Семейде интеллектуалдық квиз-сайысы өтті
Семей қаласындағы «Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінде» «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалы және аталған музей ұжымының ұйымдастыруымен «25 – қазан Республика күніне» арналған интеллектуалдық квиз-сайысы өткізілді.
Іс-шара мақсаты – жастардың ел тарихы мен мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыру, отансүйгіштік сезімін қалыптастыру және интеллектуалдық ой-өрісін дамыту болып табылады. Сайысқа, алдын ала іріктеуден өткен Абай облысының білім ордаларының студенттерінен құралған командалар қатысып, әр турда Қазақстанның тарихы, мәдениеті, дәстүрі мен Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерге қатысты сұрақтарға жауап берді. Жалпы, Квиз 5 кезеңнен тұрды.
Қатысушылар сайыс барысында, тапқырлық, ұйымшылдық және білім деңгейін жоғары көрсетті. Әсіресе, жастардың Тәуелсіздік тақырыбына деген қызығушылығы мен ізденісі ерекше байқалды. Осы шараның әділқазылар алқа – мүшелігінде Облыстық «Семей таңы» газетінің тілшісі Қайса Гүлім Заманбекқызы, ақын, «Абай музейінің» ғылыми қызметкері Ділнәз Ғалымбек, «Ф.М.Достоевский музейінің» ғылыми қызметкері Дюсембаева Роза Мансуровна болды. Квиз-сайыстың тізгінін өңірлік филиал өкілі Е.Омарғалиев пен Сарсембекова Сана Амантаевна қолға алып, тағылымды жүргізді. Ал ұйымдастырушылық жұмыстарына белсенділік танытқан өңірлік партия өкілі Б.Ерсаина және әдеби музей қызметкерлері. Сайыстың сахналық көркін кіргізер ара-тұра концерттік нөмір ұсынылып: «Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның» Дәстүрлі әншісі Абылкасымова Айнур Бейбитхановна ғибратты мазмұндағы әсем ән-терме сазын қоңыр үнді домбырада әуелете орындап, көпшілікті өз өнерімен тамсантты.
Шара соңында, үздік нәтижеге жеткен 3 команда жеңімпаз атанып, І, ІІ, ІІІ орындарды өзара бөлісіп, арнайы дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды. Барлық қатысушылар мен ұйымдастырушылар жиылып естелік фотосуретке түсіп, мерекелік тамаша көңіл-күймен тәмамдалды. Қазақ Елінің жарқын болашағы мен рухани жаңғыруы жолында білім мен мәдениеттің маңызы қашанда ерекше!
«Республика күні» құтты болсын!
«Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының баспасөз қызметі.
Abai.kz