Сейсенбі, 18 Қараша 2025
Деп жатыр 205 0 пікір 18 Қараша, 2025 сағат 12:44

Израиль мен Иран тағы соғыса ма?

Сурет: podrobno.uz сайтынан алынды.

2025 жылдың 13 маусымында Таяу Шығыста ондаған жыл бойы бұғып жатқан күрделі шиеленіс бір-ақ сәтте жарылды. Израиль Иранның ядролық нысандарына, әскери базалары мен командалық құрамына күтпеген соққы жасап, аймақтағы стратегиялық тепе-теңдікті түбірімен шайқады. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды. 

ИРАН МЕН ИЗРАИЛЬ СОҒЫСЫ ҚАЛАЙ ӨРБІДІ?

Операция «Арыстан текті халық» деп аталды және Тель-Авив оны «Тегерандағы ядролық қатердің өсуіне берілген алдын ала жауап» деп түсіндірді. Соққы салдарынан Ислам революциясы Сақшылар корпусының жоғары басшылығынан бастап, Иран Қарулы Күштері Бас штабының жетекшілеріне дейін ондаған адам мерт болды, Натанздағы ядролық кешен жарылды.

Израиль бұл қадамды бірнеше ай бойы жоспарлап келіп, іске асырды. Аталған операцияның басты мақсаты — Иранның атомдық бағдарламасын жою ғана емес, оның әскери элитасын бассыз қалдыру.

Иран бірден «қанға қан» ұранын көтеріп, Израильге жүздеген зымыран мен дрон жіберді. Бірнеше сағат ішінде Тель-Авив пен Хайфа аспанында зымырандар қаптады. Хайфа мұнай өңдеу зауытына соққы тиді.

Екі ел бір мезетте әуе кеңістіктерін жапты, ал әлем ядролық нысандарға жасалған соққының салдарын қорқынышпен бақылап отырды.

14 маусымға қараған түні қақтығыс одан әрі өршіді. Иран 150-ден 180-ге дейін баллистикалық зымыран ұшырып, «Араш» типті дрондармен қоса Израильдің әскери және индустриялық объектілерін нысанаға алды.

Израиль тағы да жауап қайтарды — бұл жолы Тебриз, Хамдам және Исфахан маңындағы әскери инфрақұрылым атылды. Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Тегеранға ашық ескерту жасады: «Егер шабуыл тоқтамаса, Тегеран толық отқа оранады өртенеді». Бұл сөздер енді қақтығыстың ауқымы аймақтық соғысқа айналу қаупін айқын көрсетті.

15 маусымда жағдай одан да күрделене түсті. Иран алғаш рет гипердыбысты зымыран қолданғаны туралы ақпарат тарады. Бұған Израиль дереу жауап қатты. Иранның энергетикалық инфрақұрылымы, әскери қоймалары, ядролық жобамен байланысты объектілері зардап шекті. Сол түні Израильде әйелдер мен балаларды қоса алғанда сегіз адам қаза тауып, жүздеген адам жараланды. Тегеран мен Кереджде де шығындар мол болды.

Йемендегі хуситтер бұл қақтығысқа қосылып, Израильге өз ракеталарын атқылай бастады, ал АҚШ Израильді қорғау мақсатында Иранның үш ядролық нысанын бомбалап, соғысқа тікелей кірді.

Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи: «Иранға қарсы агрессия тоқтамайынша, Иран да тоқтамайды», - деп мәлімдеп, ядролық қаруға талпынбайтынын тағы айтты. Бірақ сөз бен іс арасындағы алшақтық күшейді. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху да шегінген жоқ: «Иранға қатысты мақсат толық орындалмайынша, операция тоқтатылмайды», - деді. Таяу Шығыста ең қатерлі сәттер дәл осы екі ұстаным түйіскен жерде басталды.

16 маусымда Иран президенті Пезешкиан ядролық қару жасамайтынын айтты, бірақ: «Ядролық өндіріс құқығын ешкім тартып ала алмайды» деп мәлімдеп, Иранның ядролық әлеуетін шектеуге бағытталған кез келген ұсынысты қабылдамайтынын тұспалдады.

ТАЯУ ШЫҒЫСТА ТАҒЫ БІР ОТ ТҰТАНУЫ МҮМКІН...

Қазіргі жағдай аса ауыр. Екі ел де әскери және азаматтық бағытта үлкен шығынға ұшырады. Инфрақұрылым қирады, соғыс географиясы кеңейіп барады. Әлем үздіксіз үрей үстінде: кез келген түн жаңа шабуылға айналуы мүмкін. Ең қорқыныштысы — бұл қақтығыс тек Таяу Шығыстың емес, жаһанның тағдырына әсер ететін ядролық деңгейге жақындай түсті.

«The New York Times» сарапшылары Иранда 11 ядролық бомба жасауға жететін байытылған уран қоры болуы мүмкін екенін айтады. Оның бір бөлігі жер астында қалды ма, әлде құпия нысандарға әкетілді ме — белгісіз.

Басылым дерегінше: Иран жаңа жерде уран байытуды жалғастырып жатыр. Ал келесі соғыс жағдайында Тегеран 2000-нан астам ракетаны бірден атуға дайындалып отырғаны хабарланды.

Израиль де қарап отырған жоқ — ол келесі соғыста Иранның әскери объектілерін ғана емес, саяси элитасын нысанаға алуы мүмкін.

Соғыс әлі аяқталған жоқ. Екі тарап та шегінуге дайын емес. Таяу Шығыс бұрын-соңды болмаған қауіпті кезеңге аяқ басты. Ядролық қақтығыс қаупі қайта ушықты.  Қазір тек бір сұрақ ашық қалып отыр: келесі соққыны қашан және кім жасайды?

Abai.kz

0 пікір