін қосып келеді. Денсаулық сақтау жүйесін нығайту, экологиялық мәселелерді шешу, жастарды салауатты өмір салтына баулу, дұрыс тамақтану мен физикалық белсенділікті арттыру арқылы дені сау ұрпақ тәрбиелеуге болады. Мемлекет пен қоғам бірігіп, бұл міндеттерді орындаса, еліміздің болашағы жарқын болады. Сондықтан әрбір азаматтың денсаулығын сақтау, оған қамқорлық жасау, салауатты өмір салтын қалыптастыру-мемлекеттің табысты дамуының негізгі кепілі.
Сулейменова С.Ж.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасының оқытушысы, заң ғылымдарының докторы, профессор
Abai.kz
 
                                                                                                 